ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына кезекті Жолдауын жариялады. Мемлекет басшысының алдымен Президент сайлауын, одан соң Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын өткізу туралы ұсынысы өте дұрыс әрі жан-жақты сараптан өткен шешім.
Қасым-Жомарт Тоқаев биыл күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынды. «Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын. Сондай-ақ, мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ал, Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын келесі жылдың бірінші жартысында өткізуді ұсынды. Мемлекет басшысы осы арқылы көпшіліктің мүддесін білдіретін депутаттардың жаңа құрамы жасақталатынын атап өтті.
Президенттік мерзімді шектеу – халықтың сенімін арттырады. Сол арқылы дұрыс саяси жүйе құруға жол ашылады. Нәтижесінде биліктің ауысуы мемлекет ісіндегі қалыпты жағдайға айналады. Осылайша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда мықты демократия орнатуды мақсатты түрде және кезең-кезеңімен атқарып жатыр.
Досай КЕНЖЕТАЙ,
Түркістан қаласы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дің деканы, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор.