Телефонмен таратылған жалған ақпарат үшін де жаза бар

Шындығын айтқанда, бүгінгі күні әлемдегі технология дамыған сайын ақпарат тарату да, адамдардың тілдесуі де оңай әрі қолжетімді болып келеді. Алайда, бұл жетістіктің теріс жағы да бар. Ол бағытқа адамдар өз аяғымен қадам басуда. Яғни, жалған ақпарат тарату. Кейбір адамдар мұндай әрекеті үшін Заң алдында жауап беретінін білмеуі де мүмкін. 

Screenshot_26.jpg

Шын мәнінде, сөз – қорғасыннан да ауыр. Мұны жете түсінген халқымыз: «Тау мен тасты жел бұзады, адамзатты сөз бұзады», – деп бекер айтпаған. Сондай-ақ, «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды» деп ақпараттың таралу ауқымын сол заманда-ақ тілге тиек еткен. Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде жас та, кәрі де елде не болып жатқанын күндіз-түні аса қырағылықпен бақылап отыратыны рас. Жалған ақпарат жайлы сөз қозғамас бұрын алдымен елді елең еткізіп, жұртты әбігерге салған оқиғаларға шолу жасап көрейік.

Екі-үш жыл бұрын елімізде коронавирус дерті дендеп, халық әбігерге түсіп жатқанда жалған ақпараттар да жағадан алып, елдің есін шығарғаны жасырын емес. Жалған ақпарат таратушылар: «Елге жаппай чип салады екен. Сол арқылы бізді бақылап отырады және чип арқылы өздеріне бағындырып, қалаған жағына жұмсай алады» деп айды аспаннан бір-ақ шығарды. Осылайша, пандемия кезінде жалған ақпаратттар легі тіпті өршіп кетті. Әлеуметтік желілерде қаншама деректер дәлелсіз таратылды. Мәселен, «Ұшақ арқылы вирусты ауаға шашады екен. Соның салдарынан пәлен адам қырылып жатыр» деген мәтін мен ауаға қызғылт түсті зат шашып жүрген ұшақтың бейнекөрінісі тез тарап кетті. Бұл ақпаратқа қаншама адам сеніп, әлгі вирустың шығу себептерін іздеп әлекке түсті. Іле-шала еліміздің Ішкі істер министрлігі мәлімдеме жасап, бұл АҚШ-тағы өрт сөндіруші ұшақ екенін, елімізге ешқандай қатысы жоқтығын айтып, халықты ондай ақпараттарға сенбеуге шақырды. Ведомства өкілдері кез келген ақпаратты бірден қабылдамай, ақылға салып, сүзгіден өткізген дұрыс екенін еске салды.

ІТ саласының білікті маманы Тимур Бектұрдың айтуынша, қазіргі технология дамыған заманда кез келген ақпараттың шығу тарихы мен оны кім жазғанын анықтау оңай. «Қарапайым мысал, таралған ақпараттағы суретті көшіріп алып Google іздеу жүйесіне саласыз. Сол кезде жаңағы фотосуреттің қашан түскені, қандай оқиғаға байланысты екендігі шыға келеді. Ал, WhatsАpp тағы басқа мессенджерлер арқылы жазылып, таралған мәтінді ІD код арқылы тауып алуға болады. Бұл ІТ саласынан хабары бар кез келген адам білетін тәжірибелер. Бұл бағытта құқық қорғау органдарында әлдеқайда жетілген құрылғылар мен аппараттар бар. Сол арқылы жалған ақпарат таратушыны оңай тауып алады. Сондықтан, технология қарыштап дамыған заманда ешкімнен, ештеңені жасырып қала алмайсыз. Дұрысы, қазақтың «тек жүрсең тоқ жүресің» деген нақылын ұстанып жүрген абзал әрі абыройлы әрекет», – дейді ол.

Жалған терроризм – қауіпті қылмыстың бірі. Бұған негізінен телефон, мессенджер¬лер арқылы немесе кез келген басқа жолмен террорлық шабуыл туралы жалған хабарла¬ма тарату жағдайы жатады. Ешқандай жары¬лыс орын алмаса да, бұндай хабарламалар жұртты дүрліктіреді. Оқиға орнына арнайы қызметтер тартылып, азаматтарды эвакуация¬лау жүргізіледі. Кейін түпкілікті тексеру шаралары ұйымдастырылады.

Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы Бауыржан Жанаевтың айтуынша, елімізде аталған қылмыс түріне барған азаматтарға қатаң жаза қарастырылған. Қылмыстық кодекстің 273-бабына сәйкес терроризм актісі туралы жалған хабарлау бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөл¬шерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не бес жылға дейінгі мер¬зімге бас бостандығын шектеу, не сол мер¬зімге бас бостандығынан айыру түріндегі қыл¬мыстық жауаптылықты көздейді. Мұндай ауыр жаза 14 жастан асқандардың бәріне қолданылады. Бұдан бөлек, сот шешіміне сәйкес, айыпты деп танылған адам жедел әрекет ету қызметтерінің барлық шығында¬рын өтеуге міндеттеледі.

- Көп жағдайда жалған террористер халық көп шоғырланатын қоғамдық орындар – сау¬да үйлері, базарлар, дүкендер, қоғамдық та-мақтану орындарына, әкімшілік ғимараттар мен білім беру мекемелеріне, тұрғын үй ке¬шендеріне, вокзалдар, әуежайларға жарыл¬ғыш зат қойылғанын хабарлап, телефон ша¬лады. Бұндай жалған ақпарат аталған меке¬мелердің қалыпты қызметін бірнеше сағатқа тоқтатып, экономикалық залал келтіреді. Мә¬селен, Түркістан қаласындағы бір теміржол вокза¬лын эвакуациялаудың шығыны 1 миллион теңге¬ден, ал ірі сауда орталықтарының шығын¬дары бірнеше миллион теңгеден асып түсуі мүмкін. Мұндай қарбаласта кей адам¬дардың денсаулықтары сыр беріп, жү¬ректеріне салмақ түсіп, инфаркт алулары да мүмкін. Қылмыскерге жаза тағайындауда сот бұл жағдайлардың барлығын есепке алады.

Осындай ауыр жазаға қарамастан кей адамдар терроризм актісі туралы жалған хабарламаларды қалжыңдағысы келгеннен немесе біреуді қорқыту мақсатында тара¬татыны белгілі. Бұған дейін аталған қылмысты жасағандардың арасында жасөспірімдер, мастар, психикалық ауытқулары бар жандар, жұмыссыздар, діни экстремистер, бизнес серіктестерінен, не жұбайларынан кек алғысы келген азаматтар жиі кездескен. Заманауи технологиялардың арқасында мұн¬дай қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған адамды анықтау еш қиындық туғызбайды.

Кей жағдайда азаматтар ойламаған жер¬ден жалған террорист атануы мүмкін. Мыса¬лы, әуежайларда жеке заттарды тексеру ке¬зінде инспектордың: Қол сөмкеңде не бар?» деген сұрағына «Бомба» деп әзілдеп жауап бе¬руінің арты жаппай эвакуациялауға, рейс¬терді кейінге шегеруге, әуежай мен теміржол вокзалдарының жұмысын тоқтатуға әкеліп соқтыратынын естен шығармаған жөн. Дегенмен кез келген адам қоғамдық орындарда күдікті затты байқаған жағдайда ол туралы міндетті түрде полицияға хабарлауы тиіс. Мұндай қоңыраулар терроризм актісі туралы жалған хабарлама болып саналмайды. Керісінше, олардың қырағылығы мен қоғамдық қауіпсіздікке бейжай қара¬май¬тындығын көрсетеді. Бірақ телефон шалушы мән-жайды анық түсіндіріп, өзін таныстырып, полицейлерге қажетті ақпараттың бәрін бергені абзал, - дейді полиция бастығы.

Жалған ақпарат тарату адамға абырой алып бермейтін тірлік. Осы орайда, «өтірік өрге баспайтынын» естен шығармаған жөн. Яғни, кім қандай жағдайда ақпарат таратса да, оның түбінде ашылары сөзсіз және заң аясында қуданалары анық. Оның үстіне, әлеуметтік желілердің қоғамға ықпалы орасан. Ал, онда жалған ақпарат тараса, зардабын өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз. Мәселен, алдыңғы оқу жылында сабаққа барғысы келмеген астаналық жасөспірім полицейлерге өзі оқитын мектепке «мина қойылды» деп жалған хабарлама бергені есіңізде болар. Алайда, құқық қорғау қызметкерлері мектеп ғимаратын тексеру барысында жарылғыш құрылғы табылмай, қауіп сейілді. Десе де, отпен ойнағысы келген оқушының кесірінен ұстаздар қауымы абыр-сабыр күй кешіп, өзге білім алушылардың мазасы қашты.

Дәл осындай оқиға Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында да орын алды. Нәтижесінде кәсіпорынға мина қойылғаны жөнінде жалған хабар берген тұрғын екі жылға сотталған. 

- Кез келген ақпаратты оқып, ой елегінен өткізбейтіндердің басым бөлігі мәліметтің рас-өтірігін ажырата алмай жататыны жасырын емес. Әсіресе, апатты және төтенше жағдайлар мен саяси оқиғалар кезінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған хабарламалар лезде көптеп тарайды. Яғни, арандатушылар ұрымтал сәтті күтіп, дайын отыратын секілді. Біздің елдің заңнамасына сәйкес, фейк ақпарат таратқандар әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазаланады. Әйткенмен, көпшілік мұндай әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілік жүктелетінінен бейхабар сынды. 

Сонымен, жалған ақпар таратушылар қандай жазаға кесілетініне тоқталайық. Елімізде жалған ақпарат таратқаны үшін 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуден бастап, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Жалған ақпарат тарату 2015 жылы жаңа Қылмыстық Кодекс қабылданғаннан кейін қылмыс түрінде қарастырыла бастады. Бірақ, жалған ақпарат таратуға қатысты жауапкершілік тек мұнымен шектелмейді. Қылмыстық Кодекстің бірнеше бабы бойынша жазаланады. Мәселен, 174-бап бойынша әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық яки дiни алауыздықты қоздырғандар ісі қаралады. Жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын яки телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырса екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

Бұдан бөлек, 273-бапта «терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау» жайлы айтылған. Мұндай жағдайда 5 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, түзеу жұмыстарына немесе бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Көбіне фейк таратқандар ісі 274-баппен қаралады. «Көрінеу жалған ақпарат тарату» дейтін бөлімінде қоғамдық тәртіпті бұзып, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін дерек үшін түзеу жұмыстарына жегіліп, 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту қарастырылған. Кей кезде бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі, - дейді Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы Бауыржан Жанаев.

Ал, әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексте жалған ақпарат тарату екі түрлі баппен қаралып, көбіне айыппұл салумен жазалайды. Заңгер Болатбек Ержан жалған ақпараттар қоғамды елеңдетіп, дүмпу тудырмаса, қылмыстық істі болжау аса қиын екенін айтады. Ал, жалған ақпарат тарату әрекетін психологтар қалай түсіндіреді? Бұл да бір адам ішіндегі арандатушылыққа құмар дерт емес пе? Психолог Ержан Мырзабай мемлекеттік деңгейдегі жалған ақпаратты таратуда батылдық қажет екенін жеткізді.

– Көп жағдайда психотип бойынша жалған ақпаратты жеке тұлғалар немесе белгілі бір мүдделі топтар ұйымдастырып, таратады. Ал, мемлекет деңгейіндегі жалған ақпараттарға келсек, бұған тереңірек үңілу керек. Менің ойымша, мұндай жағдайда ішкі және сыртқы күштердің қатысы бар. Олардың өзге жалған ақпарат таратушыларға қарағанда ерекшелігі көп. Ең бастысы, батылдыққа ие. Ақпаратты қалай жеткізіп, қалай өңдеу жолдарын, жалпы, техника мен тәсілдерді біледі. Жаңағы ақпаратты осы сыртқы күштер таратып отырғанға ұқсайды, – дейді маман.

Қорыта айтқанда, ел ішінде дүрбелең туғызып, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін азаматтардың қоғамның тыныштығын қасақана бұзу ниеті бар. Демек, осы санаттағы азаматтар жазасыз қалмайды.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Общественные деятели проявили активную гражданскую позицию
  • Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжінде АЭС-ке байлансты жиналыс өтті
  • «Қолынан іс келеді»: Президент Дархан Сатыбалдыға қандай баға берді?
  • АЭС энергетикалық тапшылықты шешеді
  • В Шымкенте проведена информационно-разъяснительная работа по вопросам религии
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер