Шындықтың шырақшысы-Шерағаң

27.jpg


«Париж бардым – Париж түсiме кiрмедi, Мысыр бардым – Мысыр түсiме кiрмедi. Қытай, Моңғолия, Үндiстан, Пәкiстан, Иран бардым. Мұхиттың арғы бетiндегi Техаста, Чикагода, Нью-Йоркте болдым – олар да түсiме кiрмедi. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым – оны да түсiмде көрмедiм… Түсiмде ылғи Ақсу-Жабағылыны көремiн…

Шерхан Мұртаза. Халық жазушысы.


Исі қазақтың мақтанышы болған, сөз зергері, әдебиетіміздің алыбы, мемлекет және қоғам қайраткері, кесімді пікір айтып, ұлтық рухтың жаршысы болған Шерхан Мұртаза ағамыздың түсіне кіретін Ақсу- Жабағылы аймағы қарымды қаламгер Мархабат Байғұт ағамыз суреттеген «Ақсуым – арымдай, Жабағылым – жанымдай» өңір, тұмса табиғаттың төрі саналатын Түлкібас ауданында орын тепкен.

Түлкібас- еңселі Алатау мен қарт Қаратаудың түйіскен жеріне орналасқан, табиғаты көрікті, берекелі де құнарлы, қасиетті өлке. Даласы бауымен астасып, өзен-көлімен ұштасып жатқан киелі өлкеден шыққан есімі елімізге мәлім болған, Алаштың айбынды ұлдары Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, ғылымға ерен еңбектері сіңген Әбсаттар Дербісәлі, Мекемтас Мырзахметұлы, Оразалы Сәбден, Дархан Қыдырәлі, көркемсөздің шеберлері Тұтқабай Иманбеков, Мархабат Байғұт тағы басқа да өңірден түлеген тектілерді, өңір халқы әрқашан мақтан тұтады. Құрметтейді. Содан болар, заңғар жазушы Шерхан Мұртаза «Түлкібас - тұлпарлар туған жер, сұңқарлар қонған жер» деген теңеуді тіліне арқау етсе керек.

Шерхан Мұртаза ағамыз Жуалы мен қатар Түлкібасты да туған жеріндей сезініп, іс сапарларында соқпай кетпейтін болған. Содан болар түлкібастықтар Шерхан ағамызды туған бауырындай құрмет көрсеткен.

Биылғы қоңыр күзде басталған шындықтың шырақшысы бола білген Шерхан Мұртазаұлының 90 жылдық мерейтойы – елдің тойы, ұлт руханиятының мерекесі ретінде барлық өңірде кең көлемді атап өтілді. Қасиетті Тараз қаласында бастау алған мерейтой, туған жері Талапты ауылында жалғасты. 

Тауы мен көлі, бұлақ пен өзені тоғысып жатқан Жуалы мен Түлкібас аудандары үшін ортақ тұлға болып саналатын Шерхан ағамыздың мерейтойы Түлкібаста жыл басында бастау алып, ұлттық рух, ұлттық намыс жайлы ағамыздың көзін көрген ғалымдар, ақындар, жазушылардың қатысуымен келелі кездесулер, тағлымды конференциялар мен байқаулар өткізілді. 

Соның бір парасы ретінде республика көлемінде Шерағаның қаламгерлігі мен қайраткерлігі тұлғасы жайында көпке үлгі боларлық өнегелі іс-шараларға бастамашыл болып отырған Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық қорының төрағасы, абзал азамат Қайрат  Айтбаевтың бастамасымен аудан орталығы Т.Рысқұлов ауылында аудандық Мәдениет үйінде жалғасты. Қазақ руханиятында ұлт қаламгерлерінің ұлы мектебін қалыптастырған Шерхан ағамыздың мерейтойына орай Мәдениет сарайында арнайы көрме қойылып, «Шерхан және Түлкібас» тақырыбында бейнеролик көрсетілді.

Ұлттық рухты асқақтаған Алаш ардақтысының торқалы мерейтойына орай өткізілген конференцияға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жолдаған құттықтау хатын Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев оқып берді. Конференцияда ғалым, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы, аудан әкімі Нұрлан Мархабатұлы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің филология және журналистика кафедарасының доценті Темірбай Мұқашев, аталған университеттің филология және журналистика" кафедарасының профессоры Меруерт Көпбаева, Түркістан облысы журналистер Одағының төрағасы Ғалымжан Елшібай, Жамбыл облысы, Жуалы ауданының мәслихат хатшысы Ерғали Тлеубеков тағы басқалар ұлттық мүдде, ұлттық намыс тұрғысынан ой қозғады. Конференцияда  Ақпарат және даму министрі Д.Қыдырәлі,  Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев,  Парламент мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, Астана қаласының әкімі А.Көлгінов және Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Абай облыс әкімдері, Маңғыстау облыстық мәслихат хатшысының, тағы басқа азаматтардың құттықтаулары оқылып, табысталды. Конференцияда ұйымдастырушы алқасы ғалым М.Мырзахметұлына шапан жауып, қатысушы ғалымдарға құрмет көрсетті.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Әсем тауда» бәрі әсем
  • Көпшіліктің көзайымына айналған «Шале»
  • Туристерге сая болған «Нұрсая»
  • Тау етегіндегі ғажайып орын
  • «Маяк» - cапалы қызмет көрсетеді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер