Түркістан - инвесторлар үшін үлкен мүмкіндік

19.jpg

Түркістан –   түркі әлемінің рухани ордасы, мемлекетіміздің алтын бесігі. Сан ғасырлық адамзат шежіресінің куәгері және өркениет жауһары.  Көне шаһардың   жаңаруы мен жаңғыруы бүкіл қазақ елінің  гүлденіп келе жатуының айғағы.   Еліміздің рухани астанасы болғаны өз алдына, Түркістан  инвестиция саласында да мол мүмкіндіктер ұсынып отыр.  

Түркістанның зор туристік әлеуетімен қатар   инвесторларға “салық жеңілдіктері, кедендік жеңілдіктер мен жеңілдікпен  жер ұсыну” тиімді формуласы  жемісті нәтиже береді деп болжануда.  Аймақтағы қолжетімділік, еңбек ресурстары, жаңа индустриялық жобаларға салынған инвестицияларға көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар инвестиция құюшылар үшін тамаша мүмкіндіктер ашады. Кез келген қарқынды дамып келе жатқан қала секілді Түркістан  да үлкен қаржы құюды талап етеді. Бүгінде көне шаһардың инвестициялық әлеуетін аша түсуге қажетті жағдай да, мүмкіндіктер де бар.

Қала экономикасының негізін құрап, инвесторлар үшін қайтарымы мол жобаларды ұсынатын негізгі бағыттар  – өндіріс және туризм болмақ.  Қазірдің өзінде Түркістанда айрықша  инвестициялық климат қалыптасып келеді. Шетелдік инвесторлардың көне шаһар экономикасына қаржы құюға деген ынтасы ерекше. Былтыр қалаға тартылған инвестиция көлемі 28 миллиард теңгеден асса, алдағы жылдарда бұл көрсеткіш еселеп арта түспек.

 Түркістан қаласына инвестицияларды тартудың бірнеше ірі алаңын ұсынады. Атап айтқанда, «Түркістан» еркін экономикалық аймағы аясындағы құрылып жатқан тарихи-мәдени орталық, әкімшілік-іскерлік орталық пен өндірістік субаймақ.  Сонымен қатар, Түркістан индустриалдық аймағын дамыту аясында көптеген ауқымды жобаларды жүзеге асыру көзделуде. Бұл аймақтардан бөек қала аумағында туризм, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу,   сауда-саттық және логистика салалары жандана түспек.   Бір сөзбен айтқанда, Түркістан – инвесторлар үшін аса тартымды қалаға айналады.  

Түркістан қаласының арнайы экономикалық аймақтар арқылы даму стратегиясы шетелдік инвестицияны тартуда жаңа көкжиектер ашып отырғанына сарапшылар бірауыздан келіседі.  Расында да, бір қаланың аумағында тарихи-мәдени орталық, әкімшілік-іскерлік орталық, өндірістік субаймақ пен индустриалдық аймақтың қатар дамуы қаланың экономикалық әлеуетін еселеп арттыратыны сөзсіз. Туристер  легін жыл сайын артырып отыру мақсаты қойылып отырғандықтан, туризм мен қызмет көрсету саласы   Түркістан шаһарының экономикасын алға сүйрейтін локомотивке айналатыны талас тудырмайды. Одан бөлек, шаһарды еліміздің оңтүстік өңіріндегі ең ірі индустриалдық және сауда орталықтарының біріне айналдыру мақсаты қойылып отыр.  

Түркістан – жан-жақты бағытта дамитын, болашағы жарқын қала.  Бүгінгі таңда шаһардың 167 мыңнан астам тұрғыны бар. Қала халқының саны 2035 жылы 350 мыңға, ал 2050 жылы 500 мыңға жетеді деп болжануда. Түркістанды дамыту бойынша барлық жоспарлар тұрғындар санының өсуі ескеріле-есептеле жасалған. Бұл орайда қала аумағы ұлғайып, 25 000 гектарға жеткізілмек. Жаңа құрылыстардың сәулет стилі жергілікті ұлттық салт-дәстүрге сүйенетін болады.    

 «Түркістан» еркін экономикалық аймағын құру қаланың дамуына тың серпін берді. 1 938 гектар аумақта орналасқан экономикалық аймақта көптеген жаңа нысандар, тұрғын үй мен қонақ үй кешендері, сондай-ақ өнді¬ріс орындары ашылады. Тұжы¬рым¬дамаға сәйкес, халық саны¬ның өсуіне байланысты 3 жо¬балық кезең қабылданды.  Облыстың әлеу¬меттік-экономикалық дамуының кешенді жос¬парына сәйкес,  2022 жылға дейінгі аралықта  170 инвестициялық жоба¬ның жобалау-сметалық құжат¬тамалары әзірленеді. Бірқатар ұлттық компаниялар, бизнес өкілдері мен шетелдердік инвесторлар әлеуметтік-мәдени маңызы бар 16 нысандарды салуда.  Сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалар және облыс әкімдіктері 13 құрылыс нысанын салу қолға алынды. Нәтижесінде, қысқа мерзім ішінде Түркістан танымастай өзгеріп, теңдесі жоқ шаһарға айналмақ.    

Енді осы инвестициялық алаңдарға кеңірек тоқталып өтсек.

Тарихи мәдени орталық. 

Жалпы аумағы 188 гектарды құрап отырған тарихи-мәдени орталық көне шаһарға келетін туристер легінің санын күрт көбеюіне тікелей әсер етпек. Таяу жылдары Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жақын тұста теңдесі жоқ нысандар бой көтермек. Мақсат-маңызы да, сәулеттік шешімі де ерекше жобалардың әрқайсысы Түркістанға келуші туристердің қызығушылығын арттыра түсетіні сөзсіз. Жалпы құны 6 миллиард теңгені құрайтын  Ұлы Дала елі жобасының, әрқайсысы бір жарым миллиард теңгеге бағаланатын Қожа Ахмет Яссауи мұражайы мен туристік визит орталығы, сондай-ақ Шығыс моншасы мен амфитеатр, сазды су бұрқақтар мен аттракциондар саябағы – бұл жобалардың демеушілері анықталып, құрылысы қазірден басталды. Ал Шығыс базары, дендрарий саябағы мен қазақ драмалық театры – инвестицияларды қажет ететі жобалардың қатарында.  Инвесторлар үшін ерекше қызығушылық туғызатын нысандардың бірі – Шығыс базары болмақ. Нағыз ежелгі шығыс базарының үлгісінде салынатын бұл сауда кешені ерекше сәулеттік стилімен және келушілерге ұсынатын тауарлары және кәдесыйларымен ерекшеленіп тұр. 

 Әкімшілік-іскерлік орталық

Жалпы аумағы 1350 гектарды алып жатқан бұл аумақ қаланың әкімшілік және әскерлік орталығына айналады. Онда облыстық әкімдіктің, басқармалар мен департаменттердің ғимаратының құрылысы басталып, Медиа және Сауда орталықтары мен көптеген заманауи әрі ыңғайлы тұрғын үй кешендерінің, Оқушылар сарайы мен спорт, мәдени кешендерінің, «Конгресс Холл» мен әлеуметтік нысандардың іргетасы қаланды. Ерекше жобалардың қатарында 7000 орындық стадионды, бассейіні бар спорт кешенін және Астана алаңын атап өтуге болады. Инвесторлардың назарына жаңа тұрғын үй және қонақ үй кешендері,   білім беру және фитнес орталықтары, сауда-ойын сауық кешендері мен бизнес орталықтардың құрылысы ұсынылады. Бұлардың әрқайсысы жоғары сұранысқа ие болатын, қайтарымы мол жоба ретінде бағалануда.

Түркістан еркін экономикалық аймағының құрамындағы өндірістік субаймақтың инвестициялық әлеуеті мол. Мұнда жалпы құны 37 миллиард теңгені құрайтын 15 әлеуетті инвестициялық жобаны жүзеге асыру  көзделіп отыр.  

Жалпы аумағы 400 гектарды құрайтын бұл аймақта ірі өндірістік жобалар негізгі үш бағыт бойынша жүзеге асырылмақ. 

- Құрылыс материалдарын өндіру

- Дайын металл өнімдерін шығару

- Және металл емес дайын минералды өнімдерді өндіру

Бұдан бөлек, өндірістік субаймақтағы жобаларға 181 миллиард теңгеден астам инвестицияны құюға дайын 9 ірі инвестор тартылуда. 

 Әсіресе электр энергиясын өндіруге қажетті құрал-жабдықтарды шығару бағытында бірқатар ірі жобалар іске асырылуда.  Әр жоба жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. 

Қала экономикасы үшін айрықша маңызға ие инвестициялық алаң – Түркістан индустриалдық аймағы. Бастапқыда 40 гектар жерді құраған индустриалдық аймақтың аумағы кейін 7 есеге ұлғайып, бүгінгі таңда  350 гектарды құрап отыр. 

 Аталған аймаққа   1 миллиард  40 млн. теңгеге  инфрақұрылым жүйелері жүргізіліп әрбір жоба темір жол тұйығымен байланыстырылған. «Түркістан» индустриалдық аймағын дамытуда әлемнің ең үздік тәжірибесін енгізуге басымдық беріліп отыр.

Аймақты дамыту стратегиясына сәйкес, мұндағы жобалар негізінен бес бағытта жүзеге асырылатын болады. 

Олар -  Машина жасау саласы, Электр энергиясын шығаратын құрал-жабдықтар өндіру, Химия өнеркәсібі,  Өңдеу өнеркәсібі мен  Жиһаз жасау.  Бұл бағыттардың әрқайсысы бойынша қазірдің өзінде сәтті жобалар бар.    

Бұдан бөлек көптеген ілеспе бағыттар бойынша да нарықта сұранысқа ие   тауар түрлерін шығару жоспарланып отыр. 

Қазіргі таңда Түркістан индустриалдық аймағында 8  жоба  толық жүзеге асырылды. Жыл соңына дейін және  2 жаңа кәсіпорын өз жұмысын бастайды деп күтілуде.

 Түркістан қаласының аумағында туризм және агроөнеркәсіп бағыттарында бәсекеге қабілетті жобаларды дамытуға толық мүмкіндік бар. Туризм – шаһар экономикасының негізін құрайтын салалардың бірі болатындықтан, қонақтарға қызмет көрсету саласы, қонақ үй бизнесі өркендей түспек. Бұл тұрғыда инвесторлардың қызығушылығын туғызатын жобалар аз емес. 

Ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу саласында да айтарлықтай мүмкіндіктер бар. Ал Түркістан қаласының тиімді географиялық  орналасуы зор  логистикалық мүмкіндіктерді беретіні атап өткен жөн. Сарапшылардың пайымдауынша, қысқа мерзім ішінде Түркістан еліміздегі ең ірі сауда-логистикалық орталықтардың біріне айналуға қауқарлы. 

Қала басшылығы өнімнің өңдеу сапасын жақсартып, тауарларды сақтаудың, тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құру, логистикалық инфрақұрылымды дамыту, жүктердің еркін транзитін, көлік дәліздерін құру, көлік инфрақұрылымын басқару мәселесіне ерекше назар аударуда.  

Осы мақсатта сауда-логистикалық орталығын салуға жалпы алаңы 20   гектар жер телімі бөлінді.  Алдағы уақытта осы орталықт  жобалық құны 4 млрд. 792  млн. теңгені құрайтын 10 жоба орналастыру жоспарлануда.  

Түркістан үшін аса маңызды жобалардың қатарына заманауи әуежайдың құрылысын атап өтуге болады. Түркиялық ірі инвестордың қатысуымен жүзеге асырылатын бұл жоба қаланың халықаралық маңызы мен мүмкіндіктері еселей түсетіні сөзсіз. «Ақылды қала» бағытында қолға алынған Смарт сити жобасының да инвестициялық әлеуеті зор. 

Қорыта айтқанда, Түркістан көптеген сала бойынша инвесторлар үшін мол мүмкіндіктерді ұсынуда.  Сәтті жобалардың мультипликативті әсері басқа да салаларға оң әсерін тигізіп, шетелдік инвесторлар үшін тартымды аймаққа айналдыратыны талас тудырмайды. Түркі әлемінің рухани орталығы мен ірі туристік аймақ ретіндегі даму жолына түскен Түркістан - инвесторлар үшін көрінген жаңа көкжиек болатыны сөзсіз.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер