Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Тәуелсіздіктің 30 жылдығында жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында:
-«Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» дейді халқымыз. Кешегі өткен хандар мен қағандардың дәуірі ғана емес, соңғы отыз жылдағы жасампаздық жолымыз да бүгінде тарихқа айналып, күн сайын алыстап барады. Азаттық таңын өз көзімен көрген алдыңғы буын болмаса, кейінгі жастар өткен ғасырдың 90-жылдарындағы тарихи оқиғалардың тереңіне бойлап, мәнін жете түсіне бермейді. Тәуелсіздікке тағдырдың бере салған сыйы ретінде қарайды. Шын мәніндегі ахуал олай емес. Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз.
Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр. Жалпы, тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек,-деген болатын.
Түркістан қаласы бүгінде түркі әлемінің рухани астанасы, түркі әлемінің өткенін, терең тарихын танытатын қалаға айналып келеді. Шаһарда бірнеше рухани орталықтар салынды. Көптеген тарихи нысандар қалпына келтірілуде. Солардың бірі, Түркістанға келген турист міндетті түрде бас сұғатын нысан- Қылует жер асты мешіті.
Қылует жер асты мешіті ХІІ-ХV-ХІХ ғасырларға тән республикалық мәртебеге ие ескерткіш. XII ғасырда салынып XX ғасырдың бірінші жартысына дейін үздіксіз жұмыс істеп тұрған, жартылай жер астында орналасқан ортағасырлық діни құрылыстардың бірі. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстігінде 120 метр қашықтықта орналасқан.
Ғалымдардың айтуынша «қылует» сөзі арабша «халуатун» яғни жекелену, оңашалану деген мағынадан шығып, Жаратушыға дүниеден бөлек, оңаша отырып құлшылық жасайтын орын деген мағына береді. Мұнда негізінен ғұрыпты құлшылықтың біріне жататын «зікір» ғибадаты орындалатын болған. Қожа Ахмет Ясауи пайғамбар жасы 63-ке толғанда қылуетті арнайы салдырып, қалған өмірін осы жерде өткізгендігі зерттеушілердің еңбектерінде кездеседі. Сонымен қатар, мұнда көптеген шәкірттерін тәрбиелеп, «Диуани хикмет», «Мират-ул-қулуб», «Пақырнама» және т.б. көптеген еңбектерін жазып қалдырады. Жалпы саны 18 бөлмеден тұрады. Қазіргі қалпына келтірілген жер асты мешітінде үш есік бар. Құрылысты салу барысында діни әдет ғұрыптарды орындауға қажетті және адам өмір сүруі үшін барлық жағдай қарастырылған. Мұнда Жамағатхана, Мешіт, шаруашылық қызметіне арналған, ыстық су дайындайтын, жуынатын, дәрет алатын және асхана бөлмелері толық қарастырылған. Бұдан бөлек, мұнда Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың төрт метр жер астында орналасқан «Ғар» бөлмесі түпнұсқа күйінде сақталған. Бір адамға арналып салынған бұл бөлменің қабырғалары және күмбезі төрт бұрыштанып, күйдірілген кірпіштен қаланып «балхы» тәсілі бойынша жабылған. Қылуеттің ең үлкен бөлмесі болып Жамағатхана саналады және осы бөлмеде ғана терезе орнатылған. Сонымен қатар, Жамағатханада қылуеттің күмбезі орнатылған. Жер асты құрылысының төбесі ішкі жағынан ағаштан тұрғызылып, шатыры темірмен қапталған. Шатырын ұстап тұру үшін арнайы бағандар қойылған. Барлық бөлмелерде шам қоюға арналған ойықтар кездеседі. Биіктігі ішкі жағынан 4,8 метр, ұзындығы 20,9 метр, ені 14,7 метр, бағана биіктігі 3,8 метр, жалпы күмбезбен қоса есептегенде биіктігі 6,4 метр. Ұлы отан соғысы жылдары құрылыс бұзылып, кірпіштері май зауытын салуға жұмсалған. 1972-1973 жж. Т.Н.Сенигова, 1979 жылы Е.А.Смағұлов жүргізген археологиялық зертеу жұмыстары нәтижесінде ХV-ХVІғғ. тән «Қылуеттің» орны анықталып, сәулетші ғалым А.Л.Шмидтің 1942ж. жасаған макеті бойынша қайта қалпына келтірілді. Зерттеу және қалпына келтіру барысында қылуеттің құрылысы бірнеше кезеңнен тұратындығы анықталды. 1994 жылғы «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресінің» Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жинағына №590.11 санды нөмірімен енгізіліп мемлекет қарауына алынған.