Сауран ауданының орталығы мәртебесін алған Шорнақ құрылған күннен бастап Алпамыс батыр секілді күн санап емес, сағат санап дамып, өркендеу жолына түскен. Бұрын Фрунзе ауданының орталығы болғандығын қарттар айтып мақтанғанымен қазіргі тәуелсіз Қазақстанның Президенті шешімімен белгіленген шараның жүзеге асуына әр тұрғын шын ниетімен кірісіп, еңсесі тіктеліп келеді.
Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбековтің айтуынша, мұнда барлық мемлекеттік мекемелер көшіп келіп, орналасып жұмыла іске кірісуде. Мемлекеттік қызметкерлердің дені жастар болғандықтан жұмыс қарқыны жоғары. Дегенмен, ол тапсырмаларды ойдағыдай етіп орындау үшін де дұрыс маман, басшы таңдалуы тиіс. Өндіріс саласын өзінің бес саусағындай білетін, елге нағыз жанашыр жан Бердәлі Баймұратов Шорнақ ауылдық округке көпшіліктің көп дауысына ие болып әкім болып сайланғалы көп өзгеріс орын алуда.
Шорнақ ауылдық округінің әкімі Бердәлі Баймұратовтың айтуынша, округтің жалпы ауыл шаруашылық жері – 51770 гектар алқапты құрайды. Оның суармалысы – 4608, жайылымы – 24120 гектар. Округте 101 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Оның 7-і ірі агроқұрылымдар болса, 3-еуі жауапкерлігі шектеулі серіктестіктер. Олардың күшімен 3485 гектар алқапқа себілген астық пен көкөніс, тағы басқа дақылдар уақтылы жинап алынды.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында өндіріске енгізілген жоба көп, соның бірі жылына бір алқаптан 2-3 рет өнім алу жобасы. Бұл жоба іске асыруға 25 шаруа қожалығы бел шеше кіріскен. Бұдан бөлек, 26 ауыл тұрғыны үй іргесіндегі жер телімінде жылыжай салып, қияр, қызанақ, қырыққабат өсіріп, жылына екі, үш қайтара өнім алуда.
Бүгінде округтегі жылыжай көлемі 0,85 гектар алқапқа ұлғайып, онда шалқан, қияр, қызанақ өсірілуде. Ауыл шаруашылығы техникалары 7 бірлікке жаңарған.
Шорнақ ауылдық округінде кәсіпкерлік сала да даму жолында.
Соңғы уақытта кенттегі кәсіпкерлер қызмет көрсету сапасын көтере түсуде. Қазіргі таңда Шорнақ, Аша, Қосмезгіл, 32 разъезд елді мекендерінде орналасқан заңды 83 жеке кәcіпкер бар. Оның 52-і сауда нүктелері. Шорнақ ауылдық округі бойынша жалпы құны 280 миллион тенгені құрайтын 4 инвестициялық жоба тартылып, жеке кәсіпкерлер қаражатына іске асырылуда. Жеке кәсіпкерлер балабақша, сауда орталығы, қонақ үй мен дәріхана салуда.
Мемлекет басшысының қолдауымен жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жаңа бастамашылықтарды қолдауға арналған мемлекеттік грантты 8 азамат жеңіп алды. Аталған азаматтар 583400 теңге көлемінде мемлекеттік грант қаржысын алып, кәсіптерін бастап кетті. Тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына тартылған инвестициялардың нақты көлемінің индексі 20 миллион болса, «Сунақ ата» жеке кәсіпкерлігінің егесі Сирожиддин Шонабаев 30 миллион теңгеге тамақтану орыны, наубайхана құжаттарын жасауда.
Округінде «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 39 көшенің жолын, 32 көшеге жарық тарту үшін жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Аша елді мекені бойынша «Ақбұлақ» бағдарламасының екінші кезеңі жүргізілді. Ағымдағы жылы жыл соңына дейін қолданысқа беру жоспарланған.
Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер де өз шешімін табуда. Атап айтатын болсақ, Аша елді мекеніндегі С.Көшербаев көшесіндегі ойылған көпірге тас төгіліп, елді мекен тұрғындарының өтініштері қанағатандырылды. Шорнақ елді мекеніндегі Ы.Алтынсарин көшесі бойындағы тұйықтар және Қосмезгіл елді мекенінің жаңа құрылыс түскен Ш.Уалиханов, Д.Қонаев, Р.Атабаев көшелеріне ауылдық округ тұрғындарының жолға шағымдануына байланысты 30 автожүк көлігімен құм төгіліп көше жолы ретке келтірілді. Бұдан басқа да жұмыстар округ әкімі тарапынан жоспарлы атқарылуда.