Ауыл тұрғындарының негізгі айналысатын щаруасы, күн көрісі диқаншылық пен мал шаруашылығы. Соңғы жылдары өңірімізде жылыжайды кәсіп еткендер көбейіп келеді. Солардың бірі саурандық азамат Мұрат Сұлтанбаев. Шорнақ ауылының тұрғыны 2010 жылдан бері жылыжайда көкөніс өсіруді кәсіп еткен. Пысық, еңбекқор кәсіпкердің аты әсіресе пандемия кезінде елге жақсы танылды. Себебі ол карантин індет өршіген кезде жылыжайындағы көкөністерін Ресейге экспорттай алмай, халыққа тегін таратып берген болатын.
Қазіргі таңда бағбан есік алдындағы 40 сотықта қияр, болгар бұрышы, қызанақ, қырық қабат, қауын, қарбыз өсіреді. Мұрат Ресейдің Новосібір, Қазақстанның Түркістан, Ақтау, Ақтөбе, Атырау облыстарынан тұрақты тапсырыс берушілерді тапқан. Былтыр ол үш миллион теңгеге тамшылатып суару жүйесін жүргізіп, жылыжай ошағын ауыстырған.
Кәсіп иесіне жұбай Айсұлу, ұлдары Жамболат пен Ерлан, қызы Айда көмектесуде. Көкөніс жинар тұста 12 адамға дейін маусымдық жұмысшы жалдайды. Жылына жылыжайдан 32 тонна қияр жиналады. Биыл «Қазмикроқаржы» ұйымынан бір миллион теңгені 48 пайыздық өсімімен алған екен. Осы орайда, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын фермерлерге мемлекет тарапынан субсидия берілсе деген ұсыныс айтты.
- Еңбек мені есейтіп, елге танытты. Еңбектің арқасында жағдайымды түзеп, отбасымды асырап отырмын. Қайырымды істерден де тыс қалып жатқан жоқпын. Ауылдың игілігі үшін атқарылып жатқан шаруаларға қолдау, демеушілік көрсетіп жүрмін. Бүгінде Сауран аудан орталығы болған соң, жылыжай салып, көкөніс өсірушілер қатары жыл санап көбейіп келеді. Өнімді тапсырыс беріп алушылар мен жақын маңдағы базарлардың саудагерлері де көтерме бағамен алып үйден алып кетеді. Алдағы уақытта қаржы көзін тапсам, жылыжай шаруашылығын кеңейтіп, ұқсата пайдалану жағдайын ойланып жүрмін. Түрлі тосаптар мен қалбырланған көкөністерді көбейтсем деп отырмын, - дейді Мұрат Сұлтанбаев.
Жалпы еліміздегі жылыжайлардың 71 пайызы Түркістан облысының аумағында орналасқан. Қазір өңірде 3 366 жылыжай бар. Десе де, олардың қатары азайып барады. Себебі, шаруалардың табыстан гөрі шығыны көп. Соның салдарынан отандық өнімнің импортқа қарағанда бәсі төмен. Тіпті логистикалық және басқа да экспорттық шығындарды есепке алмағанда , көрші елдерден әкелінетін көкөніс арзанға түседі. Осы себепті үкімет келер жылдан бастап жылыжай шаруашылығына қаржылай қолдау көрсетпек. Алдағы жылдан бастап жылыжай иелеріне үкімет қолдау көрсетеді. Нақтырақ айтқанда, электр қуаты мен газ шығындарына субсидия беріледі. Ол үшін шаруалардың жылыжайы сапа стандартына сай болуы тиіс. Соңғы мәліметтерге қарағанда, елдегі көкөніс өсіретін кешендердің саны 18 пайызға азайып кеткен. Сондықтан қаржылай қолдау жылыжай өндірісін жолға қоюға мүмкіндік бермек. Мемлекеттік бағдарламаның мақсаты – импортқа тәуелділікті жою. Түптеп келгенде, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан әзірге жылыжайда гүл немесе цитрустық дақыл өсіретіндерге субсидия берілмейді.