Жетісай ауданының әкімі Мұрат Кадырбектың тапсырмасына сәйкес аудандағы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында округтердегі елді мекен тұрғындары мен әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандарды газдандыру, сапалы таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Бұл туралы Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде аудандағы 113 елді мекеннің 56-сы көгілдір отынға қосылып, газ пайдаланушылардың саны аудан тұрғындарының 53 пайызын құрап отыр.
Бүгінде Жаңа Ауыл Ауылдық Округіне қарасты Әбдіхалық, Атақоныс, Қарой, Мырзашөл, Қызылқұм Ауылдық Округінің Ақтөбе, Алғабас, Киров, Көбек, Қосқұдық, Қызылқұм, Қызылту, Мақталы, 1 Мамыр, Түркебай, Жалпаққұм, Жолдасбай Ералиев Ауылдық Округіндегі Ғ.Мұратбаев, Абай ауылдық округі Отан, Бейбітшілік және Мақталы ауылдық округінің Дархан, Сарқырама, Шолпанқұдық, Темір жол, Жайлаукөл сынды 23 елді мекеннің газ өткізгіші құрылысын жүргізуге сараптаманың оң қорытындысы алынып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жұмыстар толығымен аяқталған соң тағы 23 831 жетісайлық тұрғын көгілдір отынды тұтынатын болады.
Сонымен қатар, аудан тұрғындарына қажетті мөлшерде газ жеткізіп беру, табиғи отын тапшылығын болдырмау мақсатында сметалық құны 3,8 млрд теңгені құрайтын Қарақай ауылдық округінде «Жетісай» және Ынтымақ Ауылдық Округінде «Киров» АГТС салу жұмыстары «БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС тарапынан бекітілген кестеге сай негізгі жұмыстың 90 пайызға жуығы толықтай аяқталған.
Сала мамандарының айтуынша екі бірдей автоматтандыру газ таратқыш станциясы іске қосылған жағдайда аудан тұрғындары тұтынып келген 18 мың текше метр газға қосымша 50 мың текше метр қосылатын болады.
Жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайтын Жаңа ауыл, Достық ауылдық округтеріндегі елді мекендерге жеткізуші газ құбырын салу жұмыстарына 2022 жылға 850 млн теңге қаржы қаралып, 750 млн теңге мақсатына сай игерілген. Қазіргі таңда 2023 жылға өтпелі нысанның жеңімпазы атанған мердігер мекеме «Байсын-А» ЖШС құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуде.