Бүгінде аудан, қала әкімдері тұрғындар алдында есеп беруде. Негізінен коммуналдық, яғни қарапайым тұрмыстық мәселелерге байланысты жыл сайын көтерілетін жиналыстар жөнінде пікір көп. Сұрақ-жауап алдын ала дайындалатынын айтушылар да, есептің шынайы өтетінін мәлімдеушілер де аз емес. Тұрғындарға уақыттың аз берілетінін, тіпті арызын жеткізе алмай кететіндердің көп екенін айтушылар да баршылық. Әрине көпшіліктің көкейінде жүрген, әкімнің алдында ашық көтерілген мәселелер біртіндеп шешімін табады. Бізді ойландырып отырған сол есептік жиындардағы мәдениет, әкімдердің әдептілігі. Алдына келген мемлекеттік қызметшіге көптен бері толғандырып жүрген мәселесін айтып қалғысы келетіндер ойын еркін және толық жеткізгісі келеді, кейде эмоцияға ерік береді. Ал әкімдер тұрғындар алдында өзін қалай ұстайды?
Жапонша жиналыс
«Жапонияда жиналыс болса, көп уақыт жоғалтпайды екен. Олар осындай жиында әр елді мекеннен бір-бір адамнан сөйлеп, сол жердегі мәселелерді қамтиды. Бүгінгі жиынды да сол жапондарша өткізу қажет». Түркістан облысы Бәйдібек ауданының әкімі Бахытбек Танагөзов Бөген ауылдық округінде өткен есеп беру жиналысында тұрғындарды Жапония, Корея, Қытай сияқты елдерден үлгі алуға шақырып, осылай деді.
Сөйтіп «Жапонша жиында» жарыссөз тез аяқталды. Сарқырама мен Екпіндінің ақсақалдарына сөз сөйлеу, ауылдың мұң-мұқтажын айту мүмкіндігі бұйырмай қалды. Ауылдық округтің орталығы Шалдар ауылындағы Мәдениет үйіне 50-60 адам қатысқан есеп беру жиынында әкім үлгі еткен елдерге барып, жиналыстарына қатысқан жан болмады-ау шамасы. Өйткені ел алдында есеп беруге жылына бір келетін әкімге қарсы уәж айтып, тұрғындар талап-тілегін тыңдауға шақырар жан табылмады.
Әйтпесе әулиелі, киелі жерлерімен, әншілерімен, қала берді жоғары лауазымды жерлестерімен мақтанатын Бәйдібек ауданында шешімін күткен мәселелерді әкімнің назарына салғысы келетіндер аз емес еді. Дегенмен елдің арасынан ебін тапқан екі ақсақал ғана есептік баяндамадан соң «жапондарша» сөйлеп үлгерді. Соның бірі Аманжол Заманхан деген азамат Шалдар ауылында жарықтың нашарлығына, электр желілерінің өрмекшінің торындай қалай болса солай тартылғанына тоқталды. Көшелерді жарықтандыруға, асфальттауға қатысты сын айтты. Ал жиенқұмдықтардың атынан сөз алған асқақал Мақұлбек Тілеубердиев ауылда сонау «ильич шамы» келген 1967 жылдан бері бағаналардың ауыстырыЛмағанына қынжылыс білдірді. Сол себепті жарық жиі сөнеді. Шақпақ, Жүзімдік ауылдарында ағын су мәселесі өзекті. «Egemen Qazaqstan» газетінде көтерілген «көгілдір отын» мәселесі, ауданға келіп тұрған газдың тұрғындарға қолжетімсіз болуы да шешімін күткен шаруа. Ауыл тұрғындарының айтуынша, құбыр тартылғанымен, газ әлі берілмеген. Кейбір көшелерде газ қондырғылары ұрланған, ертең кімнің есебінен қайта орнатылары белгісіз.
«Шаян» индустриалды аймағының құрылысы аяқталғанымен, онда осы уақытқа дейін бірде-бір жоба іске асырылмаған. Жиында аудан әкімі өнеркәсіптік жобалар жөнінде ауыз ашпады. Бәйдібек ауданы мемлекеттен бөлінген қаржыны игеруді ғана білетін, өнеркәсіпті өркендете, өзіндік кірісті көбейте алмайтын аудан ретінде қалып отырған сияқты. Былтыр күзде өткен Бәйдібек ауданының 90 жылдық тойында бірқатар әлеуметтік нысандар ел игілігіне пайдалануға берілген болатын. Соның негізгісі жүзу бассейні мен жабық теннис корты. Бұл екі нысанды араб инвесторлары салып берген-ді. Жұмсалған қаржының көлемі – 1,3 миллиард теңге. Мұндай нысанды шаяндықтар бұған дейін көрмеген. Жүзу бассейнінің тереңдігі 25 метр екендігін, судың температурасы арнайы қондырғылардың көмегімен автоматты түрде реттелетінін ақпарат құралдары жарыса жазды да. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев сол жолы шаяндық шенеуніктерге ауыл балаларының ұдайы жаттығып, спорттық кешен қаңырап бос тұрмауын қадағалауды тапсырған болатын. Алайда тұрғындардың айтуынша, қос нысан осы уақытқа дейін жұмыс істемейді. Яғни облыс әкімінің тапсырмасы орындалмай отыр. Шалдарда өткен жиында жарыссөзге шыға алмаған жұрт осындай мәселелерді айтып, әкімнің пікірін білгісі келген еді. Сұрақты жазбаша түрде беріп жатқандар да болды. Алайда оларға аудан әкімі жауап берген жоқ. Көп мәселе айтылмай қалды. Жиынға келгендердің көкейінде жиналысты «жапондарша» өткізетін Танагөзов пен оның командасы сол жапондарша жұмыс істесе екен деген ойдың туындағаны кәміл. Жапонияға бара алмаған, баруға жағдайларының жоқтығына ұялғандай болған жұрт үйлеріне жетуге асықты. Жылдар бойы еңбек етіп, ұл-қыз тәрбиелеп, ел дамуына өз мүмкіндігінше еңбек сіңірген ауыл адамдары шетелдерге шыға алмағанына намыстанып, өзін қор сезінгендей болды. Бірі жаяу, бірі есегіне, енді бірі әлгі әкім айтқан жапондардан қалған ескі «тойотасына» қарай аяңдады. Ел көрген, жер көргенін қарапайым ауыл адамдарының алдында мәртебе санап, өзін жұрттан биік қойған әкімнің сөзінен кейін көңілі пәсейген көпшілік арасында жиынға келгеніне өкінгендер де бар шығар. Осы арада әкімдерді қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға шақыратын мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі бар екені еске түседі. Оны аудан әкімі жақсы білетін шығар, бірақ төрт ауылдан жиналған 50-60 тұрғынмен ашық әңгімелесіп, мұң-мұқтажын тыңдауға уақытын қимады. Ауылдағылар мұны Жапония көрген әкімнің менсінбеушілігімен байланыстырып бара жатты...
Шөп оратын әкімдер
Жалпы әдептің көркем мінездің ең биік шыңы, моральдық категория, адамдар қарым-қатынасында ізгілік нормаларын мүлтіксіз орындауды білдіретін ұғым екенін әкімдер біледі. Бірақ кейде ұмытып кететін сияқты. Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімінің есебінде Нұртас шағын ауданындағы Ақсұңқар көшесінің тұрғыны Роза Әмірбекова жол мәселесін көтерді. Оның айтуынша, жолға асфальт сапасыз төселген. Соның салдарынан тротуар мен жолдағы асфальтқа бір жылдан кейін шөп өсіп кеткен. Тұрғынның сөзін бөлген қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов: «Сіздің мәселеңіз не? Айтыңызшы. Асфальтқа шөп шықпасын ба?», деді. Осы кезде залда отырған көпшілік ду күлді. Аяқ астынан күлкіге ұшырағанына түсініңкіремей қалған Р.Әмірбекова: «Асфальтқа шөп шықпау керек қой. Сапасы төмен...», деді мәселе көтергеніне өкінгендей болып. Көше төрайымы жолдар өте сапасыз салынатынын, жол үгітіліп, шөп-шалам өсіп кететінін, сондықтан атқарылған жұмысты қабылдап аларда бақылауды күшейту керектігін айтып шағымданған еді. Бірақ оны қала әкімі түсінбеді ме, әйтеуір «асфальтқа шөп шықпасын ба?» деп тұрғынды мазақ қылғандай болды. Қала әкімінің сөзін қостағандай болған Қаратау ауданының әкімі Исамидин Қантөреев: «Сапасын тексереміз. Шөп болса орамыз», деп жиналыста отырған көпшілікті тағы бір күлдірді. Өзінің көпшілік алдында мазақ болып, күлкіге ұшырағанына қатты күйінген Р.Әмірбекова: «Бұл күлетін мәселе емес. Сіздер ол жерде тұрмайсыздар, мәселені білмейсіздер», деді жыларман болып. Көпшілік алдында күлкіге қалған тұрғынның ішкі әлемі қандай күйде болғаны өзіне ғана мәлім еді. Жеке мәселесі, яғни ауласындағы емес, ауданға ортақ проблеманы көтергеніне өкінген де болар. Төрде отырғандардың «асфальтқа шөп шықпасын ба?», «шөп болса орамыз» деген сөздері төбеден ұрғандай, қорлағандай болды. Өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауы тиіс әкімдерден жеңілтек сөз күтпеген де еді. Көпшілікті бір сәт арзан күлкіге қалдырған осы бір сәтті ұсақ-түйек нәрсе деуге болмайтын шығар. Өйткені Президент Жарлығымен бекітілген әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмей, пікірсайысты сыпайы нысанда жүргізуге тиіс екені айтылған.
Фото Kungei.kz сайтының әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды
Көше жөнделер, шөп те шықпас, бірақ көпке ортақ мәселені көтеремін деп күлкіге қалған тұрғында әкімдердің әдептілігіне қатысты теріс пікір қалыптасары анық. Өкінішке қарай сол сәтте жүйкесіне кері әсер еткен жағымсыз әрекетті ұмыта алмас. Көпшілік алдына көбірек шығатын, ел назарындағы мемлекеттік қызметші, оның ішінде әкімдер ойланып сөйлесе, жалпақ тілмен жеткізсек аузына абай болса екен, айтайын дегеніміз осы болатын.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
07.02.19