Ұлттық өнерге ден қойған кәсіпкерлердің қатары соңғы жылдары артып келеді. Солардың қатарында Сауран ауданының орталығында тұратын Күлайша Нұрымбетова да бар. Бұл кәсіппен оның айналыса бастағанына он жылдан асыпты. Осы уақыт аралығында ол 20 мың құқар көрпе құрапты.
- Кәсіп бастау оңай шаруа емес. Бірақ тәуекелге бармай тағы болмайды. Тәуекелге ойыңа алған шаруаны жүзеге асыру үшін барасың. Мен де зейнет жасында болсам да осы іспен өзімнің қалауым бойынша айналысудамын, - дейді ол.
Өресі биік, өрісі кең қазақ халқының қарапайым әрі бірегей құрақ құрау өнері ерте заманда пайда болған. Киіз үйдің ішін әспеттегенде де, көрпе-жастығын әрлегенде де құрақтарды келіс-тіріп қолдана білген.
Күлайша әжеміз басында үйінің көркемдігі мен сәні үшін құрақ құрауды қолға алған. Көркемдігі мен әсемдігі уақыт өткен сайын ерекшелене түскен құрақ көрпеге ауылдастарының қызығушылығы артқан. Әуелі үйлеріне сәндік бұйым ретінде қолдануды көздесе, бірте-бірте ұзатқан қыздарының жасауына таптырмас дүние ретінде пайдалана бастаған. Осылайша ауыл тұрғындары арнаулы тапсырыс бере бастаса, кейін Алматы қаласынан да алушылар шыққан. Бір қызығы құрақ көрпе құрау өнерін өздігінен үйренген. Бар болғаны марқұм шешесі Сапаргүл аздап құрақ құраған көрінеді.
Кез келген адам айналыса алмайтын осы бір құрақ көрпе құрау қолөнері үлкен еңбекті қажет етеді. Өйткені, бұл қолөнердің де өз қиындығы бар. Алдымен, өнерді түсінетін, ұшқыр ой мен бояу сырын білетін танымы бар адам ғана істің көзін таба біледі. Сондай-ақ, түс пен түсті сәйкестендіру аса жоғары шеберлікті қажет етеді. Құрақ өнерімен айналысудың пайдасы – адамды шыдамдылыққа, үнемділікке, төзімділік пен сабырлылыққа, тазалық пен әсемдікке баулып, жан дүниесін байытып, ой-өрісін кеңейтеді. Осындай кереметтің барлығын бастан кешкен Күлайша әже он жылда жиырма мың құрақ көрпе құрастырып үлгеріпті.
- Мен құрақ көрпе құраумен айналыса бастағаныма он жыл болды. Басында үй ішін әсемдеуге осы өнерді үйрене бастадым. Арнаулы машина алып бірден іске кіріп кеттім. Уақыт өте көршілерім қызығып, одан тұтас ауыл тұрғындары назар аудара бастады. Осылайша қыздың жасауы ретінде тапсырыс берушілердің саны біртіндеп арта бастады. Кейін Алматы қаласынан сұраныс шықты. Сонымен мейілінше көп құрақ көрпе жасауға қамдана бастадым. Ұлым несиеге ою басатын машина сатып алып берді. Бұл менің жұмысымды бұрынғыдан да жақсарта түсті, - дейді Күлайша Нұрымбетова.
Күлайша апаның айтуынша, құрақ құрау үшін, ең алдымен, қажетті материалдар таңдап алынып, олар түрі, түсі, матасына қарай сұрыпталады, яғни маталардан барқыт, жібек, сиса, сәтен кесінділері жеке-жеке бөлініп алынады. Ал, құрақ көрпеге көп материалдың қымбаттығына байланысты мейілінше арзанын таңдап алып жүр екен. Көрпе ішіне салатын мақтаның да бағасы шарықтап кетсе керек.
Басты мақсат алармандардың қалтасы көтеретіндей, өзінің еңбегі ақталатындай болуы керек. Алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп көптеп құрақ көрпе құрастырайын десе жасы алпыстан асқан әже үшін жалғыз өзі осының бәрін тындыру қиын. Көмекші алайын десе оған тұрақты жалақы төлеп отыруы керек. Оған күн сайын тапсырыс болмайтыны қосылып жағдайды тіпті де ауырлатады. Шағын кәсіпкерлік бойынша қайтарымсыз грант алу мүмкіндігі жоқ. Ондағы басты себеп әженің зейнет жасында болуы. Ал ұлының атына алайын десе тұрақты жұмысы бар. Міне, осының барлығы көп арманға тұсау болып отыр екен.