Биыл халыққа арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев студенттік жатақханалардың мәселесін шешуге тоқталған болатын.
- Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек. Сондай-ақ, барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес деп санаймын. Сол себепті, мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы болуы шарт. Әрине, мұны оқу орындарынан біртіндеп талап еткен жөн.
Студенттердің жекелеген, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін пәтер жалдауға кететін шығынын субсидиялау мүмкіндігін де қарастыруға болады. Жоғары оқу орындары жанындағы эндаумент-қорлар білім берудің экожүйесін дамытудың негізгі буынына айналуға тиіс. Мақсатты капиталдың мұндай қорлары әлемдегі озық университеттерде ғылымды және инновацияны қаржыландырудың өзегі саналады,-деді президент.
Мамандардың айтуынша, бүгінде Түркістанда жатақхана тапшылығы сезілмейді. 30 жылдық тарихы бар Қ.А.Яссауи универсиететінде 3042 орынды 7 жатақхана бар. Қосымша 316 орындық 2 ғимарат иесімен келісімге келген. Қалғаны сонда тұрады. Басымдылық шетелден келгендерге, көп балалы отбасыдан шыққан балаларға, мүгедектігі бар 1-2 курс студенттеріне беріледі. Ақылы бөлімде оқитындар мен 4 курс студенттеріне жатақхана қаралмаған.
Сондай-ақ жуырда Түркістандағы кәсіпкерлер палатасының алаңында аймақ кәсіпкерлеріне мемлекеттік қолдау аясында жеке мектеп пен жатақхана салу жолдары түсіндірілді.
Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Қаржы орталығы» АҚ мамандарының қатысуымен өткен бұл шарада түркістандық кәсіпкерлер аса белсенді болды.
«Бүгінгі шараны өткізіп отырғандағы мақсатымыз Түркістан облысындағы кәсіпкерлерді білім саласындағы қолданыстағы инвестициялық бағдарламалармен таныстыру. Бұл бағдарлама 2018 жылы басталған болатын. «5 әлеуметтік бастама» аясында республика көлемінде кем дегенде 75 000 орындық жатақхана салу жоспарланған болатын. Осы орайда, жатақхана немесе жеке мектеп салуға ниетті кәсіпкерлерге бүгін түсіндіру үшін арнайы келіп отырмыз», - деді «Қаржы орталығы» АҚ Жобаларды ілгерілету департаментінің директоры Алпамыс Сатыбалдин.
«Бүгінде елімізде студенттер тұратын 63 мыңнан астам орын-жайдың салынуын қамтамасыз ету қажет. Бұл ірі қалалардан бастап облыстық маңызы бар қалаларға дейінгі еліміздің барлық өңірлеріне тән қажеттілік. Тетіктің тұжырымдамасы мемлекет пен жекеменшік сектордың әріптестігіне негізделген. Инвестор, оқу орны немесе кәсіпкер тұлғасындағы жекеменшік құрылыс салушы өз қаражаты есебінен объектіні іске қосуды жүзеге асырады. Объектіні іске қосу сәтті болған жағдайда мемлекет оған мақсатты мемлекеттік тапсырысты орналастырады», – дейді Алпамыс Айдарұлы.
Мемлекеттік тапсырысты орналастырудың басты шарты студенттің тұру фактісі болып табылады. Яғни, жан басына шаққандағы қаржыландыру принципі жұмыс істейді. Мемлекеттік тапсырыс ай сайынғы негізде 8 жыл мерзімге орналастырылады. Демалыс кезеңінде соңғы оқу айында тұрған студенттер саны ескеріледі. Бір студентке арналған мемлекеттік тапсырыстың жыл сайынғы мөлшері құрылыс салынған жағдайда 122 АЕК, реконструкция жасалған жағдайда 47 АЕК-ті құрайды.
Бұл ретте алғашқы 12 айда мемлекеттік тапсырыс екіге тең болып келетін түзету коэффициенті ескеріле отырып төленеді. Мысалы, нақты 100 адам тұратын болса, төлемдер 200 адамға жасалады. Бірақ жатақхананың жобалық қуатынан аспауы тиіс.
Мұнан өзге, кездесуге келген кәсіпкерлер бағдарламаға қатысты сауалдарын қойып, мамандар тарапынан тұщымды жауаптарын алды.