Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі

Конституция – Қазақстан халқының игілігін қамтитын, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орныққан және оның ең жоғары қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын көздейтін еліміздің негізгі заңы. 

Screenshot_25.jpg

Көптеген халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстан Конституциясы бостандықтың негізін білдіреді. Конституция Қазақстан халқына ең бастысы таңдау құқығын берді.

- «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы,...». Дәл осы сөздермен елдің негізгі заңы бастау алған. Дәл осы сөздер Ата Заңымыздың халықтық табиғатын бейнелейді. Бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституция Қазақстандағы үлкен саяси және экономикалық өзгерістер үшін негіз болды. Конституцияның тұрақтылығының арқасында біз саяси, ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылық пен үздіксіз экономикалық өрлеудің куәсі болып отырмыз. Биліктің заң шығарушы тармағының өкілеттіктерін кеңейту, сот жүйесінің шынайы тәуелсіздігін қамтамасыз ету, орталық және жергілікті мемлекеттік басқару органдары арасындағы функциялар мен өкілеттіктерді нақты ажырату, әкімшілік-аумақтық бірліктердің басшыларын сайлауды кезең-кезеңімен енгізу сынды саяси шешімдердің барлығы қолданыстағы Конституция шеңберінде жүргізілуде. Ата Заңымыздың аясында былтырғы 1 қаңтардан бастап Конституциялық сот жаңартылған форматта қайтадан жұмыс істеп келеді. Президент, Парламент депутаттары, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және Бас прокурормен қатар қарапайым тұрғындарға да Конституциялық сотқа тікелей жүгіну құқығының берілуі – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі, - дейді Түркістан қалалық сот төрайымы Айгүл Жаңбырбаева.

Әр демократиялық мемлекеттің басты міндеті – заң үстемдігін орнату және азаматтар құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету. Елімізде кейінгі жылдары құқықтық жүйесін жетілдіру мақсатында бірқатар реформа іске асырылып келеді. Соның бірі – Конституциялық соттың қайта құрылуы. Егемендіктің алғашқы жылдары елімізде мұндай конституциялық бақылау органы жұмыс істеген еді. 1991 жылы 16 желтоқсанда «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Заң Конституциялық сотты Ата заңымыз сот арқылы қорғаудың жоғары органы ретінде бекітіп, 1992 жылы қабылданған «Конституциялық сот туралы» және «Конституциялық сот ісін жүргізу туралы» ҚР Заңдарынан кейін өз жұмысын бастады. Конституциялық сот егер Конституцияға қайшы келсе, Президенттің күшіне еніп қойған жарлықтары мен заңдарының күшін жоя алатын құзыретке ие.

Бұл органның ел есінде қалған шешімдерінің бірі – Парламент рөлін атқарған Жоғарғы кеңес сайлауын заңсыз деп тануы еді. Осы шешімнен кейін Жоғарғы кеңес таратылды. Сол кездегі «Конституциялық сот ісін жүргізу туралы» Заңының 18-бабына сәйкес Конституциялық сотқа талап-арыз беру құқығы Бас прокурорға тиесілі болды, яғни өтініш беру субъектісіне жатты. Ал 1995 жылы 30 тамызда жаңа Конституция қабылданып, Конституциялық кеңес құрылып, соған сәйкес Конституциялық сот жұмысын тоқтатты.

Конституциялық кеңес Президент пен Парламент сайлауының, референдумның заңға сәйкес өтуін қараған. Сонымен қатар Президент қол қоймаған, бірақ Парламент қабылдаған заңдардың, халықаралық шарттардың ратификацияланғанға дейін Конституцияға сәйкестігін тексерген және Конституция нормаларына ресми түсiндiрме берген. Конституциялық кеңестің құқықтық мәртебесін айқындайтын ережелер негізгі заңның «Конституциялық кеңес» деп аталатын VI бөлімінде бекітіліп, кеңестің құзыреті, бұл органға өтініш беру субъектілері және оның салдары, кеңестің құрамын қалыптастыру тәртібі, шешімдерінің заңды күші мен сипаты анықталған.

Конституциялық кеңестің құрылу мен қызмет мәселелері «Конституциялық кеңес туралы» Конституциялық заңмен реттелген. Бұл заң бойынша Бас прокурор Конституциялық кеңеске өтініш беру субъектісіне жатқан жоқ. Жалпы Конституциялық кеңес жұмыс істеген 27 жыл ішінде конституциялық бақылау органы ретінде Конституцияның үстемдігін тиімді қамтамасыз етті. Оның тәуелсіздігі және биліктің бірде-бір тармағына кірмеуі конституциялық құндылықтарды өз бетінше қорғауға мүмкіндік берді. Бұл тұрғыда «Конституциялық сотты қайта құру не үшін қажет болды?» деген сұрақтың туындауы орынды. 

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында: «Көптеген елде Конституциялық сот институты бар. Оған кез келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Сарапшылар Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме тиімді қамтамасыз етеді деп санайды», – деп, елімізде қайтадан Конституциялық сот құруды ұсынды. Бұл бастама – әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам. 2022 жылы 5 маусымда өткен жалпыхалықтық референдумда Конституцияға өзгерістер мен түзетулер енгізіліп, Конституциялық соттың құрылуы да сол кездегі түзетулердің бір бөлігі болды.

Кейін 2022 жылы 5 қарашада Президент қол қойған «Конституциялық сот туралы» Конституциялық заң қабылданып, жаңа институттың мәртебесі мен құзыретін толық айқындап берді. Былтырғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастаған соттың басты ерекшелігі – оған барлық азаматтар, қарапайым адамдар өздерінің конституциялық құқықтары мен заңды мүдделері бұзылғаны туралы өтініш бере алады, - дейді Айгүл Жаңбырбаева.

Конституциялық соттың құзыретіне сайлауды өткізудің дұрыстығы мен Парламент қабылдаған заңдар мен халықаралық шарттардың ратификацияланғанға дейін республика Конституциясына сәйкестігін қарау, сондай-ақ Конституция нормаларына ресми түсіндірме беру құзыреті кіреді. Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес Конституциялық сот азаматтардың өтініштері бойынша олардың құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты нормативтік-құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін қарайды. Сонымен бірге Конституциялық сотқа жүгіну құқығы Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге де берілді. Бұлар конституциялық іс жүргізуге бастамашылық жасау өкілеттігі берілген жаңа субъектілерге жатқызылды. Конституциялық соттың бұл субъектілердің жолданымдарын қарауы – негізгі заңның үстемдігін қамтамасыз етудегі тиімді тетігі.

«Ең бастысы, Конституцияда мемлекеттің ең жоғары құндылықтары деп танылған адамның құқықтары мен бостандықтарының сақталуы бұл жүйенің жұмыс істеуіне тікелей байланысты. Енді «Конституциялық сотта прокуратураның рөлі қандай, азаматтардың шағымдары бойынша іс жүргізуге прокуратура тарапынан өкіл қатыса ма?» деген сұрақтарға жауап берейік. Негізгі заң бойынша Конституциялық сот пен прокуратураға жүктелген міндеттер бір-біріне жақын. Конституциялық сот конституциялық заңдылықты қамтамасыз етеді, прокуратура заңдылықтың сақталуындағы жоғары қадағалауды жүзеге асырады. Прокурорлар қадағалауды жүзеге асыра отырып, күн сайын заңнамалық және өзге де құқықтық актілерді қолданады. Конституцияға, заңдарға, Президенттің жарлықтарына және ратификацияланған халықаралық шарттарға қайшы келетін заңға тәуелді актілер анықталған жағдайда прокуратура оларға наразылық келтіреді.

Айта кету керек, 2017 жылғы конституциялық реформаға дейін прокуратура органдарына заңдарға наразылық келтіру құқығы берілді, бірақ бұл тетік жұмыс істемей келген еді. Өйткені ол кезде прокуратура конституциялық бақылау органына жүгіну субъектілеріне жатқан жоқ және оған конституциялық іс жүргізу бойынша бұрын қабылданған қорытынды шешімді түсіндіру туралы өтінішхатпен ғана жүгінуге құқылы болды. Енді 2022 жылғы конституциялық реформадан кейін заңдардың Конституцияға сәйкестігіне күмән туындаған жағдайда прокуратура негізгі заңның 72-бабы 4-тармағының тәртібімен Конституциялық сотқа жолданыммен жүгінеді. Бас прокурордың өкілі азаматтардың өтініштері бойынша Конституциялық соттағы барлық істерге қатысып, қорытынды дайындау жолымен де қамтамасыз етеді.

Сонымен бірге Конституциялық соттың шешімдерін орындау үшін уәкілетті органдармен бірлесіп, заң жобаларын әзірлеуге қатысады. Жалпы Конституциялық сот пен Бас прокуратураның өзара іс-қимылы қарқынды дамып келеді. Конституциялық бақылау бүгінде Конституция ережелерінің тікелей қолданылу қағидасын іске асыруды қамтамасыз ете бастады. Бұған Конституциялық соттың қарапайым азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қозғайтын қолданыстағы заңнаманың бірқатар нормасы Негізгі заңға сәйкес келмейді немесе заңдар деңгейінде шұғыл өзгеруге жатады деп танылған қаулылары дәлел бола алады. Конституциялық соттың конституциялық заңдылықтың жай-күйін бақылауды ұйымдастыру үдерісіне Бас прокуратураның белсенді қатысуы адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту мақсатында құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуға елеулі үлес қосады деген сенімдеміз», - дейді Түркістан қалалық сот төрайымы Айгүл Жаңбырбаева.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер