Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков Қ.Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесуі туралы» Жарлығы аясында «Бірлік» секторының тұрғындарымен жыл басынан бері 3 рет кездесу өткізген болатын. Сонда барлығы 93 мәселе көтеріліп, бүгінгі таңда оның 46-сы орындалды. Көтерілген мәселелердің 12-сі инфрақұрылымға, 25-і жол құрылысына, 4-еуі қоғамдық көлік қатынасына, 3-еуі электр жарығы мен 2-еуі әлеуметтік салаға байланысты болды.
Дәл қазір аталмыш секторда кездесулерде көтерілген 9 мәселеге қатысты тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мұнан бөлек тұрғындарға 14 мәселенің заңдылығы түсіндірілді. Айта кетейік, қала әкімінің тұрғындармен кездесуінде электр қуатының төмендігіне байланысты 6 шағым түскен болатын. Нәтижесінде Арнасайға - 3 дана, Ару ана аймағына 1 дана, 8-көшеге 1 дана трансформатор орнатылды.
«Бірлік» секторында жаңадан қоныстанған аумақтарға ауыз су жүргізу мақсатында жаңа жоба іске асырылуда.
Түркістан қаласын аумағындағы "Бірлік" секторында 167,3 шқ. құрайтын 164 көше бар. Оның 17-сі асфальт жол, 130-ы тас жол, 17-сі топырақ жол. Биыл 16,5 шақырымды құрайтын 26 көшеге тас төселді. Сонымен қатар 16,7 шақырымды құрайтын 11 көшеге жаяу жүргіншілерге арналған жол төселді.
Алдағы уақытта 3,4 шақырымды құрайтын 3 көшені орташа жөндеуден өткізу көзделуде. Оған қоса , "Бірлік" тұрғын алабына қарасты қоғамдық көлік қатынайтын көшелерге 8 дана аялдама орнату жоспарлануда.
Түркістан қаласы аумағындағы «Шауғар» секторында 177 көше бар. Оның 67-сі асфальт жол, 91-і тас жол, 19-ы топырақ жол. Биыл 30,8 шақырымды құрайтын 30 көшеге тас төселді. Сонымен қатар, 20,5 шақырымды құрайтын 19 көшеге жаяу жүргіншілерге арналған жол төселді. Одан бөлек аталмыш сектор аумағында 20 аялдама орнатылды және 2 бағдаршам жаңартылды.
Алдағы уақытта темір жол аумағында жаяу жүргіншілер үшін 2023 жылы көпір құрылысын бастау жоспарлануда. Қалаби көшесінің құрылысын 2023-2024 жылдары іске асыру көзделуде.
"Шауғар" секторында 3 нысанның құрылысы аяқталып, 5 мыңға жуық адам сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілді. Одан басқа, 1 нысанның құрылысы жүргізілуде. Жалпы жыл басынан бүгінге дейін «Шауғар» секторында 4 трансформатор орнатылған.
Аталған сектор тұрғындары М.Мақатаев, Серт, Тұңғыш Президент, Әлімтау, Бөкейхан, Сүлейменов, Аубакиров, Асфендияров, Асанов және Нарбаев 3-ші мен 4-ші тұйықтарында ауыз судың жоқтығын айтып шағымданған болатын. Бүгінгі таңда аталған көшелерде бұл мәселе толығымен шешімін тапты.
Жалпы жыл басынан бері секторда қала әкімінің тұрғындармен өткізген 3 кездесуі барысында 93 мәселе көтерілген болатын. Қазір оның 46 орындалды. Шешімін тапқан мәселелердің 12-сі инфрақұрылым жүйелеріне, 25-і жол құрылысына, 4-еуі қоғамдық көлік қатынасына, 3-еуі электр жарығы және 2-еуі әлеуметтік салаға байланысты болған еді. «Шауғарда» мұнан бөлек 9 мәселе бойынша қазір тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ал, 14 мәселенің заңдылығы тұрғындарға түсіндірілді.
«Шауғарда» жол мен жарық мәселесі жиі көтеріледі. Қала әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы тұрғындарға барлық өзекті мәселенің бір деммен шешілуі мүмкін емес екенін түсіндіреді. Биыл бірқатар өтініштер орындалды, бірқатар өтініштер келесі жылғы жоспарға енгізілді.