Ары ойланып, бері ойланып, мақалаға бұдан артық сәтті тақырып жоқ деп шештік. Естеріңізде болса, осыдан бірер ай бұрын Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов елордада орталық коммуникациялар қызметінде өткізген брифингте халықты әйелге теңеген болатын:
– Мен халықты әрдайым әйелмен салыстырамын. Халық әйел сияқты. Әйел махаббатты, қамқорлықты жақсы көреді. Жылылық іздейді, өзіне көңіл бөлгенін қалайды. Егер осының бәрін оған дер кезінде бермесең, ол бүлік шығарады. Халықпен де дәл осындай байланыс құру керек.
Дәл осылай деді. Тың теңеу ел ішіне тез тарады. Бұны әркім әрқалай қабылдады. «Халық – Құдайдың бір аты» демекші, көпшілік бұл теңеуді қолдай қоймады.
Міне, бүгін қала әкімі қара халықпен бетпе-бет жүздесті. Нақтырақ айтсақ, Абай ауданы әкімінің есеп беру жиынына қатысты. Бұл жиында тұрғындар жылдағыдай шешілмей жатқан жол, су, жарық, маршрут мәселесін көтерді. Құрғақ уәдеден зәрезап болған жұрт қызды-қыздымен аудан әкімі Б.Пармановты тыңдаудан қалды. Ғ.Әбдірахымов айтпақшы, «бүлік шығарды». Мөр қойылған бір жапырақ қағазға қолы жетпей жүрген «Тәуелсіздікке 20 жыл» ауылының тұрғыны мұндай өтірік жиналыстардан шаршағанын, шенеуніктер өзін жиі алдайтынын айтып шу шығарды. Зал іші азан-қазан болып кетті. Осы кезде аздап ашуға ерік берген қала әкімі сөз тізгінін бірден өз қолына алып, тым сұраншақ, «бүлікшіл» тұрғынға мәселесін шешіп беруге уәде берді. Сосын артынша халыққа ренішін ұрса отырып жеткізді:
– Осы үшін міндетті түрде айқайлау керек пе? Әркім өз мәселесін... Сонша бір айқайлайсыздар. Шешіп береміз мәселелеріңізді. Айтып отырмыз ғой сіздерге. Осы уақытқа дейін шешілмеген мәселені енді бір күнде шешіп бер деп жатырсыздар ма бізге? Мен сіздерге айтып отырмын, шешіп береміз сұрақтарыңыздың бәрін. Біз сіздерден қашып жатқан жоқпыз. Қашатын болсақ біз сіздермен кездеспейтін де едік.
(P.S. Ғ.Әбдірахымовтың «қашатын болсақ біз сіздермен кездеспейтін де едік» деген сөзіне тоқталсақ, Әбдірахымов ешқайда қаша алмайды. Қашса басы кетеді. Себебі, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарындағы тапсырмасына сәйкес, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру үшін аудан, қала әкімдері қаласа да, қаламаса да тұрғындармен кездесіп, есеп беруге міндетті. Бұл жөнінде 95-қадамда былай деп айтылған: Мемлекеттік органдар басшыларының халық алдында СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖОСПАРЛАР ЖӘНЕ АУМАҚТЫҚ ДАМУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫНЫҢ МАҢЫЗДЫ КӨРСЕТКІШТЕРІНЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗІЛГЕНДІГІ ТУРАЛЫ ЖЫЛ САЙЫНҒЫ АШЫҚ БАЯНДАМАЛАР ЖАСАУЛАРЫН және олардың есептерін ресми веб-сайттарда орналастыруды тәжірибеге енгізу. Ұлттық ЖОО-лар басшыларының өз қызметтері туралы оқушылар, жұмыс берушілер, қоғам өкілдері мен БАҚ алдында жылма-жыл есеп берулерін тәжірибеге енгізу. - автор)
Сонымен қатар, Назарбаев әкімдер – халыққа қызмет көрсетуге тиіс мемлекеттік қызметші екенін айтқан болатын. Елбасы «мемлекеттік қызметші – халық жалақы төлеп, жалдап отырған қызметкер» деп нақтылады. Яғни, әкімді әкім етіп, халық оған салықтарынан жалақы төлеп отыр.
– Мына жерде бұқаралық ақпарат құралдары отыр, - деп сөзін жалғаған халық қызметшісі Әбдірахымов әйелдер секілді өзіне назар аударғанын қалайтын халықты сынға алды. – Либо специально солардың алдында сонша айқайлап жатырсыздар ма? Көзге көрініп қалайын деп жатырсыздар ма? Сәл де болса ұяттылықты сақтайық та. Сонша айқайлайсыздар. Как будто біз сіздерге сөз бермей жатқандай. Баяғыда облыс әкімі, қала әкімдеріне бір айда бір-ақ рет қабылдайтын болса, мен әр аптада қабылдап жатырмын. Бұрын қабылдауға кіру үшін орг.отделге, приемный хабарласып жүрсеңіздер, қазір интернетке кіресіздер де, жазылып келе бересіздер. Оның бәрі не үшін жасалып отыр?! Ол өздеріңіз секілді азаматтардың мәселесін шешу үшін жасалып жатқан нәрсе. Ешкім ерігіп жүрген жоқ. Әрине, Абай ауданы мен үшін қиын аудан. Бұрын кәдімгі ауыл болған. Қазір де ауыл на самом деле. Просто қалаға өткен соң біраз мәселелер енді-енді шешілуді бастап жатыр. Пәленбай жылдан бері шешілмеген нәрсені сіздер бір күнде шешіп бер дейсіздер. Қазір жаңадан әкім келді, жаңадан басқарма басшылары келді. Осы жерде айтылып жатқан нәрсенің бәрі шешілетін нәрсе. Просто сәл уақыт беріңіздерші. Сәл уақыт беріңіздерші. Оның бәрін шешіп беремін. Жаңағы айтқан қарындасымызға, Жәнібек (Шымкент қаласының жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы - автор), реши ее вопрос в течение одного месяца, - деп сөзін аяқтады қала әкімі.
Қысқасы, бұл жиында қала әкімі әдеттегідей «шешемін» деген сөзді өте көп қолданды. Енді бәрі заң шеңберінде шешіліп, аудан тұрғындарының көңілі жайланғанын тілейміз.
Абылай ЕСІМБАЙ,
"Рейтинг" газеті