Түркістан облысы Келес ауданы Қошқарата ауылдық округінің әкімі Қонай Бекмұратов сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген айып бойынша кінәлі деп танылып, сот үкімімен оған бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Бекмұратов пен оның сыбайласына шығарған үкімге қарағанда, Қошқаратада шенеунік пен мердігер бірігіп, мемлекеттің қазынасына қол салған, дәлірегі бюджеттің ақшасын жымқырған. Бірақ сыбайластардың саны екеу ғана дегенге көңіл құрығыр онша сеніңкірмейді. Арғы жақта әлдебіреулердің сұлбалары байқалады. Күдікті күмәнді жайттар көп.
Бекмұратов Қошқарата ауылдық округінің әкімі қызметіне 2018 жылы тағайындалған. 2020 жылы Қошқарата ауылдық округінің бюджеттік тапсырысына сәйкес елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру, өлексе тастау (биотермиялық шұңқырлар) орнына ағымдағы жөндеу жұмыстарына деп 4 480 000 теңге, малдарды шомылдыру орнындағы ағымдағы жөндеу жұмыстарына деп 3 472 000 теңге қарастырылған. Ақша ауылдық округтік әкімдігіне, дәлірегі Бекмұратовтың «қазанына» түскен.
Тергеушілердің тұжырыман қарағанда, екі лот бойынша түскен жалпы көлемі 7 952 000 қаражатты «жеп қоюды» Бекмұртов осы кезден бастап жоспарлаған. Ол 15 шілдеде қаржыны игеру үшін «Sirgeli Stroy Capital» ЖШС-інің директоры Б.Ергешбаевпен «бір көзден» келісім жасайды. Келесі күні, яғни 16 шілдеде Б.Ергешбаев қылмыстық жоспар бойынша жұмыстар толық көлемде орындалмаса да, қабылдау актілерін ауыл әкімі Қ.Бекмұратовқа тапсырған. Ал Қ.Бекмұратов келісім-шартта көзделген жұмыстардың атқарылмағанын біле тұра, қылмыстық пиғылдарын ақырына дейін жеткізу мақсатында актілерге қол қойып, мекеме мөрін басып береді. Осыдан кейін мердігердің банктегі шотына 4 480 000 теңгені аударған. Б.Ергешбаев сол баяғы қылмыстық жоспар бойынша 17 шілдеде есеп шотына түскен 4 480 000 теңгені алдын ала сөз байланысқан К.Бекмұратовпен талан-таражға салған, яғни жымқырған. Бұл бірінші лот бойынша бөлінген қаражаттың жайы.
Екінші лот бойынша бөлінген 3 472 000 теңге де дәл жоғарыдағыдай сценарий бойынша «игерілген». 20 шілдеде Ергешбаев Бекмұратовқа актілерді тапсырады. Сол күні ауыл әкімі оған қол қояды, мөр басады, ақшаны аудырап жібереді. 21 шілдеде мердігер ақшаны банктен шешіп алып, ауыл әкімі екеуі талан-таражға салады. Сонда 8 миллион теңге жуық қаражаттың тағдыры бар-жоғы бір аптада сыбайластардың қалтасына түсе салған. Сот үкімінде осы қылмыстық әрекеттер бойынша мемлекетке келтірілген залалдың көлемі 7 820 626 теңге деп көрсетілген.
Бір қызығы, Қ.Бекмұратов сот барысында мердігермен келісім шарттар жасасқанын, ешқандай құрылыс жұмыстарының басталмағанын біле тұра құжаттарға қол қойып, ақшаларын толықтай аударып жібергендігін растаған. Бірақ оның бұлай істеуіне аудан әкімінің орынбасарлары А.Жаңбырбаев пен С.Қарақұловтың ықпал еткендігін алға тартқан. Дәлірегі оған қос орынбасар «келісім шартты жаса да, ақшаларын аударып бер» деп қысым жасаған көрінеді. Осы мәлімдемеден кейін тергеу барысында Қ.Бекмұратов екі әкім орынбасарымен беттестірілген. Екі шенеунік ешқандай да ақшаның аударылғанын білмейтіндігін, ауыл әкіміне ешқандай да ықпал етпегенін, қысым жасамағанын айтып ант-су ішкенге ұқсайды. Дәл осындай жауапты сотта Қарақұлов тағы да қайталаған. Ешқандай дәлел, айғақ болмаған соң сот Қ.Бекмұратовтың уәжін негізсіз деп санаған.
Сот үкімімен Қонай Бекмұратов Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлімің 1-2 тармақтарымен үш жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ал Ергешбаевқа 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Ескерте кетейік, сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.