Ауданның басты мақтанышы, ол әрине, тарихы терең көне Сауран қалашығы. Аудан құрылғалы бері көне қаланың қамалдарына қайта қан жүріп, қорғандарына жан біткендей.
Еліміздің түкпір-түкпірінен осынау аспан асты музейін, ғасырлар соғысында қорғаны міз қақпай, әлі күнге дейін қасқайып тұрған Сауран қалашығын тамашалауға келген туристтердің толассыз легі, ескі шаһардың тарихы қайта тіріліп, ерте заманда Түркістанмен қатар, дамыған Сауран қалашығының бүгінгі күнде жаңа өмірі басталғандай әсер қалдырады.
Ресми деректер бойынша, Сауран ауданы құрылғалы бері, ескі қалашыққа 201692 турист келген. Бұл «Әзірет-Сұлтан» қорық-музейінен билет алып, ресми түрде тіркеліп келген туристтер саны.
«Батыс-Еуропа – Батыс-Қытай» жолының бойында ортағасырдың бейнесіндей болып тұратын көне шаһарды көру үшін арнайы тоқтап өтетін жолаушылар саны да қаншама?! Қалай десек те, Ескі Сауран қалашығына келген туристер саны ресми деректен әлдеқайда көп екені анық.
Ал Үкаша ата кесенесіне келген туристер саны – 240 023, Жылаған атаға келген туристер саны – 2000, Жүсіп ата кесенесіне келген туристер саны – 36 642, Имам Мархозы кесенесіне келген туристер саны – 300.
Ауданның туризміне кіретін Сауран, Үкаша-ата, Жылаған ата тарихи орындарынан басқа, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК қарамағына кіретін 52 тарихи-мәдени нысан бар. Сол тарихи мұраларды Сауран ауданының теңгеріміне алу үшін аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі тиісті жұмыстар жүргізуде. Аудандағы туризмді дамыту мақсатында Ескі Сауран қалашығы мен Жүсіп ата кесенесінде «Сапар орталығы» салынуда.
Сауран ауданы Ескі Иқан ауылдық округіндегі «Жүсіп ата» кесенесінде «Сапар» орталығының құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Ауыл кәсіпкерлерінің бастамасымен қолға алынған жаңа ғимараттың құрылыс жұмыстарына ауыл тұрғындары да көмектескен.
«Жүсіп ата» кесенесіндегі заманауи талаптарға сай салынған «Сапар» орталығында әкімшілік ғимараты, «Жүсіп ата» тарихы және «Өңір тарихы» музейі, туристтерге арналған арнайы демалыс бөлмелері және жуыну бөлмесі, дәретхана мен су жүйесі де орналасқан. Қазіргі таңда ғимараттың маңайын абаттандыру, ағаш егу жұмыстары жүруде. Ғимарат аумағында арнайы автотұрақ, жарықшамдар мен қонақтарға арналған демалыс орындары да бар. 2021 жылдың сәуір айында басталған құрылыс жұмыстары бүгінгі күнде аяқталған.
Жаңа кешеннің құрылысына үлес қосқан ауыл тұрғындарының еңбегін айрықша атап өту керек. «Ауылымызда салынып жатқан бұл кешен ауылымыздың тарихын дәріптеуде маңызы зор. Осындай тамаша кешен салынып жатқанда біз қол қусырып қарап отырмай, көмегімізді көрсетудеміз. Құрылысы мен қатар, қаржысына да ауыл тұрғындары жәрдемдесуде», - дейді ескіиқандықтар.
Қазіргі таңда «Сапар» орталығында кітаптар мен ауыл тарихын көрсететін мәліметтер мен суреттер қоры жиналуда. Орталықтың жалпы құны 50 миллион теңгені құрайды. Бүгінде «Жүсіп ата» кесенесін Түркістан өңірінің туристік маршрутына енгізу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр.