Түркістандық полиция қызметкерлері тұрғындарға алаяқтардан абай болуға кеңес береді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында алаяқтыққа, соның ішінде қаржы пирамидалары мен интернет алаяқтығына қатысты құқық қорғау органдарына кешенді әрі нақты шараларды әзірлеуді тапсырған. Құқық қорғаушылардың берген ақпаратына сәйкес, оқиғалардың басым бөлігінде тек зейнеткерлер ғана емес, орта жастағы азаматтар да алаяқтардың құрбаны болып жатады.

Screenshot_25.jpg

Осы жайттардың алдын алу үшін Түркістан қалалық полиция басқармасының жедел полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-профилактикалық іс-шараларды жандандырып, сақтық шараларын да мықтап қолға алған. Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы Бауыржан Жанаевтың айтуынша, әлеуметтік желілерде әрбір азаматқа интернет алаяқтарынан сақтану жолдарын түсіндіріп, арнайы тақтайшаларда жазбаша және бейнематериал арқылы ауызша түрде олардың жоспарларын әшкерелейтін нұсқаулықтар мен ескертпелерді кеңінен таратуда.

Тәртіп сақшылар халық көп шоғырланған жерлерде, көшелерде, сауда орталықтары мен автобекеттерде болып алаяққа алданбау мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Тұрғындарға арнайы дайындалған жарнамалық буклеттер таратылды. 

Жедел профилактикалық іс-шаралардың барысында Түркістан қаласының полицейлері кезекті алаяқтық қылмысын ашты. Нақтырақ айтсақ, полиция жедел әрекет етудің арқасында екі жергілікті тұрғынның атынан несие рәсімдеген 29 жастағы күдіктіні анықтады. Белгілі болғандай, әйел танысының сеніміне кіріп, одан қоңырау шалу үшін телефонын сұрап, содан кейін 700 мың теңгеге несие рәсімдеп жіберген. Ал жәбірленуші банкке қарызы барын несие төлеу туралы хабарлама келгенде бірақ білген.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары күдіктінің тағы бір осыған ұқсас алаяқтық фактісіне қатысы барын анықтады. Келтірілген шығын 1 300 000 теңгені құрады. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.

Қазіргі таңда Түркістан қаласында 8 ледэкранда алаяқтан сақтандыру үшін жасалған ескерту бейнежазбалары көрсетіліп, қала, аудандағы полиция қызметкерлерімен 3 тәулікте адамдар көп шоғырланатын аумақтарда екі тілде жазылған 10 мың дана үнпарақша, 3 мың дана жабыстырмалы жаднама таратылды.

Бұл шараны Түркістан облысы Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасының алаяқтық қылмысымен күрес тобының қызметкерлері ұйымдастыруда. Профилактикаға баса назар аударған полицейлер қылмыстың алдын алып, тұрғындарға құқықтық кеңес беру, қарапайым сақтандыру ережелерін үйрету жұмыстары қарқынды жүргізуде. Алаяқтық қылмыстарының түрлері, оның жасалу жолдары мен қорғану әдіс-тәсілдерін көрсету бағытында қала көшелерінде түсіндірме шараларын атқаруда.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында құзырлы орган өкілдеріне әп-сәтте интернет-алаяқтарының құрбанына айналып, сан соғып қалған жұртшылыққа жәрдем беруді жүктеді. Президент бас құжатта: «Интернет жəне телефон арқылы жасалатын алаяқтық əрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ, азаматтардың құқықтық жəне қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн», – деді. Осыдан соң, еліміздің Ішкі істер министрлігі интернет алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша міндеттерді тиімді орындау мақсатында ведомствоаралық бағдарламаны жүзеге асыру және алаяқтар мен қаржы пирамидаларымен күресу бойынша жол картасын іске қосты. Оны жүзеге асыру жоспары ұйымдастырушылық және профилактикалық сипаттағы іс-шараларды оның ішінде, мемлекеттік органдар, банк мекемелері, байланыс операторлары және тағы басқа органдармен өзара іс-қимылдарды қамтитынын айта кеткен жөн. Сондай-ақ, өткен жылы жауапты министрлік киберқылмысқа, атап айтқанда, телефон алаяқтығы және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған бағдарламаны бекітті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде біршама интернет-алаяқтарының жолы кесіліп, көптеген заңсыздықтар әшкереленіп үлгерді, - дейді Бауыржан Жанаев.

Сіз бен біз өмір сүретін бүгінгі қоғамда бетперде кимей, қолына қару ұстамай, кісі өліміне бармай-ақ банктерді тонап, мекемелер қорындағы мол қаражатты қас пен көздің арасында қолды ететін қылмыскерлер пайда болғанын баршамыз естіп, теледидардан көріп те жүрміз. Дәлірек айтқанда, біздің елдің аумағында осындай сипаттағы қылмыс жиырма бір жыл бұрын тіркелген болатын. 2003 жылы К. есімді азамат компьютерлік желі арқылы «Гол+Пас» букмекерлік кеңсесінен 3 миллион 500 мың теңгені оп-оңай жымқырады. Кейінірек күдікті қолға түсіп, сот сараптамасынан соң бес жылға сотталды. Дәл осы фактордан кейін өзге де қылмыстардың қылаң беруі Ішкі істер министрлігінің құрылымында арнайы басқарманың оңаша отау құруына да ықпал етті.

Айта кетейік, дүниежүзіндегі ең бірінші компьютерлік қылмыскер – америкалық Кевин Митник. Былтырғы жылы бақиға аттанған ол 1994 жылы әлемдегі іздеуде жүрген он қылмыскердің «ең азулысы» атанып үлгерді. Міне, дәл осы кезден бастап қоғамымызға компьютерлік қылмыскер немесе «хакинг» ұғымы орнықты десек, артық айтқандық емес. Ал, тәуелсіз елімізде Ішкі істер министрлігі республикада жасалған өте күрделі, ең ауыр компьютерлік қылмысты 2013 жылдың желтоқсан айында ашты. Министрліктің арнайы басқармасының жедел қызметкерлері заңды тұлғалардың шотына банкіге қашықтықтан қызмет жасайтын желімен «Троялық ат» деген арнайы бағдарлама арқылы ақша ұрлаған қылмысты топтың жолын кесті. «Банк-клиент» жүйесі арқылы әртүрлі банктердегі ұйым-мекемелердің шотына компьютерлік «вирус» жіберіп, ақша ұрлай бастаған қылмыскерлердің әрекеті олар ұсталған мерзімнен әлдеқайда бұрын тіркеуге алынып, қадағалана басталған. Арада көп уақыт өтпей белгілі бір ұлттық компанияның шотынан дәл осындай жолмен екінші деңгейдегі банктен 147 миллион теңге қолды болу қаупі төнеді. Осы тұста қылмыскерлердің қолына кісен салынып, нәтижесінде еліміздегі 30 аса ірі компанияның шотынан ұрланған қаражаттың көлемі 400 миллион теңгеден асқаны дәлелденді.

Интернет-алаяқтарға алданып, тығырыққа тірелгендерді әңгімеге тартсаң, көбінің мәселесі шағын қаржы ұйымдарымен байланысты болып шыға келеді. Алаяқтар олардың атынан бірнеше рет несие ресімдеп, қолына ұстап көрмеген қаражатты мойнына іліп берген. Әйтпесе, қымбатшылық қос бүйірден қыспаққа алғанда екінің бірінің есепшотында миллиондап қаражат жатпайтыны тағы анық. Мұндай жағдайға көбіне зейнеткерлер тап болады. Заңгер Жасұлан Шыршықбаев тұрғындардың құқықтық сауаттылығының төмендігі ең бірінші кезекте өздерін әттеген-айлатып отырғанын айтады. Білікті маман банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаматтарға телефонмен хабарласып немесе мессенджермен жазып, логин, пароль секілді құпия мәліметтерді сұрамайтынын, қажет болған жағдайда «бөлімшеге келіп кетіңіз» деп өтінетінін алға тартты.

– Кез келген маңызды мәселе телефонмен қоңырау шалу арқылы шешілмейді. Мұны барлығы білуі тиіс. Сізге қатысты қандай да бір мәселе туындаса, банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері алдымен өзін таныстырып, тиісті мекеменің кез келген бөлімшесіне келуіңізді сұрайды. Олай болмаған күнде олардың алаяқ екендігі айдан анық. Осыны ұмытпайық. Айта кететін тағы бір маңызды мәселе – әрбір интернетке қосылған компьютер мен планшетте, тіпті ұялы телефонда вирусқа қарсы бағдарламалар болғаны дұрыс. Өйткені ол қажетсіз, күмәнді зиян келтіретін файлдарды тез анықтап, бәрін өзі-ақ жойып отырады. Жасыратын несі бар, интернетте жарнамасы жарқырап тұрған тауарларды көргенде, қай-қайсымыз да оны сатып алуға құлшынамыз. Десе де, мұндай жағдайда, ең біріншіден, сол тауарды алатын сайт қандай сайт, жалған емес пе, соны анықтап алу керек. Оның мекен жайы, байланыс телефондары бар ма, жоқ па – осы мәліметтерге мән беру маңызды. Реті келсе, сайтта көрсетілген нөмірге хабарласып, өкілімен сөйлесу қажет. Осы сайт арқылы бұрын тауар сатып алған таныстарыңыздың пікірін тыңдау да артықтық етпейді. Ал, біздің азаматтардың көпшілігі аз ғана уақыт алатын осы әрекеттерді орындауға құлықсыз. Керісінше, тұрғындар жеке құжатындағы және банк картасындағы мәліметтерді, аударымдар туралы түбіртек қағаздарды кодтар мен құпия сөздерді оңды-солды таратуға бейім. Осыдан соң, интернет алаяқтардың құрығына түстім деп байбалам салады. Қысқасы, азаматтардың құқықтық сауаттылығы артпайынша, киберқылмыстың да саны азая түспесі белгілі, – деді Жасұлан Оразбекұлы.

Жалпы, ғаламтордың тілін жетік меңгерген интернет алаяқтары ең алдымен әрбір адам жөнінде ақпарат жинайтыны айдан анық. Уақыт өте құқықтық жағынан сауатсыз тұрғындарға телефон соғып, қитұрқы әрекеттерімен қақпанына түсіреді. Бұған себеп аз уақытта миллиондаған табыс тапқысы келетін азаматтар алаяқтардың арбауына оңай алданып, кейіннен полиция бөліміне арызданатын көрінеді. Алайда алаяқтардың ізін табу оңай шаруа емес. Бірі шет елде отырып жымысқы әрекетін жүзеге асырса, бірі ізін жасырып үлгереді екен.

Бірер жыл бұрын кез келген жеке тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірі (ИИН) арқылы несие алатын алаяқтар шыққанын естігенде бәріміз таң қалып едік. Бұл күнде сіз бен біз адамнан қулық артылмайтындығына куә болып келеміз. Мәселен қазір алаяқтар да заман талабына сай дамып, ендігі кезекте өзіңізге қоңырау шалып, банк шотыңыздағы қаражатты оп-оңай ғана шешіп алуға әрекеттеніп жүр. Бұл мәселеде кейбір «сәтті» шыққан «операциялары» да жоқ емес. Ендеше, оңай олжаны мақсат еткендердің «схемаларын» тізіп көрелік. Интернет алаяқтары Olx, Market, Kolesa сынды алу-сату желілерінде және басқа да түрлі жолдармен өздерінің қитұрқы әрекеттерін іске асыруға күш салуда. Иә, желілер әртүрлі, бірақ «схема» бір. Мысалы, сізге кезекті сатып алушы болып хабарласып, тауардың жағдайын сұрап, басқа қаладан екендігін және сізге курьер жіберіп қойғанын алға тартып, келісімшартқа өзіңіздің мәліметтеріңізді толтыруыңызды өтініп сілтемені жібереді. Ал, сіз еш күдіктенбестен сұраған мәліметінің барлығын толтыра саласыз. Осылайша алаяқтардың өз мүдделерін іске асыруға сіз де байқамай атсалысып кетесіз. Бірақ әр мәселеге сыни көзқараспен қарайтын әрбір азамат бұл арбауға бірден түсе қоймас.

Әдетте, алаяқтар азаматтарды алдау үшін түрлі амалдарды қолданып жатады. Тіркелген істерді саралап көрсеңіз, алаяқтар абоненттік нөмірді ауыстыруға арналған арнайы сервистерді (бағдарламалық жасақтама) белсенді пайдаланатынын аңғаратыныңыз анық. Яғни, олар бағдарламалық жасақтаманың көмегімен шынайы абоненттік нөмірді өзгертіп, жымысқы әрекеттерін жүзеге асыруға күш салады. Сондай-ақ, олар өздерін банктің қауіпсіздік қызметі, полиция немесе прокуратура қызметкерлері ретінде таныстыратынын қайтерсіз?

Бұдан бөлек, соңғы жылдары ұялы қосымшадағы «мобильді банк» қызметін пайдалану арқылы алаяқтық фактілері айтарлықтай жиілеп кетті. Бұл қызметті адамдардың банк шотын және карта нөмірін білу арқылы жүзеге асырады. Мысалы, сіз пәтерді немесе машинаны сату туралы хабарландыру бердіңіз, біраз уақыттан кейін сізге сатып алушы қоңырау шалып, алдын ала төлем жіберу үшін банкомат карточкасының нөмірін жіберуді сұрайды. Қылмыскерлер сіздің банкомат карточкаңыз туралы ақпаратты иеленгеннен кейін шоттан ақша қаражатын жымқырады. Әдетте, алаяқтар өз құрбандарын арзан бағамен және тиімді ұсыныстармен тартады және ақша қаражатын электрондық әмиянға аудару арқылы алдын ала төлем жасауды талап етеді. Көптеген адамдар ақшаны алғаннан кейін байланысқа шықпайтын белгісіз адамдарға төлем терминалдары арқылы аударады. Осыған байланысты полиция қызметкерлері тұрғындарға кеңес береді:

– Сіздің картаңыздың жай-күйі туралы Сізге хабарлай алатын жалғыз ұйым – қызмет көрсететін банк екенін есте сақтау қажет. Егер сіздің картаңызбен бірдеңе дұрыс емес деген күдік болса немесе сіз оны бұғаттау туралы смс-хабарлама алған болсаңыз, дереу банкке хабарласыңыз.

– смс-хабарламада көрсетілген нөмірлерге қоңырау шалмаңыз және хабарлама жібермеңіз, бұл үшін қосымша ақы алынуы мүмкін.

– банк картасы туралы деректерді, бір реттік жасырын сөздерді, смс-кодты айтпаңыз, бұл ақпарат құпия және сіздің картаңызды жеке кабинет арқылы басқарады.

– ақшаны белгісіз шоттарға және телефон нөмірлеріне аудармаңыз.

– хабарландыруды мұқият оқып, оны орналастырған адам туралы ақпаратты қараңыз. Ұқсас тауарлардың орташа құнын қараңыз. Тым төмен құны сізге күдік тудырады.

Егер сатушы сатып алынатын тауар үшін толық немесе ішінара алдын ала төлемді электрондық шотқа аударуды талап етсе, бейтаныс адамға қаншалықты сенуге дайын екеніңізді ойланыңыз. Бейтаныс адамдарға анонимді төлем жүйелері арқылы ақша аудара отырып, егер мәміле жасалмаса, оларды қайтару кепілдігі жоқ екенін есте сақтаңыз.

Қорыта айтқанда, бұл күнде халықтың көзі компьютерге, құлағы ақпараттық технология атауына әбден үйренді. Дегенмен, ақпараттық технологияның (ІТ) ғарыштық жылдамдықпен дамуы тұсында киберқылмыстың да көштен қалмай, қайта өршелене өсе түскенін анық байқап келеміз. Мұқият мән берсеңіздер, бір елдің өзге елден шекарасы шалғайда жатқанына қарамастан, екі жақтың банк шоттарына миллиондаған ақша аудару сүт пісірім уақытқа жетпей-ақ жүзеге асады. Бәрі де қуатты компьютерлік байланыстың арқасы. Киберқылмыскерлердің ұйқысын бұзатын да осындай ақпараттық технологиядағы аса бақуатты байланыстар. Сондықтан да қазақстандық полиция қызметкерлері өздерінің борышты міндеттерін адал атқаруға бейімделген әрі дағдыланған. Бастысы, құзырлы органдар бүгінгі таңда кең өріс алған киберқылмыстың жолын кесу мақсатында аянып жатқан жоқ. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Общественные деятели проявили активную гражданскую позицию
  • Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжінде АЭС-ке байлансты жиналыс өтті
  • «Қолынан іс келеді»: Президент Дархан Сатыбалдыға қандай баға берді?
  • АЭС энергетикалық тапшылықты шешеді
  • В Шымкенте проведена информационно-разъяснительная работа по вопросам религии
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер