Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің басшысы ретіндегі алғашқы жұмыс сапарын Түркістанға зиярат етумен, зиялы қауыммен кездесуден бастағаны есімізде.«Түркістан – мемлекетіміздің алтын бесігі. Елбасының бұл қалаға ерекше мәртебе беру туралы шешімі кездейсоқ емес. Ежелгі Түркістанның жаңғыруы мен жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді» деген болатын сол кездесуде Президентіміз.
Мемлекет тарапынан Түркістан облысына, Түркістан қаласына ерекше көңіл бөлуінің нәтижесінде шаһар 3 жыл ішінде адам танымастай өзгерді.
«Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі Бас жоспардың тұжырымдамасына» және «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспарын бекіту туралы» ел Үкіметінің қаулысына сәйкес 3 жылда Түркістан қаласында 257 нысан пайдалануға берілді. Солардың ең ірі әрі ауқымдыларына тоқталайық. 2019 жылы 23 нысанның құрылыс жұмыстары басталып, бүгінгі таңда әкімшілік-іскерлік орталығында 14 нысанның құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Олар:
1. Әкімшілік ғимараты;
2. Басқармалар үйі;
3. Департаменттер үйі;
4. Нұр-Сұлтан алаңы (Астана қаласы);
5. «Конгресс-холл» орталығы (Самұрық-Қазына);
6. «Алатау» медиа-орталығы (Алматы қаласы);
7. Оқушылар сарайы (Самұрық-Қазына);
8. 7000 орынды стадион (Самұрық-Қазына);
9. Бассейні бар спорт кешені (Petroleum Operating);
10. Олимпиадалық резерв мектебі (Солтүстік Қазақстан облысы);
11. Халыққа қызмет көрсету орталығы (Павлодар облысы);
12. Музыкалық мектеп (Батыс Қазақстан облысы);
13. Қалалық саябақ (Алматы, Ақмола, Қарағанды);
14. Цифрлық кеңсе (Самұрық-Қазына).
Әкімшілік-іскерлік орталығында салынып жатқан әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге 100,7 шақырым инженерлік инфрақұрылым тартылып, оның 91,2 шақырымы іске қосылған.
Ал, рухани-мәдени орталығында 9 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіліп, бәрі пайдалануға берілді. Олар:
1. Шығыс моншасы (Қызылорда облысы);
2. Әуенді субұрқақ (Шығыс Қазақстан облысы);
3. Неке сарайы (Қостанай облысы);
4. Амфитеатр (Маңғыстау облысы);
5. Қабылдау орталығы (Жамбыл облысы);
6. Қ.А.Ясауи мұражайы (Самұрық-Қазына);
7. «Ұлы дала елі» орталығы (Атырау облысы);
8. Драма театр (Ақтөбе облысы);
9. «Farab» кітапханасы (Шымкент қаласы).
Мәдени - рухани орталығында құрылысы жүргізіліп жатқан нысандарға 41,1 шақырым инженерлік инфрақұрылым тартылған.
Түркістан үлкен агломерацияға айналуы бек мүмкін. Ал, дамыған қала болу үшін тұрғындарды баспанамен қамту өзекті. Былтыр әкімшілік іскерлік орталығында 28 үйдің құрылысы аяқталып, 1150 пәтер пайдалануға берілген. Жалпы әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында ауданы 465,3 мың шаршы метр болатын 9052 пәтерлі 177 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Қала аумағында саябақтар мен демалатын орындар, туристік нысандар саны артуда. Тұңғыш Президент саябағы, Н.Назарбаев аллеясы (Арбат), желілік саябақтар, гүлзарлар, Қ.А.Ясауи мен Рәбия Сұлтан Бегім кесенелерін қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының аумағын абаттандыру, Күлтөбе көне қонысының тарихи орындарын қалпына келтіру жұмыстары да тоқтаусыз жүріп жатыр. Әкімшілік-іскерлік орталығында 28 гектар аумаққа дендросаябақтың, 9 гектар аумаққа жасанды көлдің құрылысы басталды. Қаланы көгалдандыру, сулы әрі нулы шаһарға айналдыру бағытында бірқатар жобалар жүзеге асып, ел игілігін көре бастады. Рухани-мәдени және әкімшілік-іскерлік орталық пен жалпы қалада 100 шақырымдай арықтар қазылып, су жіберілді. Шаһардағы «Тұңғыш Президент» саябағында салынған су айдынының сыйымдылығы 100 мың текше метрге жуық болса, тереңдігі 4 метрге жетеді. Дендросаябақта сыйымдылығы 200 мың текше метрден асатын жасанды көл туризмнің түлеуіне түрткі болмақ. Сонымен бірге олимпиадалық стандартқа сай ескек есу каналы салынып, Түркістан Азия мен шетелдердің спортшылары қатысатын ірі додаларды қабылдайды. Халықаралық дәрежедегі орталықтың көлемі – 100 гектар. Су айдынының ұзындығы 2,5 шақырым болса, ені 125 метрді құрамақ. Каналдың тереңдігі – 4 метр.
Мемлекет тарапынан Түркістанды туризм орталығына айналдыру міндеті жүктелгені белгілі. Бұл бағытта да жүйелі жұмыс атқарылған. Оған инвесторлар мен жеке кәсіпкерлер үлес қосты. Қалада «Керуен сарай» кешені салынып, қазіргі таңда Қазақстанның барлық өңірлерінен туристер келіп жатыр. Бір күнде 7 мың адам келген дерек те тіркелді. Халықаралық стандартқа сай «Rixos Turkistan», «Hampton by Hilton Turkistan», «Нұр Әлем» және өзге де қонақүйлер ашылды. Халықаралық талапқа сай әуежай пайдалануға берілді. Әуежай арқылы Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларымен қатар Ыстамбұлға тұрақты рейстер ашылған. Алдағы уақытта бағыттар саны көбеймек.
Түркістан қаласының бас жоспарына сәйкес, облыста 7700 гектар аумаққа «Жасыл белдеу» құру жоспарланып, 2020 жылы 2400 гектар аумаққа 1 миллионнан астам көшет отырғызылған. Түркістан қаласын абаттандыру үшін бөлінген 32 секторда 33 мың түп ағаш егілген. Бүгінде «Жасыл белдеу» жобасының жалпы аумағы 2 есе ұлғайып, 13 мың 500 гектарға жетті. Әрине, отырғызылған көшеттердің бәрі жайқалып кетті деу қате болады. Мамандардың өзі көшеттің жерсіну көрсеткіші өзге өңірлерде 70 пайызды құраса, Түркістан аумағындағы деңгейі 50 пайыздан аспайтынын айтады. Дегенмен, көгалдандыру, жасыл алқапты көбейту жұмыстары жалғасады. Жергілікті атқамінерлер осылай деп отыр. Осы жүйелі жұмыстар арқылы таяу жылдары біз саябағы жайқалған, сәулеті алыстан байқалған, жанға жайлы, тұрғындары бақытты Түркістанды көреміз деген сенім мол.
Жуырда Түркістанда «Ұлы Жібек жолы – ұлы мұра» атты халықаралық форумы өтті. Оған 15 мемлекеттің туризм саласына жауапты өкілдері мен кәсіби мамандары келді. Түркістанның туристік әлеуетін, даму жоспарын талқылады. Келелі ұсыныстар айтылды. Қазіргі таңда Түркістан қаласына жылына 1 миллион турист келсе, алдағы жылдары туристер саны еселеп артады деген болжам бар. Қазіргі таңда оның алғышарттары жасалып жатыр. Қалада Халықаралық туризм және меймандостық университеті ашылды. Осы және Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ арқылы ғылым, қызмет көрсету, туризм салаларында білікті кадрлар даярланып, жаңарған Түркістанға қызмет етеді деген сенім бар.
Бүгінде Түркістан облысында, оның орталығында білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларына да басымдық беріліп, көптеген нысан ел игілігіне берілді. Назарбаев зияткерлік мектебі бой көтерді. Өңір басшысының «Түркістан – сан ғасырлық тарихы бар қасиетті мекен, Еуропа мен Азияны тоғыстырып жатқан Ұлы Жібек жолының күретамыры, Қазақ хандығының астанасы болған киелі қала. Елбасының Түркістанға тарихи мәртебесін қайтару ісіне баса назар аударуында үлкен мән жатыр. Біз құрылыс нысандарын салуды және өзге де жұмыстарды уақытында атқара аламыз. Қаланы да саламыз. Бірақ, сонымен бірге мәдениетіміз бен руханиятымызды да соған сай етуіміз керек» деген пікірі бар. Интеллектуалды, санасы сергек ұрпақ тәрбиелеуде Түркістанда бой көтерген рухани және мәдени нысандар маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.
Руханият демекші, облыс басшысының бастамасымен Түркістан қаласының идеологиялық 4 бағыты белгіленген болатын. Олар:
1. Түркістан – қазақ халқы мен түркі тілдес елдердің ең ірі зиярат және туризм орталығы;
2.Түркістан – әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығы;
3.Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі сауда орталығы;
4.Қожа Ахмет Ясауи – рухани тұлға.
Екі жылдай уақыттан бері осы бағыттар негізінде жұмыстар атқарылып келеді. Қалада тарихтан сыр шертетін «Ұлы Дала елі» орталығы, «Алтын самұрық» кешені және қазақ хандарына арналған мемориалдық кешен мен өзге де рухани нысандар ашылды. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің тың ізденістері арқылы Қожа Ахмет Ясауидің ұрпақтары мен туған-туыстарына қатысты зерттеулер жүргізіліп, ғұламаға қатысты тың деректер табылды. «Ясауи ізімен» ғылыми-танымдық экспедициясы жасақталды. «Turkistan» халықаралық телеарнасы көрерменге жол тартты.
Қазақ хандарына арналған кешен жүрегі «қазағым» деп соғатын әрбір азаматқа рух беріп, санасын серпілтеді. Тарих тереңіне жетелейді. Ғасырлар тоғысында Қазақ хандығының астанасын ғана емес, тұтас Қазақияны қорғаған баһадүр бабалардың ізі, кемеңгер ойшылдарымыз бен билеріміздің өсиеті, Ясауидей бабаның ізгілікті ісі қалған Түркістан шын мәнінде Түркі әлемінің орталығына айналады. Оған сенім кәміл.