Түркістан қаласының дамуы туралы айтатын болсақ, тұтастай жаңа қала салынды деуге болады. Санақ нәтижесі бойынша қала халқы 56 мың 356 адамға өсіп, 221 мың 102 адамды құрады. Бұл көрсеткіш 2018 жылы 164 мың 746 адамды құраған болатын. Төрт жылда қалаға тартылған инвестиция көлемі 8 есеге артып, жалпы 793,2 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде, 50 пайызға жуығы, яғни 389,4 миллиард теңге жеке инвестиция есебінен салынған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 23 наурызында Президент сайлауынан кейін алғашқы іссапарын киелі Түркістан қаласынан бастағаны белгілі. Ел басшысы сол сапарында Түркістан тұрғындарымен кездескенде «Басшылар халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет. Жылына бір рет ұйымдастырылатын есеп беру кездесулері – көзбояушылық. Халықпен күн сайын бірге болып, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек» деп, жергілікті билік өкілдеріне халықпен тығыз байланыста болуды тапсырған болатын. Ал, биыл наурызда Мемлекет басшысы әкімдерді өздері басқаратын аумақтағы жұртшылықпен жылына кемінде төрт рет кездесіп, есепті кездесулер өткізуді міндеттейтін Жарлық шығарды. Президент Жарлығымен бекітілген тапсырманы орындау мақсатында Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков шаһардың барлық секторлары мен шағынаударына барып, ел аралап есепті кездесулерін өткізіп келеді. Тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, келесі кездесулерде олардың орындалуын баяндап, халықпен кеңесіп, тиісті бөлімдермен игі істерді атқаруда. Бұл Президенттің Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында айтылған «Халық қатысатын бюджет» жобасы тиімді іске асырылып жатыр. Оның ауқымын кеңейтіп, жобаға аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдарды тарту керек. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы қаржысының кемінде 10 пайызы қайда жұмсалатынын қоғамның өзі айқындауға тиіс» деген тапсырмасының жүзеге асуы екені сөзсіз.
Түркістан облысы орталығының негізгі әлеуметтік-инфрақұрылымы қаланып, жаңадан халықаралық әуежай, әкімшілік-іскерлік және рухани-мәдени орталықтары салынды. Биыл мұз айдыны, Теннис орталығы, ескек есу каналы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені, туристерге арналған жасанды көл демалыс орталығы салынып, пайдалануға берілмек.
Қала әкімдігінің таратқан мәліметтеріне сүйенсек, төрт жылда Түркістан шаһарында жалпы көпқабатты 337 тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Аталған көпқабатты тұрғын үйлердің барлығы толық аяқталса, 15 мың пәтер пайдалануға беріледі.
Бұған қоса ерекше үш мәселенің түбегейлі шешілген. Алғашқысы – табиғи газбен қамту. Бұған дейін табиғи газбен қамту деңгейі 26 пайыз болса, бүгінде қала тұрғындарын көгілдір отынмен 100 пайыз қамтамасыз етілген. 2021 жылы табиғи және сұйылтылған газды қауіпсіз пайдалану мақсатында әлеуметтік қолдауға мұқтаж 500 отбасыға газосигнализатор орнатылып, бұл өз кезегінде қаланың экологиялық ахуалын жақсартып және жасыл экономика бағдарламасына оң септігін тигізіп жатыр.
Екіншісі – қала халқын сумен қамтамасыз ету. Бұрын Түркістан қаласында халық 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз етілмеген және суармалы су өте аз болды. Осы мәселерді шешу мақсатында бірінші кезекте халықты ауызсумен қамтамасыз ету қолға алынып, жүзеге асырылған екі ірі жобаның арқасында бүгінде бұл мәселе түбегейлі шешілген және істе 2050 жылға дейін халық саны 500 мың адамға жету мүмкін деген болжам да ескерілген.
Түркістан қаласына 234 миллион текше метр ағын су жетіспейтіні анықталып, оны шешу үшін ғалымдармен кеңесе келе Түркістан қаласына 248,8 миллион текше метр ағын су жеткізудің жолы табылған. Бұл үшін «Түркістан магистралды каналын күрделі жөндеу» жобасы арқылы 60 миллион текше метр су үнемделіп, қала аумағындағы 8 шақырым канал бойы абаттандырылады. Оған жұмсалған қаржы, жалпы жобаның құны 16,5 миллиард теңгені құрады.
Бұрын ағын су 43 пайыз фильтрациялық шығынға ұшыраса, енді оны болдырмау үшін бүгінде 52 шақырым каналды бетондау жұмыстары жүргізілген.
2021 жылдың желтоқсан айында «Кеңсай – Қосқорған – 2» су қоймасы жобасы пайдалануға берілді. Жоба аясында Түркістан қаласына 34 миллион текше метр ағын су жеткізіледі.
Ал, «Арыс-Түркістан магистралдық арнасын толықтыру үшін Сырдария өзенінен машиналық арна салу» арқылы 52,8 миллион текше метр ағын су жеткізілетін болады. Бұған 30,2
Миллиард теңге қарастырылған.
Жаңадан «Сарқырама» су қоймасын салу арқылы облыс орталығына 65 миллион текше метр ағын су жеткізілмек. Оның құны 7,4 миллиард теңгені құрап отыр. Сондай-ақ Кентау қаласында «Қосқорған» су қоймасын толықтыра отырып, су төмендету жүйесін салу жобасы арқылы Түркістанға 40 млн текше метр ағын су жеткізіледі. Бұл жобпаның құны 20 миллиард теңге болып тұр.
Түркістан қаласы айналасында азық-түлік белдеуі қалыптастырылып, жалпы құны 26,9 миллиард теңге болатын бес серпінді инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Қала аумағында 225 гектарда 30 саябақ, 13,6 гектарда 15 сквер мен аллеялар, 129,4 гектарда 9 алаң бар.
Түркістан қаласын абаттандыру мақсатында Майкөтов көшесіндегі «Желілік саябақ», «Төле би саябағы», «Шатқал саябағы», «Отырар» мөлтек ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлер аумағын көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, бірінші шағынаудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын (36,3 гектарды құрайтын 3 аулаға) абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бүгінде Түркістан қаласын дамытудың екінші кезеңінің жұмыстары басталып кетті. Кешенді жоспарға сәйкес 109 жобаны іске асыру жоспарланған. Инвестиция көлемі 1,3 триллион теңге, оның 1 триллион теңгесін немесе 77 пайызын жеке инвестициялар құрайды.
Қаланы дамытудың екінші кезеңі бірнеше аумақта іске асырылады, аумақта әуежай аумағына ауыл шаруашылығы және басқа да серпінді жобалар іске асырылатын болады.
Бірінші аумақта әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында заманауи білім, денсаулық сақтау, спорт нысандары мен әкімшілік ғимараттар, демалыс орындары салынатын болады.
Екінші аумақта Бекзат Саттарханов даңғылы бойынша спорт кешені, Яссы желілік саябақтары салынбақ.
Үшінші аумақта мәдени-рухани орталықта Әзірет Сұлтан мұражай аумағы абаттандырылып, Қылует мешіті, аз қабатты тұрғын үйлер құрылысы іске асырылмақ.
Аталған іс-шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы облысымыздың жалпы өңірлік өнім көлемі 3,6 триллион теңгеге жетіп халықтың табысы мен еңбек өнімділігі 50 пайызға өсіп, 40 мыңнан аса жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Мұның бәрі Қазақстанның шынайы жаңару кезеңіне сәтті қадам басуы жолында облыс басшылығы алдына қойылып отырған тапсырмалар мен міндеттер болып саналады.
Қайсы қоғам, қай мемлекет болса да, дамудың жоғары сатысына тек жүйелі жүргізілген жұмыстар арқасында жететіні белгілі. Демек, Түркістан қаласының жаңа қарқынмен дамуы жолында жасалып, жүзеге асып жатқан игі істер сөз жоқ, өзінің оңды нәтижесін берері сөзсіз.
Түркістан – жай қала емес, алыс-жақынға даңқы кеткен ежелгі тарихи қаланың бірі. Ал қазіргі жағдайда ол уақытпен бірге қарқынды қарыштап, тез дамып келе жатқан заманауи қала. Демек, оның дамуы, белгілі бір дәрежеде еліміз дамуының көрсеткіші деуге болады. Енді алдағы ширек ғасырда Түркістан шаһары жарты миллион адам тұратын еліміздегі белгілі қалалардың біріне айналмақ. Сондықтан қаланы барлық жағынан дамытуға деген жол бүгіннен басталып жатқаны көңіл қуантады.