Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістанның инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндігі зор екенін атап өтті. Оның қомақты табиғи ресурсын, адами капиталы мен туристік әлеуетін ескеріп, Түркістан өңірінде түркі елдерінің бірлескен «Арнайы экономикалық аймағын» құруды ұсынды. Мемлекет басшысы өз сөзінде Түркістанның барлық түркі халықтары үшін қастерлі қара шаңырақ, құтты мекен және аңсарлы атажұрт екенін айтты. Бабаларымыздың осы өңірде ғұлама ұстаз Қожа Ахмет Ясауиден діни білім алып, түркі-ислам мәдениетін әлемге таратқанын, түркілер Кіші Азияға бет бұрғанда бұл құндылықтар түп-тамырымызды сақтап, бірлігімізді бекем ұстауға негіз болғанын атап өтті. «Біздің мақсатымыз – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру. Түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен, Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамыз. Сол себепті бүгінгі саммит «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» деп аталып отыр», – деді Мемлекет басшысы.
Иә, Орта Азия мен Түркі әлемінің рухани-тарихи орталығы, сонымен қатар, жылына миллиондаған мұсылмандардың зиярат жасап, дұға ететін қасиетті де киелі мекенде Түркістан облысы құрылған соң «арнайы экономикалық аймақ» құру туралы Президент Жарлығы шықты. Оның артынша, 2018 жылдың 29 қазанында №693 санды «Түркістан арнайы экономикалық аймағын» құру туралы ҚР Үкіметінің қаулысы қабылданды. Сонымен қатар, 2018 жылдың 29 қыркүйегінде ҚР Президентінің Түркістан қаласын «Түркі әлемінің мәдени-руханиорталығы» ретінде дамыту жөнінде №762 Жарлығы шығып, қала құрылысын дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Бірінші кезекте, қаланың тарихи-рухани, мәдени келбетін қалыптастыратын құрылыс нысандарын салу жоспарланды. Ал оның негізгі өзегі ретінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оған іргелес жатқан аумақтар қарастырылды. Сонымен қатар, рухани-мәдени нысандар құрылысын осы айналаға түсіру көзделген. Ал «Түркістан аранайы экономикалық аймағына» осы мақсатты жүзеге асыру үшін 3987,39 гектар жер белгіленіп берілді. Оның құрамына 6 субаймақ, ауданы 861,75 гектар тарихи орталық (Қ.А. Яссауи кесенесінің аймағы мен Б.Саттарханов даңғылының бойы) ауданы 1578,64 гектар болатын әкімшілік іскерлік орталығы (жаңа Отырар мөлтек ауданы) ауданы 967 гектар әуежай және үш өнеркәсіптік аймақ кірді. Түркістан АЭА-тың ең негізгі мақсаты – қаланың туристік әлеуетін дамыту, еліміздің халқына, экономикасына пайда келтіру, экономикалық тиімділікті арттыру, сондай-ақ қаланы түркі әлемінің рухани астанасы ретінде одан әрі қалыптасуына септігін тигізу, онымен қоса, шетелдік және отандық инвестициялар тарту, АЭА тауарлар мен көрсетілтін қызметтерді өндіруді ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлау.
Осы арада айта кетелік, жалпы облыста 9 индустриалды аймақ бар. Олар Мақтаарал, Шардара, Созақ, Қазығұрт, Түлкібас, Бәйдібек, Ордабасы аудандары мен Түркістан және Кентау қаласында орналасқан. Индустриалды аймақтарда құны 24,054 млрд теңге болатын және 2614 жұмыс орнын құрайтын 56 жоба орналасқан. Оның ішінде құны 15,542 млрд теңге болатын және 2087 жұмыс орнын құрайтын 40 жоба іске қосылып, жұмыс атқаруда. Биыл 266 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 7 жобаны іске қосу межеленген. Сондай-ақ өңірде «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда 365 гектар өнеркәсіптік аймағының инфрақұрылым жүйелерінің І және ІІІ кезеңдерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мұнда бірнеше жобаны жүзеге асыру бойынша нақты келісімдер бар. Алдағы уақытта арнайы экономикалық аймаққа ірі инвесторларды тарту көзделіп отыр. Оранғай ауылында орналасқан арнайы экономикалық аймақта өрт сөндіру депосы, байланыс жүйесі, бақылау өткізу бекетінің құрылысы жоспарланған. Газ құбыры 23 шақырым жүргізіліп, жұмыстар жалғасуда. Сонымен бірге абаттанттыру жұмыстары жүргізіледі. «Арнайы экономикалық аймақта бизнесін ашуға ниетті кәсіпкерлерге барлық жағдай жасауға міндеттіміз. Біз ұсынатын мүмкіндік өте қолайлы болуы тиіс. Тариф төмен, мүмкіндік мол болуы қажет. Ең алдымен арнайы экономикалық аймақта орналасатын жаңа жобалар үшін инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығы басым», деді облыс әкімі. Сондай-ақ кәсіпкерлерді қорғайтын және дамытатын, өткізу нарығына жол ашатын, өнімділікті ұлғайтып, қазақстандық өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыратын тиімді өнеркәсіп саясатын, сонымен қатар, ашық әрі прагматикалық салықтық-бюджеттік саясат қалыптастыру керек. Индустрияландыру картасы аясында экономикалық аймақтың табысты дамуына жаңа серпін беретін өнеркәсіптер мен аймақтардың инфрақұрылымын жандандыру мәселелеріне басымдық беріледі. Бұл аймақтар – өндіріске инвестиция тартудың негізгі алаңдарының бірі. Себебі, оның аумағында орналасқан кәсіпорындарға мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер ұсынылады. Атап айтқанда, кәсіпорын ашу үшін инвесторға барлық инфрақұрылым желілері жүргізілген жер телімі тегін беріледі. Оған қоса мұндағы компаниялар жер салығы, мүлік салығы мен корпоративті табыс салығынан босатылады. АЭА аумағында тауар өндірушілерге электр қуаты арзандатылған тарифпен беріледі. «Turkistan» арнайы экономикалық аймақта жалпы құны 650,772 млрд теңге тұратын 91 жоба жүзеге асады. Бүгінде 65 жобаның іске қосылуынан 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылған. Барлық жоба бойынша 8 мыңға жуық адам жұмысқа орналасады.
Өңірде индустриялды аймақтар саны арта түспек. Облыста құны 42,541 млрд теңгені және 3023 жұмыс орнын құрайтын барлығы 60 жоба орналасқан. Келесі жылдың бірінші жартысында «Тurkistan» аймағында орналасқан браунфилд өндірістік ғимаратында құрылыс материалдарына арналған қаптама шығаратын ISIKLAR HOLDING A.S. өндіріс орнын орналастыру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Сайрам ауданында жаңа индустриялды аймағын құру бойынша жер көлемін анықтап, инфрақұрылым жүргізу мәселесі талқыланды. Сондай-ақ «Бадам» индустриялды аймағының көлемі үлкейтілмек. Түлкібас, Шардара және Бәйдібек индустриялды аймақтарын агро-индустриялды аймақ ретінде іске асыру және өңірде агро-өнеркәсіп саласын дамыту жоспарланып, облыс әкімдігіне басқарушы компания тарапынан агро-индустриялды аймақ құру туралы ұсыныс енгізілген. Индустриялды аймақтардың қатысушылары – «Grand Miks» ЖШС-ы (жоба құны – 2,47 млрд тг), жиһаз өндіріс кәсіпорны, «CG Food Central Asia» ЖШС-ы (жоба құны – 1,1 млрд тг.) дайын тағам өнімдерін өндіруші кәсіпорны. Индустриялды аймақтарды дамыту барысында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Оған дәлел, биыл құны 8,205 млрд теңге және 640 жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 8 инвестициялық жобаны тарту көзделген. Жыл соңына дейін темір-бетон бұйымдарының өндірісі мен керамзитті кірпіш өндіру жобасы іске асырылады.
Айта кетелік, биыл Түркістан қаласында жалпы көлемі 200 мың шаршы метрден асатын 3 392 пәтерлі 53 үйдің құрылысы жүргізілуде. Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің мәлімдеуінше, жыл басынан бергі 10 айдың ішінде жаңадан салынған 42 көп қабатты үй пайдалануға берілген. Яғни жыл басынан бері несиемен және кезекте тұрған 2 мыңнан астам отбасы баспаналы болып, қоныс тойын тойлады. Жыл соңына дейін тағы 11 көпқабатты тұрғын үй құрылысы толық аяқталады. Яғни тағы 725 пәтер пайдалануға беріледі. Бұл орайда құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауда ұстау, инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы мен абаттандыру жұмыстарын ширату маңызды. Сондай-ақ өңірде туризм саласын дамыту бойынша стратегиялық жоспар қажет. Нақты индикаторлар, межелер мен оған жету жолдары нақтылануы тиіс. Облыстық туризм басқармасының басшысы Гүлмира Ахбердиеваның айтуынша, Түркістанның басты бренді әрі құндылығы – Қожа Ахмет Ясауи мавзолейіне зиярат етушілері саны артып келеді. Дегенмен туризм өңірге нақты табыс әкелуі үшін саяхатшылар облыс пен Түркістан шаһарында кем дегенде 2-3 күн аялдайтын жағдай жасау қажет. Бүгінде осы бағытта жұмыс жүргізілуде. Былтыр Түркістандағы кесенеге 1,4 млн адам зиярат етсе, орналастыру орындарымен қызмет көрсетілген келушілер саны қалада 100 мыңға жуық адамды құраған.
Еліміздің экономикалық саясатының негізгі мақсаты халықтың әл-ауқатын тұрақты дамытуға бағытталған. Осы мақсатта ел көлемінде бірнеше ірі жобалар қолға алынған болса, соның ішінде өңірлердегі арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қызметі ерекше маңызға ие. 2011 жылдан бері Қазақстанның әр бір аймағында әртүрлі салалық бағытта 12 арнайы экономикалық аймақ құрылды [Kazakh Invest, 2019]. Бұл арнайы экономикалық аймақтар жергілікті жерлерде бәсекеге қабілетті өндірісті жедел дамыту, экономика салаларына және өңірлерге инвестиция тарту, жаңа технологияларды енгізу және халықты жұмыспен қамтуға бағытталған. «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы толыққанды жұмыс істеген жағдайда субаймақтардың Түркістан облысының экономикалық әлеуетін көтеруге зор мүмкіндігі бар десек болады. «Turkistan» арнайы экономикалық аймағының қызметі жанжақты іске қосылып, өзіндік басымдықтары айқындала бастады. Мысалы, тарихи орталықтың бағыты – туристік нысандардың құрылысын жүргізу, демалыс орындарын қалыптастыру, әкімшілік және тұрғын үй кешендерін салу, мектеп, емхана, музей, театр және т.б. пайдалануға беру болып табылады. Ал, өндірістік аймақта құрылыс материалдарын дайындау, дайын металл өнімдерін өндеу мен өндіріс және қайта өндеу орталықтарының құрылыстары қолға алынып жатыр. Бұл өндірістік аймақ негізінен «Greenfield» және «Brownfield» болып екіге бөлінген. «Greenfield» Оранғай ауылында орналасқан. Мұнда инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары мен жобалық сметалық жұмыстары жүргізілуде. Ал, «Brownfield»-те сегіз темір жол тұйығы салынып, аймақ территориясы қоршалған. Арнайы экономикалық аймақтың әкімшілік іскерлік орталығында Түркістан қаласы тұрғындарына арналған әртүрлі әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Жалпы аталмыш аймақтардың құрылыс жұмыстарына «BI Property», «Sembol Construction», «YDA Insaat Group», «Mabetex Group», «Alageum Electric» және тағы басқа ірі компаниялар қатысып отыр. Өңірде «Turkistan» арнайы экономикалық аймағынан бөлек, 2005 жылдан бері «Оңтүстік» экономикалық аймағы жұмыс істеп келеді. Оның негізгі бағыты өнімділігі тиімді өндірісті дамыту және сол салаға инвестиция тарту болып табылады. Сондай-ақ, мақта өндеу, тоқыма және тігін өнеркәсібін дамытуды көздейді. Аймақтың қызмет ету уақыты 2023 жылға дейін белгіленген. Яғни, демографиялық басымдыққа ие облыс территориясында орналасқан осы екі арнайы экономикалық аймақтың стратегиялық маңызы зор. Арнайы экономикалық аймаққа инвестиция тарту мақсатында инвесторларға қолайлы жеңілдіктер қарастырылған. Бұл жер салығынан босату, жерді тегін жалға алу, мүлік салығы, импортталған тауарға қосымша құн салығынан босату және т.б. тұрады. Осы қалыптасқан жеңілдіктер мен атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2019 жылы «Global Free Zone of the Year 2019» рейтингі қорытындысы бойынша, әлемнің 5000 еркін экономикалық аймақтың ішінен «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы үш номинация бойынша үздік деп танылды. Бұл экономикалық аймақтың даму бағыттарының дұрыс әрі тиімді жолға қойылғандығын көрсетеді. Түркістан қаласының бас жоспарында қала халқының саны 2050 жылға қарай 500 мың адамға жетеді деп болжам жасалған. Соған сәйкес қаланың өмір сүру деңгейін көтеру бағытында бірқатар жоспарлар құрылған. Осы белгіленген межеде Түркістан облысының экономикалық мүмкіндігін арттыруда «Turkistan» арнайы экономикалық аймағының үлесі зор болады деп күтілуде. Аймақ облыстағы жұмыссыздықты жоюға, халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге, еркін сауда аймағын құруға, көлік-логистикалық инфрақұрылымды жақсартуға септігін тигізеді. «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы «Kazakh Invest» компаниясымен бірігіп шетелдік инвестицияларды тарту жұмыстарын жалғастыруда. Жалпы, мерзімі 2043 жылға дейін жоспарланған арнайы экономикалық аймақта келешекте 200-ге жуық жобаны іске асыру көзделіп отыр. 2043 жылға қарай аймақта шетелдік инвестиция көлемі – 33 млрд теңгені, ал отандық инвестиция көлемі – 55 млрд теңгені құрауы қажет. Ал, қатысушы компаниялардың санын 78-ге жеткізіп, 6800 адамды жұмыспен қамту көзделген. Бұл арнайы экономикалық аймақтың қорытынды межесі болып табылады. Қорытындылай келе, «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы Түркістан облысы экономикасының жан-жақты дамуына мол мүмкіндік жаратуда. Соның ішінде шетелдік және отандық кәсіпкерлерді аймақ төңірегінде топтаса бастауы жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының көтерілуінің кепілі болып табылады. Бұл Түркістан қаласының туристік әлеуетін көтерумен қатар жүргізіледі. Сонымен қатар, арнайы аймақтағы өндірістік жобалардың жүзеге асуы облыс территориясынан өтіп жатқан Батыс Еуропа-Батыс Қытай трансұлттық көлік дәлізін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Түркістан облысындағы «Қарапайым заттар экономикасы» сияқты бірқатар бағдарламалардың жүзеге асуына да септігін тигізетін болады.
Түркістан қаласында құрылыс саласы қарыштап дамуда. Яғни жобалардың дені құрылыс саласына қатысты. Мысалы, бетон бұйымдарын шығару, кірпіш өндіретін зауыттар ашылуда. Дегенмен арнайы экномикалық аймақ құрылыс қана емес, басқа да салаларды қамту мақсатында жұмыс істеуде. Мәселен, 2021 жылы Өзбекстанмен бірлесіп «Түркістан текстиль» фабрикасы ашылды. Түркістанның орналасқан жері логистикалық тұрғыдан алғанда өте тиімді. Екі ірі қала – мегаполис Шымкент пен Қызылорданың арасында орналасқан. Одан соң, Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық тас жолы Түркістан арқылы өтеді. Мамандар индустриалдық аймақтың бас жоспары әзірленген кезде Браунфилд жобаларын түріктердің тәжірибесінен алынғанын айтады. Түркияда әрбір индустриалдық аймақ өз алдына бөлек шағын қала сияқты дамыған. Әр ғимаратты салғанда бір-біріне ұйқас болып келеді. Яғни кәсіпкерлік саласы жақсы дамыған Түркияның тәжірибесін кеңінен енгізуге мән берілуде. Сондай-ақ арнайы экономикалық аймақ астананың экономикалық аймағына ұқсатып жасалған. Жалпы арнайы экономикалық аймақ тек облыс орталығында ғана емес өңір аумағында кәсіпккерлік саласының дамуына да оң септігін тигізуде. Кәсіпкерлік демекші, шағын және орта бизнеспен айналысатын нәзік жандылар қатары артып келе жатқанын да айта кетелік. Статистикаға сәйкес, шағын және орта кәсіпкерліктің 32%-ында әйелдер басшылық жасауда. Яғни Түркістан өңірінде жұмыс істейтін әрбір үшінші кәсіпкер – әйел. Бұл орайда еліміздегі алғашқы «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» өткен жылы Түркістан қаласында құрылғаны мәлім. Кәсіпкер әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту, бизнесті жүргізу үшін оларға қолайлы жағдайлар жасау мақсатында ашылған орталыққа 500-ден астам кәсіпкер әйел, сондай-ақ кәсіпкерлік бастамасы бар қыз-келіншектер кеңес алу үшін жүгінген. Бұдан басқа, кәсіпкерлікке, оның ішінде әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға «Түркістан» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мекемесі қызмет етеді. Барлық аудан және қала орталығында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының филиалдары бар. «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы да әйел кәсіпкерлері тарапынан белсенді қолданылуда. Бағдарлама арқылы өткен жылы кәсіпкерлерге 25 млрд теңгеге 6%-бен 1371 жеңілдетілген несие берілген болса, қолдау алған жобалардың тең жартысы – нәзік жандылар. Осы жылдың 6 айында 9,6 млрд теңгеге 274 жоба қолдау тапса, оның 48%-ы әйел кәсіпкерлердің үлесінде. Өңірде «Керуен сарай» және «Эко базар» саудагерлеріне арналған 6%-бен несиелеуді көздейтін «Yassy Business» бағдарламасы жұмыс істейді. Қазіргі таңда «Ырыс» микроқаржы ұйымымен 140 млн теңгеге 10 жобаны несиелеу туралы оң шешім қабылданды, оның ішінде 4 кәсіпкер әйелдің жобасы қолдау тапты.
Осы арада айта кетелік, Түркістан тек рухани орталық қана емес, сонымен бірге экономикалық тұрғыдан да көптеген өңірлерге көшбасшы бола алады. Өйткені, мұнда күн санап сауда-логистика, индустрия саласы да дамып келеді. Осылайша экономикалық әлеуеті артып келе жатқан өңір биыл тағы бір тарихи жобаны қолға алды. Түркі мемлекеттері ұйымының өкілдері Түркістан қаласында ашылатын «TURAN» арнайы экономикалық аймағының жоспарымен, ұйымдастыру барысымен, мүмкіндіктерімен танысу үшін арнайы келген болатын. Маңызды сапармен келген Түркия, Әзірбайжан, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан елдерінің делегациясымен Түркістан облысының басшылығы кездесіп, арнайы экономикалық аймақтың тұжырымдамасы талқыланды. Жоба менеджментін жүзеге асыруда Түркия тәжірибесі қолданылатын болды. «TURAN» арнайы экономикалық аймағын құру Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың идеясын жүзеге асыру бағытында қолға алынып отыр. Бұл – халықаралық деңгейдегі экономикалық аймақ болуы керек. Түркістандағы индустриалды аймақ, арнайы экономикалық аймақ тағы бір экономикалық аймақпен толығады. Әлемдік нарықта беделді ірі компания сапаршыларының кеңесіне жүгіне отырып, «TURAN» арнайы экономикалық аймағын халықаралық деңгейде дамыту көзделген. Кездесуде Түркі Кеңесі Бас хатшысының орынбасары Өмер Кожаман Түркістанда өндірісті дамытуға Түркияның ірі инвесторларының қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Бұл бағыттағы жергілікті биліктің қолдауына ерекше тоқталды. «Түркістанға Түркі мемлекеттері ұйымына мүше бірнеше мемлекеттен түрлі министрлік өкілдерінен құралған делегациялар арнайы келіп отыр. Оларда бұл салада ақпарат пен тәжірибе бар. Енді делегация мүшелері арнайы экономикалық аймақтың жай-күйін, болашағын, жоспарын саралап, арнайы баяндамалар әзірлейді. Бұл – бірінші қадам. Ең алдымен сараптама жасап алуды көздеп отырмыз. Екіншіден, бұл бастама заңмен бекітіліп, жүзеге асқаннан кейін біз Түркістанға ірі кәсіпкерлер мен өндірушілерді жібереміз. Әсіресе Түркиядан инвесторлар көбірек келеді деген болжам бар. Олар инвестиция салады деген сенім мол», деді ол. Сондай-ақ кездесуде Әзірбайжан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан өкілдері де өз ұсыныстарын айтып, бірлесе жұмыс атқаруға дайын екендерін жеткізді. Түркістанда іскерлік байланысқа қолайлы жағдай қалыптасқанын атап өтті.
Сөзіміздің басында айтып өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі кең инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндіктерін ескере отырып, Түркістан қаласында түркі елдерін біріктіретін арнайы экономикалық аймақ құруды ұсынған-ды. Ерекше мәртебе берілген «TURAN» АЭА аясында түркі мемлекеттерінің қатысуымен өндіріс орындары, біріккен кәсіпорындар ашылады деп жоспарланған. «TURAN» АЭА ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу, машина жасау, электр жабдығын өндіру, туристік және білім беру кластерлерінен тұратын өнеркәсіптік-өндірістік кластер құруды, сондай-ақ өзара тиімді сауда қатынастарын орнатуды көздейді.