Түркі әлемінің рухани астанасы, туристік орталық атанған Түркістан қаласында туристерге жағдай жасау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, туристік аумақтарда заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жұмыста атқарылуда.
Жуырда Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың төрағалығымен өткен жиында осы мәселде талқыға салынды. Бұл туралы Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Бекітілген жоспарға сәйкес, Мәдени-рухани орталық аумағында электрокарлардың жүру бағыты және кәсіпкерлік нысандардың орны белгіленген. Жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп туристік нысандардың төңірегінде рейд ұйымдастырылып, саудамен айналысушы азаматтарға заң талаптары түсіндірілген.
Қала әкімдігі және полиция басқармасымен бірлесе отырып, мәдени-рухани орталық аумағында туристерге қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша кәсіпкерлермен арнайы жиналыс ұйымдастырылды. Электрокар жүргізушілерін бірыңғай киім үлгісіне көшу қажеттілігі, қызмет көрсету мәдениеттілігі, құқықбұзушылық әрекет түрлері мен көзделген әкімшілік жаза туралы айтылып, ақпараттық құралдар үлестірілді.
Қала әкімі гид-мамандардың тарихты баяндауда қателеспеуі үшін дәйекті деректі мәліметтермен қамтылуын бақылауды тапсырды.
Қалалық бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Мұхтар Төлепов тапсырмалардың орындалуын баяндай келе, қала аумағында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында, базарлар мен сауда нүктелеріне, ірі супермаркеттер мен азық-түлік дүкендеріне бөлім тарапынан тұрақты түрде мониторинг жүргізілетінін жеткізді. Мониторинг жұмыстары барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын негізсіз шекті бағадан тыс көтеру дерегі анықталған 25 дүкен мен супермаркетке заң аясында тиісті шара көру үшін құжаттары департаментке жолданған.
Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Талғат Үсенбаев тапсырмалардың орындалуын тарқатып айтты. Коммуналдық меншіктегі көпқабатты тұрғын үйлердің пәтерлеріне түгендеу жүргізу жалғасуда. 3903 пәтердің 2318-і мақсатты пайдаланылуда, 21 пәтердің жалға берілгені анықталып, акт түзілді. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жүргізілген түгендеу және жылжымайтын мүлік иелігіне анықтау нәтижесінде 1410 азамат кезектен шығарылды. 485 қызметтік пәтерді түгендеу бойынша берілген тапсырмаға сәйкес, аралау жұмыстары басталған.
Жаңадан қолданысқа берілген көпқабатты үйлерде Мүліктің меншік иелері бірлестігін құру бағытында құжаттандыру ісі жүзеге асуда. Қазіргі таңда қала аумағында 183 бірлестік толық құрылып аяқталды, 47 бірлестік тіркелуде, 18 бірлестіктің құжаттары енді ұсынылады.
Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Олжас Бөлегенов бюджеттің атқарылуы мен индикаторлардың орындалуын баяндап, бөлімдерге қатысты кемшіліктерді ұсынды.
Нұрбол Әбдісаттарұлы көтерілген мәселелерге қатысты қосымша тапсырмалар жүктеп, орындауға мерзім белгіледі:
- Жұмыс барысында заңдылықтардың сақталуына мұқият болуды тапсырамын. Заң алдында барлық адамның құқығы тең екенін назардан шығармаңыздар. Бір азаматқа артықшылық беру – екінші азаматтың құқығын аяқасты ететінін ұмытпаған жөн. Сіздерден заңдылықтың сақталуы талап етіледі, - деді шаһар басшысы өз сөзінде.