Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр халыққа арнаған «ХАЛЫҚ БІРЛІГІ ЖӘНЕ ЖҮЙЕЛІ РЕФОРМАЛАР – ЕЛ ӨРКЕНДЕУІНІҢ БЕРІК НЕГІЗІ» атты Жолдауында:
- Стратегиялық мақсатымыз – Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлімізді күшейту және әлемдік экономикадағы орнымызды нығайту. Экономикамызға тікелей инвестиция тарту ісін жалғастырудың жаңа тәсілі ретінде Стратегиялық инвестициялық келісім ұғымы енгізілді. Квазимемлекеттік секторды оңтайландыру үшін нақты шараларды қолға алдық. «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерін біріктірдік. Еншілес компаниялар екі есе азайды, олардың штат санын бір жарым есе қысқарттық. Жаңа, қуатты даму институтын құрдық,деп атап өтті.
Президент сондай-ақ, экономиканы әлемдегі озық компаниялардың тәжірибесімен дамытуды тапсырды.
Қазіргі таңда кез-келген мемлекеттің өндірістік дамуын қамтамасыз етіп, экономикасын алға сүйрейтін негізгі күш – индустриалдық аймақтар екені талас тудырмайды. Әлемнің дамыған елдері осы жолмен жүріп өтсе, қазір дамушыл елдер де индустриалдық аймақтарды дамытуға айрықша мән беріп отыр.
Ең алғашқы индустриалдық парктер Батыс Еуропа мен Америка құрама штаттарында 19-шы ғасырдың аяғында пайда болды. Ұлыбританияның Манчестер қаласына жақын маңда 1896 жылы, ал АҚШ-тың Чикаго қаласында 1907 жылы индустриалдық парктер ашыды. Азиядағы тұңғыш индустриалдық аймақ Сингапурде 1951 жылы құрылды. Қазіргі таңда әлемде 15 мыңнан астам индустриалдық аймақ бар, әрі олардың саны тұрақты түрде өсіп келеді.
Еуропа мен Американың 100 жылдай бұрын, Азия елдерінің 30-50 жыл бұрынғы үдемелі экономикалық өсімінің негізгі факторына айналған индустриалдық аймақтар соңғы жиырма жылдықта әсіресе Түркия мен Шығыс Еуропа елдерінде кеңінен өріс алды.
Индустриалдық аймақтар Түркияға тікелей шетелдік инвестицияларды тартудағы маңызды құралдардың біріне айналды. Соңғы ширек ғасырда Түркияға тартылған шетелдік инвестициялардың 80 пайызы нақ осы индустриалдық аймақтарға құйылған екен. Осы мерзім ішінде елдің Ішкі жалпы өнімі мен экспорты үш есе өскен. Қазақстан да осы жолды таңдады.
Әлемнің үздік тәжірибесін енгізуге еліміз ерекше мән беріп отыр. Республиканың барлық дерлік өңірлерінде индустриалдық аймақтар ашыла бастады. Елабасының пәрменімен үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы қабылданды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында инвестицияларды тарту бағытындағы жүйелі жұмыс өз нәтижесін бере бастады.
««Turkistan»» индустриалдық аймағын дамытуда әлемнің ең үздік тәжірибесін енгізуге басымдық беріліп отыр. Олай дейтініміз, қаланың индустриалдық аймағының жұмысын дұрыс жолға қойып, инвесторлар үшін тартымдылығын арттыруда Түркия мен Ресейдің жетістіктерін қолдану
Түркияның индустриалдық аймақтарды дамытуда үлкен тәжірибесі бар. Әсіресе Анкара мен Бурса қалаларындағы индустриалдық парктердің қнімділігі өте жоғары. Ең алғашқы индустриалдық аймақ 1962 жылы құрылса, қазір елімізде осындай 330 өндірістік аймақ бар. Онда 2 милионннан астам адам жұмыс істейді. Жылына 60 миллиард евроның өнімі өндіріледі. Біз осы үздік тәжірибені Түркістанда жүзеге асырғымыз келеді.
Табысты индустриалдық аймақ болуы үшін бірқатар критерийлер орындалуы тиіс. Ең бастысы – қары құйып, жаңа кәсіпорын ашуға ниеттенген резидент неғұрлым шығын аз жұмсалатын жер мен үлкен нарықты іздейді. Өзіндік құны төмен тауар шығарып, оның сатылуына жағдай жасалған индустриалдық аймаққа инвесторлар молынан тартылады.
Кез-келген инвестор табыс табу үшін жұмыс істейді. Сондықтан, ол үшін ең маңыздысы – өнімін шығаратын нарықтың болуы және шығындардың аздығы. Әдетте жаңа кәсіпорын салынатын кезде инженерлік инфрақұрылымға айтарлықтай шығындалуға мәжбүр болады. Инженерлік инфрақұрылым, электр энергиясы, газ бен су – мұның барлығы шығын. Индустриалдық аймаққа келген резиденттер бұл мәселеге бас қатырмайды. Барлығы дайын. Инженерлік жүйеге қосылу өте арзанға түседі. Яғни, бұл резидент үшін өте тиімді.
Инвесторлар басқа да факторларға қарайды. Өндіріс орны елді мекенге жақын орналасуы тиіс. Бұл жұмыс күші мәселесін шешуде маңызды. Бұдан бөлек, салықтық және басқа да жеңілдіктердің қарастырылғаны жөн. Бұл тұрғыдан алғанда Түркістан индустриалдық аймағының артықшылықтары мол.
Индустриалдық аймақты дамыту бойынша үздік шетелдік тәжірибе негізге алына отырып мастер жоспар әзірленді. Бұл кешенді жұмыс аясында аумақты функционалдық тұрғыда аймақтандыру жүргізілді. Яғни, металл өңдеу, химия өнеркәсібі, тамақ өнеркәсібі бағытындағы кәсіпорындардың бөлек секторларда орналасуы ойластырылды. Әрине, уақыт өте келе нарықтағы сұранысқа орай жоспарға өзгеріс енуі мүмкін. Мастер жоспарды әзірлеу барысында бұл мәселе де ескерілді. Бір сөзбен айтқанда, Түркістан индустриалдық аймағында кез-келген саладағы өндіріс орындарын дамытуға толық мүмкіндік бар.
««Turkistan»» индустриалдық аймағын дамыту стратегиясы айқындалды. Мұндағы жобалар негізінен бес бағытта жүзеге асырылатын болады.
Бірінші бағыт - Машина жасау. Болашақта Түркістан индустриалдық аймағында машина жасау саласында сұранысы жоғары өнім түрлері шығарылатын болады.
Екінші бағыт - Электр энергиясын шығаратын құрал-жабдықтар өндіру. Энергия шығарушы құралдарға деген сұраныс әрдайым жоғары болатындықтан, индустриалдық аймақтағы басымдыққа ие бағыттардың біріне айналмақ.
Үшінші бағыт - Химия өнеркәсібі. Әлеуеті мол саланың қала экономикасына берері мол. Болашақта осы бағытта көптеген жаңа жобалар жүзеге асырылмақ.
Төртінші бағыт - Өңдеу өнеркәсібі. Өзіндік құны жоғары тауарларды шығару – табысты экономиканың басты негіздерінің бірі. Бұл салада елімізде еңбек өнімділігінің айтарлықтай өсімі байқалатындықтан, болашағы жарқын салалардың бірі ретінде таңдалып отыр.
Бесінші бағыт - Жиһаз жасау. Қазірдің өзінде-ақ Түркістан қаласы – түрлі жиһаз шығаратын ірі орталыққа айналып үлгерді. Алдағы уақытта индустриалдық аймақтың шеңберінде жаңа биіктерді бағындыру көзделуде.
Индустриалдық аймақтың жұмысы бұл бағыттармен шектеліп қалмайды. Негізгі даму жолдарымен қатар ілеспе бағыттар бойынша да көптеген жобаларды жүзеге асыры қарастырылып отыр. Олардың қатарында тоқыма бұйымдарды жасау, киім шығару,
Былғары және соған жасатын өнімдерді өндіру, сабан бұйымдары және өрімге арналғна материалдар, пластик бұйымдарын жасау, машина және жабдықтардан бөлек ағаш және тығынды бұйымдарды жасау, Металл емес минералды өнімдерді шығару, Резіңке, пластмасса мен өзге де полимерлік материалдарды қайта өңдеу сынды бағыттар қамтылмақ.
Бір сөзбен айтқанда, «Turkistan» индустриалдық аймағында отандық нарыққа ғана емес, экспортқа да шығарылатын, өзіндік құны жоғары, бәсекеге қабілетті өнім түрлерін шығару мақсаты қойылып отыр.
Түркияның индустриалдық аймақтарды дамытудағы бай тәжірибесі көршілес Ресейде кеңінен пайдаланылуда. Мұндай әдістің жемісі қазірдің өзінде-ақ байқалып отыр.
-Біз Санкт-Петербуг қаласының маңында орналасқан «Марьино» индустриалдық паркін дамытуға атсалысудамыз. Түркиялық модель жөнінде бірқатар семинарлар өткізіп, нақты кеңестерімізді ұсындық. Қазір бұл индустриалдық парк Ресейдің бетке ұстар арнайы экономикалық аймақтарының біріне айналды. Осындай табысты жобаны Түркістанда да жүзеге асырсақ дейміз. Менің ойымша, Түркістан индустриалдық аймағының болашағы жарқын. Ең бастысы – дұрыс жоспарлап, басқарудың тиімд жүйесін енгізу, дейді «Turkistan» индустриалдық аймағына атсалысып жүрген түркиялық бизнесмендердің бірі.
Елдегі арнайы экономикалық және индустриалдық аймақтардың арасында бәсекелестік басталды. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл оң өзгерістерге итермелеуші фактор.
Индустриалдық аймақтардың саны санаулы болса, резиденттерді көптеп тарту мақсатында қолайлы жағдайларды жасауға деген ұмтылыс та болмас еді. Бәсекелестіктің арқасында индустриалдық аймақтарда жаңа мүмкіндіктер пайда бола бастайды. Жалпы, индустриалдық аймақты дамыту – бұл үздіксіз процесс. Себебі әрдайым жаңа резиденттер келеді. Әрқайсысының өзіндік талап-тілектері бар. Солардың сұрауларына сай дер кезінде тиімді шешімдер қабылдау қажет. Олай болмаған жағдайда резиденттер басқа индустриалдық аймақтарға кетіп қалады. Бұл тұрғыдан алғанда бәсекелестіктің болғаны өте жақсы.
Ендігі кезектегі маңызды нәрсе - ел дамуының жаңа сатысына көтерілу болып отыр. Сондықтан кәсіпкерлік белсенділік, ішкі және сыртқы инвесторларды экономиканы одан әрі дамыту ісіне тарту жұмыстары алғашқы кезекте тұр. Түркістан – еліміздің рухани астанасы ретінде ғана емес, дамудың локомотиві, жаңа технологияларды игерген өңір ретінде инвестиция тартудың, оған қолайлы жағдайлар жасаудың үлгісін көрсетуі тиіс. Қала аумағында заманауи технологиялық өндіріс орындарын қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынды. Бұл жұмыс әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, ең үздік модельдер арқылы жүзеге асыруға басымдық беріліп отыр.
Мемлекет үшін индустриалдық аймақ – бір жыл, екі жылда қайтарымы болатын дүние емес. Бұл ұзақ мерзімді перспективада елге, мемлекетке табыс әкелетін ауқымды жоба. Мұны әлемдік тәжірибе сан рет дәлелдеді. Сарапшылар Түркістан қаласының, оның ішінде жергілікті индустриалдық аймақтың жарқын болашағына айрықша сенім артып отыр.