Бүгінде кәсіп ашып, тіршілік жасап, өмір сүру сапасын арттырамын деген азаматтар үшін мемлекет бірқатар жағдай жасап отыр. Жеңілдетілген несие, қайтарымсыз несие, шағын кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы, «Жұмыспен қамту» бағдарламасы – ауылды жерлердегі жұмыссыздық салдарын жойып, жеке кәсіпкерлерді қолдауды көздейді.
Кәсіп ашып, нәсібін көрем деушілер үшін мемлекет толығымен мүмкіндік туғызып отыр. сондықтан ауылдық іскер азаматтардың мемлекет жасап отырған осы мүмкіндігін қалт жібермегені абзал. Осыны Ескі Иқан ауылдық округ тұрғындары жақсы біледі. Мәселен аталған ауылдық округте автотұрақ салу мақсатында бюджет тарапынан 1 млн 420 мың теңге бөлініп, жеке кәсіпкер «Елнұр» мен келісім-шарт жасалынып жұмыстар толығымен орындалды.
Ескі Иқан ауылдық округі әкімі аппараты ғимараты қасынан қойма салу мақсатында Үкімет тарапынан 1 млн 450 мың теңге бөлініп, жеке кәсіпкер «Сейткерим Ата» мен келісім-шарт жасалынып жұмыстар толығымен орындалды.
Сонымен қатар ескіиқандықтадың бірқатары ауыл шаруашылығы саласынан-ақ кәсібін дөңгелентіп отырған жандар.
Ескі Иқанның кәсіпкерлік саласындағы таңдай қағып мақтанар тағы бір мақтанышы – Маннатовтар әулеті Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан мен Жібек жолы ауылдық округтерінде 7 бау отырғызған. «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» бауы да кәсіпкерліктің кең қанат жаюымен көркейіп отыр.
Ескі Иқан ауылының диқаншылары мақта шаруашылығына ден қойып, кәсіп көзіне айналдырған. Ағайынды Төрехан мен Уәлихан Нышанбаевтар 20 жылдан бері шаруақожалықпен, оның ішінде мақта өсірумен, диқаншылықпен айналысып, бау-бақша егіп келеді. Қазіргі таңда 8 га жерінің 7,5 га-на мақта ексе, 0,5 га-на қызанақ еккен.Теру науқанында жергілікті тұрғындарды жұмыстарға тартып, қажетті техникалармен қамтиды. Жиналған өнімдерін жергілікті компанияларға өткізеді.
«Алдыңғы жылы су тапшылығы орын алғанымен, биыл суғару жұмыстары ойдағыдай. Ауа райы да қолайлы болды. Қосымша 3 га жерге 4727 сорты егілгенімен, «Түркістан» сортының пайдасы мол әрі өнімді жақсы береді» – дейді шаруа қожалық иесі.
Айта кетейік, «Түркістан» атты сортты жергілікті Қарашық ауылының тұрғыны Хабибулла деген азамат ойлап тапқан.