Биыл Түркістан қаласын табиғи газбен қамту 94 пайызға жетеді

g12a4848-2048x1206.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 23 наурызында Президент сайлауынан кейін алғашқы іссапарын киелі Түркістан қаласынан бастағаны белгілі. Ел басшысы сол сапарында Түркістан тұрғындарымен кездескенде «Басшылар халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет. Жылына бір рет ұйымдастырылатын есеп беру кездесулері – көзбояушылық. Халықпен күн сайын бірге болып, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек» деп, жергілікті билік өкілдеріне халықпен тығыз байланыста болуды тапсырған болатын. Ал, биыл наурызда Мемлекет басшысы әкімдерді өздері басқаратын аумақтағы жұртшылықпен жылына кемінде төрт рет кездесіп, есепті кездесулер өткізуді міндеттейтін Жарлық шығарды. Президент Жарлығымен бекітілген тапсырманы орындау мақсатында Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков шаһардың барлық секторлары мен шағынаударына барып, ел аралап есепті кездесулерін өткізіп келеді. Тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, келесі кездесулерде олардың орындалуын баяндап, халықпен кеңесіп, тиісті бөлімдермен игі істерді атқаруда. Бұл Президенттің Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында айтылған «Халық қатысатын бюджет» жобасы тиімді іске асырылып жатыр. Оның ауқымын кеңейтіп, жобаға аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдарды тарту керек.  Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы қаржысының кемінде 10 пайызы қайда жұмсалатынын қоғамның өзі айқындауға тиіс» деген тапсырмасының жүзеге асуы екені сөзсіз.

Президент тапсырмасын орындау барысында кезекті көпқабатт үйлердің құрылысын аралап бақылау жұмыстарын Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков облыс әкімі Дархан Сатыбалдымен бірге бастап, құрылыс нысандарындағы мердігерлермен кездесуге барды.

Әр нысанның жұмыс барысын бақылап, кестеден кешікпеуін қадағалаған қос әкім «Turan» футбол академиясының құрылыс барысымен де танысты. Облыс футболын дамытып қана қоймай, республикалық деңгейде оқу-жаттығу орталығына айналатын бұл нысан жеке инвестор есебінен салынып жатыр. 10 футбол алаңы, 300 орындық қонақүйі бар. Футбол алаңдары іске қосылуға дайын. Жалпы жоба 2024 жылы толық жүзеге асады деп жоспарланған. Дегенмен инфрақұрылымы реттелсе, жоба ертерек аяқталуы мүмкін. Облыс әкімі инфрақұрылым мәселесін реттеуді тапсырды.

Бүгінде облыс орталығында жеке инвесторлар есебінен салынған тұрғын үйлер саны артқан. Өңір басшысы солардың бірқатарына барды. Атап айтсақ, «Feb Turkestan», «Yassy Green House», «Park View Residence», «DEL&Invet» және өзге де компаниялар салған тұрғын үй кешендерін аралап көрді. Түрлі сәулет үлгісінде салынған үш қабатты үйлер және коттедждер Түркістанның ажарын аша түспек.

Облыс әкімі әрбір үйдің құрылысы талапқа сай болуын ескертті. Бүгінде шаһарда бірнеше тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Олардың біразы қазан айында тапсырылса, бірнеше тұрғын үй кешені жыл соңына дейін иелелеріне берілмек.

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков қаладағы кондоминиум нысандарын, екінші мөлтек ауданындағы, Тоқаш Бокин көшесіндегі, Яссы көшесі мен "Отырар" мөлтек ауданындағы абаттандыру жұмыстарын, Сұлтанбек Қожанов көшесіндегі кәріз жүйесі құрылысын, Тәукехан көшесіндегі ауыз су құбырының құрылыс барысын аралап, жұмыстарды бақылады.

Аралау барысында жауапты мамандарға қала аумағындағы 2 қабатты 25 тұрғын үйді газдандыруды аяқтауды, бірінші және екінші мөлтек аудандарда тазалық жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Тоқаш Бокин көшесінде қолға алынған абаттандыру мәселесін тұрғындармен келісе отырып жүргізу ескертілді.

Қала аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазарту жайы қозғалып, тұрмыстық қалдықтар тастаған мекемелерге тиісті шара көру қажеттігін атап өтті.

Отырар мөлтек ауданындағы құрылыстарға қатысты мердігерге де біршама ескертулер айтып, тапсырмалар жүктеді.

Берілген тапсырмалардың орындалуына мерзім белгіленіп, сапасына бақылау жүргізу әкімнің орынбасарларына бекітілді.

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің “Бекзат” мөлтек ауданының тұрғындарымен кездесуінде сектор аумағынан Халыққа қызмет көрсету орталығын ашу бойынша тұрғындар мәселе көтерген болатын.

Осы мәселеге қатысты қала әкімі “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы Түркістан облысы филиалының директоры Бахыт Басымбекке ұсыныс жолдап, ел тілегін жүзеге асыру үшін қолдау білдіруге шақырды.

Ынтымақты тірліктің нәтижесінде бүгін үш бірдей сектор тұрғындарына қолайлы жерде жаңа форматтағы “New” Цифрлық Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды.

Аталған нысан Төле би көшесінде орналасқан. Цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығында енді “Шауғар”, “Бекзат” ,“Сауран” мөлтек аудандарының тұрғындары мемлекеттік қызметтерді алу мүмкіндігін иеленді.

Орталықтың ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Басқарма аппаратының басшысы Қуатов Қуандық қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты.

“Цифрлық Халыққа қызмет көрсету орталығында қызмет көрсететін операторлар болмайды, адамдардың цифрлық қызметтерді алу сауатын ашу орталығы ретінде қызмет жасайды. Әрбір азамат жоғары технологияларды пайдалану арқылы мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуға үйренеді. Себебі осы жерге келу арқылы азаматтар қызметтерді қалай алудың оңай екенін көріп, болашақта бұл жерге келмей үйінде не басқа жерде қызметтерді ала алады”-деді басқарма аппаратының басшысы Қуандық Қуатов.

Бұл заманауи үлгідегі цифрлық технологиялармен жабдықталған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-офисі. Мұнда азаматтар арнайы стенд-павильондарда орналасқан қоғамдық қолжетімді пункттер, «ConnectionPoint» өзіне-өзі қызмет көрсету секторының және планшеттердің көмегімен электрондық өтінімдерді өз бетінше тапсыра алады. Келушілер оператордың көмегінсіз өздеріне қажет кез келген құжатты рәсімдеп, цифрлық сауаттылық дағдыларын шыңдай алады.

Сонымен қатар, орталықта мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы шақыру батырмасы және жеке терезе жұмыс істейді. Балалары бар келушілерге ана мен бала бөлмесі де қарастырылған.

Түркістан қаласында бүгін ерекше орталық ашылды. Белсенді ұзақ өмір орталығында зейнеткерлерге дәрігердің бақылауы мен кеңесі бойынша психологиялық көмек, тұзды бөлме, сенсорлық бөлме, массаж, сауықтыру-гимнастика, ЛФК кабинеті, еңбек терапия, фитотерапия, ағартушылық кабинет, акт залы, кітапхана алаңы, бильярд және теннис ойын алаңы, қосымша би, ән т.б үйірмелері қызмет етеді.

Бір қолданысы 10 классикалық массажға тең жаңа инновациялық биоэнергетикалық ерекше массаж аппараты арқылы бірден 7 түрлі ем ұсынылады.

Қазіргі таңда Түркістанда 14 915 зейнеткер бар. Орталықта күніне 60-70 адамға қызмет көрсету мүмкіндігі қарастырылған.

Орталықтың ашылуына қатысқан қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков қарияларға «Бүгінгі бейбіт күніміз – Сіздердің кешегі еңбектеріңіздің жемісі. Баршаңыз кейінгі ұрпаққа жайлы орта үшін тер төктіңіздер, енді біз Сіздерге қызмет етеміз. Мен мүмкіндігінше жиі келіп, өздеріңіздің жағдайларыңызды біліп тұрамын», - деді.

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков бүгін екінші мөлтек ауданындағы, Тоқаш Бокин көшесіндегі екіқабатты тұрғын үй аулаларындағы абаттандыру құрылысын аралап, жұмыс барысын тексерді.

Аралау барысында аулалардағы заңсыз құрылыстарды бұзу бойынша сала басшысына нақты тапсырмалар беріп, орындалу мерзімін бекітті.

Бірлік секторындағы сквер, "Отырар" мөлтек ауданындағы желілік саябақ құрылысы мен жарықтандыру жұмысына қатысты бірқатар кемшіліктер айтылып, мердігер мекемеге ескертілді.

Сонымен қатар, жолдарға тас төсеу мәселесі мен қала аумағындағы тазалық жайы да бақылаудан тыс қалмады.

Жауапты мамандарға кемшіліктерді жоюға уақыт берілді.

Нұрбол Әбдісаттарұлы "Қазір әр сәтті тиімді пайдалану керек. Алдымызда жауын-шашын кезеңі бар. Сондықтан уақытпен санасудың қажеті жоқ" деп, тірлікті тиянақтауға барлық күшті жұмылдыру қажеттігін атап өтті.

Тұрғындар тарапынан түскен өтініштер негізінде қазіргі таңда Түркістан қаласы әкімі Нұрбол Тұрашбековтің 265 тапсырмасы тұрақты бақылауда. Оның 50-і қала дамуының жоспарына енгізіліп, қаржыландыруға ұсыну үшін құжаттары рәсімделуде.

265 тапсырманың бүгінде 124-і орындалды, өзге өтініштер бойынша жұмыстар басталды.

Жалпы, даму жоспарына сәйкес, шаһарда кәріз жүйесі құрылысының ауқымы кең. Кәріз жүйесімен қамту жұмысын 2025 жылға аяқтау көзделген. Ауыз су, табиғи газ және кәріз жүйесі толық жүргізілген аумақтарға көше жарықтарын орнатып, асфальт төсеу жоспарлы жүзеге асуда.

Бірлік тұрғын алабында 35 шақырымды құрайтын 33 көшеге жарықтандыру жүйесі жүргізілді. Мұхтар Әуезов көшесіне, Ахмет Жұбанов көшесіне көше жарығы орнатылды.

Көпшіліктің ұсынысына сәйкес Төле би көшесінде «Халыққа қызмет көрсету орталығының» бөлімшесі жаңа форматта өз жұмысын бастады.

Шілік көшесінде жаяу жүргіншілерге арналған жол төселіп, Төлебаев көшесіндегі балалар ойын алаңшасы мен спорт алаңшасы қалпына келтірілді. Тәуелсіздіктің 10 жылдығы көшесі бойына 2 аялдама орнатылды.

Жәңгірхан көшесіндегі ескірген аяқжол ағымдағы жөндеуден өтті. М.Жұбанов көшесінде жаяу жүргіншілер жолының құрылысы ай соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Б.Смаилов, М.Ғабдуллин көшелеріне тас төселді.

Тапсырмалардың орындалуы әр аптаның қортынды аппараттық мәжілісінде баяндалады. Нұрбол Әбдісаттарұлы әкім аппаратының ұйымдастыру бөліміне орындалған тапсырмаларды барып тексеріп, зерделеуді арнайы тапсырған болатын. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде тапсырмалардың орындалу сапасы мен саны артты.

Түркістан қаласында биыл жалпы көлемі 200 мың шаршы метрден асатын 3 мың 392 пәтерлі 53 үйдің құрылысын аяқтау жоспарланған. Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков Әкімшілік-іскерлік орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлердің жай-күйі мен құрылыс жұмыстары туралы баяндады.

2021_04_19_12-04-qurylys.jpg

Түркістанда жыл басынан бері жаңадан салынған көпқабатты 42 үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін көпқабатты тағы 11 үй құрылысы толық аяқталып, 725 пәтер пайдалануға беріледі.

Жаңа тұрғынжайда туындаған мәселелердің дер кезінде шешілуін қамтамасыз ету мақсатында қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, тиісті мамандардан құралған жедел әрекет ету топтары жасақталуда.

Ендігі кезекте, барлық инфражүйе жұмысы қалыпқа түсіп, кемшіліктер толық жойылғанша жедел әрекет ету тобы көпқабатты үйлер аумағында орналасып, қызмет етеді.

Түркістан қаласын газбен қамту деңгейі 95 пайызға жетті. Көрсеткіш жыл соңына дейін 98 пайызға жетеді деп жоспарланған.

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков жұмыс күнін мәжіліспен бастап, облыс және қала әкімі тапсырмаларының орындалуы бойынша тиісті бөлім басшыларының есебін тыңдады. Шаһар басшысына қала аумағында құрылысы жүргізіліп жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің сапасы бойынша айтылған ескертулердің орындалуы баяндалды. Сонымен қатар, жыл басынан бері сектор тұрғындарымен кездесу барысында көтерілген өзекті мәселелердің негізінде берілген 204 тапсырманың жүзеге асуы сараланды. Сондай-ақ, топырақ жолдардың мәселесін түбегейлі шешу бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы есеп берді.

Нұрбол Әбдісаттарұлы тапсырмалардың заң аясында мерзімінде орындалуын қамтамасыз ете алмаған басшыларға шара көрілетінін ескертті.

2-3.jpg

Түркітан қаласындағы топырақ жолдардың үлесі 270 шақырымды құрайтын. Бір жылда соның 237 шақырымына тас төселіп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңдар қала аумағында жалпы жиынтығы 33 шақырымды құрайтын топырақ жол қалды.

Қала аумағында кәріз жүйесінің құрылыстары да қарқынды. Әрине, уақытша қолайсыздық. Кәріз құбырлары жүріп болған соң, басымдық жолдарды асфальттау мен көшелерді жарықтандыруға беріледі.

Жыл бойы Түркістан қаласының санитарлық тазалығын «Түркістан Жарық Тазалық» және «ШымкентСпецКомплекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қамтамасыз етіп келеді.

Жалпы қала аумағында 845 шақырымды құрайтын 875 көше болса, оның 787 көшесіне санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіледі.

Қалған көшелер – қаланың ең шеткі аумақтарында орналасқан жаңа құрылыс аумақтары. Оларда тазалық жұмыстары үйлер толық салынып, көше қалыптасқан кезде басталады.

787 көшенің 136 көшесі механикалық жолмен тазаланса, қалған 651 көшенің қоқысы қол күшімен алынады. Механикалық жолмен тазаланатын 787 көшенің 39-ы орталық маңызы бар көше.

«Түркістан Жарық Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қаланың орталық көшелеріне қызмет көрсетсе, «ШымкентСпецКомплекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әкімшілік іскерлік орталығы, рухани мәдени орталық және шеткі көшелерді тазалайды.

«Түркістан Жарық Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «ШымкентСпецКомплекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көшелерді тазалау жұмыстарын «Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі» мемлекеттік мекемесі тарапынан бекітілген кестеге сәйкес, бірінші санаттағы көшелерді - күнделікті, екінші санаттағы көшелерді - аптасына екі-үш рет, ал шеткі көшелерді аптасына бір рет жүргізеді.

Screenshot_2.jpg

Түркістан қаласына сағатына 80 мың текше метр табиғи газ келіп тұр. Қыс ауасына байланысты жеке абоненттер мен мекемелердің газ тұтыну көлемі көбейгендіктен, қалада газдың қысымы төмендегені байқалды. Қалыптасқан жағдайға байланысты «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы Түркістан облысы өндірістік филиалы және Түркістан қаласы әкімдігі бірлесіп, газ қысымын ұлғайту туралы келісімге келіп, нәтижесінде тұрғындардың табиғи газға деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында, АГТС-15-тен босаитылатын газ көлемі ұлғайтылды.

Сонымен қатар, 3 желтоқсан күні Шауғар секторы, "Ремзавод" аймағындағы 7 көшеде (200 абонент) газдың қысымы төмендеген. Көгілдір отынның қысымын тұрақтандыру мақсатында, аталған аймақта газ құбырларының құрылысын жүргізген мердігер «Отау Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «ИнтерГаз Центральная Азия» акцинерлік қоғамы және Түркістан қаласы әкімдігінің Инфрақұрылым және коммуникация бөлімінің мамандары шұғыл зерделеп, диаметірі 110 милиметр газ құбырында кептеліс пайда болғанын және газ құбырының соңғы нүктесі болуына байланысты газ қысымының төмендегенін анықтаған.

Анықталған ақауды жою үшін, "Ремзавод" аумағындағы газ құбырын орта қысымды екінші газ құбырына қосып, біріктіру (закольцовка) туралы шешім қабылданды. Мердігер «Отау строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі есебінен қажетті жабдықтар алынды, тиісті жұмыстар атқарылып, қалпына келтірілді.

Түркістанда топырақ жолдардың үлесі күн санап кеміп келеді. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков тұрғындармен қараша айында өткізген кездесуінде қалада 33 шақырым топырақ жол қалғанын айтқан болатын.Бұл көрсеткіш бүгінде тағы 20 шақырымға кеміді. Енді сәтін салса сәл күнде Түркістанда топырақ жолы бар көше жоқ қалаға айналады.

– Оңтүстік өңірінің ауа-райы жылылығымен ерекшеленгенімен қыс мезгілінің өзіне тән әбігері бар. Сондықтан, жылыту маусымы барлық өңірде тұрақты бақылау мен қатаң қадағалауды қажет етеді. Бүгінде бұл мәселе Мемлекет басшысының да жіті назарында. Түркістан қаласындағы жылыту жүйесінің жұмысы бойынша бүгін мен тиісті мамандармен жиналыс өткізіп, есептерін тыңдадым. Қалада сапалы жылу беру үшін тозығы жеткен жылу жүйесі кезең-кезеңмен жаңартылып келеді. Бір нысанда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жылу құбырларының тозу деңгейі 79 пайыздан 30 пайызға төмендеді. Биыл бірінші және екінші мөлтек аудандарының ішкі орамдық магистральді желілерін жаңғыртудың екінші кезеңінің жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданды. Құрылысын жүргізу 2023 жылға жоспарлап отырмыз. Бұл нысандағы жұмыстар толық аяқталған жағдайда жылу құбырларының тозу деңгейі 30 пайыздан 10 пайызға төмендейді, – дейді қала басшысы.

Облыс орталығында 17 жылу қазандығы бар. Бүгінгі таңда 12 қазандық көпқабатты 157 үйдегі 7798 пәтерді жылумен қамтамасыз етуде. Қалған 5 қазандық іске қосылуға дайын. Әкімшілік-іскерлік орталығындағы жаңа үйлер пайдалануға берілген соң жұмысын бастайды.

Сондай-ақ, газдандыру мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Бүгінгі күні көгілдір отынды қалалықтардың 92 пайызы (38 мың 60 абонент) пайдалануда. Газ жүйесі үшінші желтоқсаннан бастап толық қысқы режимге ауысып, газ қысымы арттырылды.

Жаңа құрылыс аумақтарын назардан тыс қалдырмай, жер құжаттарын енді ғана заңдастырған 380 тұрғын үйді табиғи газбен қамту үшін тиісті тапсырмалар берілді. Құжаттары рәсімдеуге ұсынылған 1229 абонент көгілдір отынға қосылғаннан кейін қамту көрсеткіші 92 пайыздан 94 пайызға өседі.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Әсем тауда» бәрі әсем
  • Көпшіліктің көзайымына айналған «Шале»
  • Туристерге сая болған «Нұрсая»
  • Тау етегіндегі ғажайып орын
  • «Маяк» - cапалы қызмет көрсетеді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер