Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында айтылған «Халық қатысатын бюджет» жобасы Түркістан қаласында тиімді іске асырылып жатыр. Президент «Оның ауқымын кеңейтіп, жобаға аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдарды тарту керек. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы қаржысының кемінде 10 пайызы қайда жұмсалатынын қоғамның өзі айқындауға тиіс» деген болатын. Сол Жолдауда айтылғандай алты сектордан тұратын елді мекендердің тұрғындарымен жылына төрт рет кездесіп, талап тілектерін ескеріп, елмен кеңесіп жұмыс жасау Түркістанда үйлесімін табуда.
Еліміздегі атымен де, затымен де елеулі Түркістан шаһары бір кезде тарихи қала ретінде әлемге белгілі болса, бүгінде Түркістан облысының орталығына айналып, заманауи даму жолына түскен кент ретінде өзге елдердің де назарына ілініп отыр. Демек, Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткен табыстарының бірі де – жаңа Түркістан.
Еліміздің оңтүстігінде жазық далаға орналасқан Түркістан қаласы қолайлы географиялық аймағында болғандықтын мұнда халық ежелден отырықшы тұрмыс салтын ұстанады. Ал облыс орталығы мәртебесін алғаннан бері бұл қалада тұрғын үйлер көптеп салынып, көшіп келушілердің саны жылдан-жылға артып келеді. Түркістан қаласында қазір 221 мың 102 адам тұрады. Алдағы уақытта бұдан да көбейе түсетіні анық.
Халықтың саны өскен сайын тұрғындар тарапынан көптеген мәселелер мен сұрақтар туындайды, яғни өсім бар жерде, өзекті мәселелер де болып жатады. Сондықтан аталған мәселелерді дер кезінде шешу қала басшысының басты міндеті болмақ.
Кейінгі жылдарға қарасақ, қаланың жан-жақты дамуында бірқатар нәтижелердің оң үрдісі байқалады. Атап айтқанда, биылға келіп Түркістан қаласында 12 мың 88 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 268,8 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке төленген салық көлемі 8,1 млрд теңгеге жеткен.
Облыстағы Turkistan арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарында жалпы құны 553,6 миллиард теңге болатын 80 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.
2025 жылға дейін маңызды жобаларды іске асыру нәтижесінде өңір экономикасына 2 триллион теңгеден астам инвестиция бағытталатын болады.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 322,9 миллиард теңгеге жетіп, 2020 жылмен салыстырғанда 4,1 пайызға артқан. Енді 2025 жылға дейін құрылыс жұмыстарының көлемін 439,3 миллиард теңгеге жеткізу көзделуде.
Жалпы, соңғы үш жылда Түркістан қаласында 536 жоба іске асып, оның 251-і пайдалануға тапсырылған.
Халықты баспанамен қамтамасыз ету ең басты қажеттіліктің бірі десек, Түркістан қаласында 4 жылда жалпы 337 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр (15 мың 411 пәтер, 1 миллионнан астам мың шаршы метр). 2019-2021 жылдары 113 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді (5 мың 433 пәтер, 342,9 мың шаршы метр).
Бүгінде жаңа қаланы ауызсумен қамтамасыз ету де жақсы жолға қойылып келеді. Нақтырақ айтсақ, Түркістан қаласында ауызсу құбырларын қайта жаңғырту мақсатында бірнеше нысанның құрылыс жұмыстары (7-шағынаудан, Хлопзавод, Ремзавод, бірінші және екінші Яссы-Шавғар, Теміржол) қатар жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, қосымша 7 мың 500 жеке тұрғын сапалы ауызсу құбырымен қамтылатын болады.
Кәріз жүйесімен 30,5 пайызға қамтылған. Оның аумағын қамтамасыз ету мақсатында осы жылы 6 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. 2 нысан құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.
Электрмен қамту мақсатында 202 1жылы 32 мың тұрғыны бар 40 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтылса, 2022 жылы қосымша 38 мың 300 тұрғыны бар 10 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтылатын болады.
Түркістан қаласы аумағы 98,5 пайыз электр қуатымен қамтамасыз етілген, оның 84 пайызы сапалы электр қуатымн тұтынады. Биыл тағы үш нысанның құрылысын аяқтап, қамту көрсеткішін 99 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Қаладағы көшелерді жарықтандыру мақсатында 2021 жылы 147,8 шақырым құрайтын 155 көше нақты жарықтандырылды. 2022 жылы 395,1 шақырым құрайтын 318 көшеде жарықтандыру жүйесін жүргізу жоспарланып отыр.
Түркістан қаласында 845 шақырымдық 875 көше бар. Олардың 37,4 пайызы – асфальт, 47,5 пайызы – тасжол және 15,1 пайызы – топырақ жолдар.
2021 жылы 15,1 шақырым 11 көше орташа жөндеуден өтті. Топырақ жолдардың санын азайтып, тасжолдардың саны мен сапасын арттыру мақсатында 2021 жылы 158 шақырым қашықтықты құрайтын 185 көшеге тас төселді.
Осы жылы қалған 127,3 шақырым топырақ көшелерге шағал тас төселіп, 46,4 шақырым құрайтын 40 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт жабыны төселді. Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 29,6 шақырымға жететін 26 көшеге аяқжол (тротуар) салу жоспарланған.
Халыққа қолайлы болу үшін 2021 жылы 40 жаңа автобус сатып алынған. Автобустар дизель отынымен жүреді, салқындатқышы бар, мүгедек жандарға қолайлы. Жалпы, қалада 24 қоғамдық көлік бағыты бар. Қоғамдық көліктің 18 пайызы жаңартылған. Биыл тағы 50 жаңа автобус сатып алу жоспарланған. Халыққа ыңғайлы әрі тасымалдаушыларға қолайлы болу үшін қоғамдық көліктерге Tolem жүйесі енгізілген.
Түркістан қаласында өткен жылдың 13 желтоқсанында «Мүмкіндігі шектеулі және зейнет жасындағы азаматтарға әлеуметтік сүйемелдеу қызметтерді көрсететін орталығы» құрылды. Онда үйде әлеуметтік қызмет көрсету, әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу, белсенді ұзақ өмір сүру және TEN QOGAM секторлары қызмет көрсетеді.
Бұдан бөлек, Түркістан қаласында 50 орындық қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған ғимараттың құрылысын салу жоспарланды.
Тұрғындар санының өсуіне байланысты Түркістан қаласында 2025 жылға дейін 11 мектеп салынады деп жоспарланып отыр, оның бәрі де бюджет есебінен.
2021 жылы 900 орындық мектеп, 720 орындық Назарбаев зияткерлік мектебі және оның 120 орындық жатақханасы салынған. Бұдан бөлек, «Алтын ұрпақ» бастауыш мектебі, «TURKESTAN бастауыш мектебі», «Береке Болашақ» мектебі, «Білім-Ғылым Инновация» мектебі, BILIM KEMESI мектеп-лицейі, «NUR интеллектуалды мектебі» секілді 6 жекеменшік мектептер пайдалануға берілді. Мұның бәрі халықты білім беру орталықтарымен қамтуға және оларда сапалы білім беру ісін жүргізуге зор пайдасын тигізіп отыр.
Бұл сала бойынша Түркістан қаласында 200 төсек-орындық модульді аурухана салынды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 570 төсек- орынға көпсалалы ауруханасының құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жедел жәрдем қызметін нормативке сәйкестендіріп, жүктемесін азайту мақсатында демеушілікпен (Қазатомпром қорынан) 25 бригадаға арналған типтік жедел жәрдем стансасы салынып жатыр.
Туризм саласы Түркістанде бұрыннан жақсы жолға қойылған. Бұл сала бойынша 2021 жылы инвестиция көлемі 102 миллиард теңгені құрап, республика бойынша бірінші орынға шықты. 2021 жылы облыста «Керуен Сарай» көпфункционалды туристік кешенінде демалыс орындар және туристік нысандары іске қосылды (Ramada by Wyndham, Emir Plaza, Rich Hotel, Grand Villa, Golden Ray Turkistan Hotel, Этно Парк Резорт). Сондай-ақ, 2021 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан қаласына бір күнде 1 миллион 417 мың 372 адам келді (2020 жылы – 382 мың 606 адам болған).
2022 жылы ішкі туристердің санын 261 мың адамға, шетелдік туристердің санын 7 мың 290 адамға, Түркістан қаласына бір күндік келушілер санын 1,6 млн адамға, туризм саласы бойынша көрсетілетін қызметтердің көлемін 3,5 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланған.