Түркістан өңірінде жиһаз кластерін қалыптастыруға толық мүмкіндік бар. Осылай деген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданының кәсіпкерлерімен және инвесторларымен бизнес саласын талқылау бойынша кездесу өткізді. Нарықтық бәсеке арқылы кәсіпкерлердің өндіріс қабілеттілігін арттырып, одан ары сыртқы нарыққа бет алудың маңыздылығын түсіндірді.
Кездесу барысында Сауран ауданындағы жаңа жобалар таныстырылды. Бизнес саласындағы мәселелер мен ұсыныстар талқыланды. Кәсіпкерлер өз кәсіптерін кеңейту мен ілгерілету бағытында кездесіп отырған кедергілер мен туындап отырған мәселелер туралы жеткізіп, қолдау сұрады. Өз сөзінде аймақ басшысы кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекет тарапынан қабылданып жатқан бағдарламалар мен жеңілдіктердің аз еместігін жеткізіп, олардың нәтижесін тілге тиек етті. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашудың маңыздылығын айтты.
- Түркістан өңірінде кәсіпкерлікті әрі қарай дамытып, жаңа деңгейге көтерудің маңызы зор. Бұл орайда жаңа жұмыс орындарын ашуда бизнестің рөлі жоғары. Ал кәсіпкерлер өз кезегінде ашықтық пен айқындылық ұстанымын ұстанып, өз кәсібін дамытуы керек. Өңіріміздегі кәсіпкерлердің креативті идеялар мен ұсыныстарын қолдаймыз. Бәсегеге кәсіпкерлердің өндіріс қабілеттілігін арттырып, одан ары сыртқы нарыққа бет алу өте маңызды, - деді Дархан Сатыбалды. Облыс әкімі Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру, импортқа тәуелділікті барынша азайту, қоғамдық әл-ауқатты арттыру секілді мәселелерді шешу бойынша берген тапсырмаларын тыңғылықты орындау қажеттігін айтты.
- Сіздердің бастамаларыңыз туралы үнемі хабардармын. Бізде жиһаз кластерін барынша дамытуға мүмкіндік мол. Қытай сапарынан кейін өздеріңізден жақсы бастамалар күтеміз. Ел дамуындағы оң өзгерістер бизнеспен тікелей байланысты болғандықтан саяси реформаларды бірлесе жүзеге асыру керекпіз. Мемлекет кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы орта қалыптастырып, кәсіпкерлер қоғамға, халыққа қызмет етсе, бұл өз кезегінде елдің әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс деңгейін көтеруге ықпал ететіндігі сөзсіз. Осыған орай бизнес өкілдерін жаңа жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырамын, - деді облыс әкімі.
Кездесуде кәсіпкерлер субсидия алу, жер телімін бөлу, электр жарығы тарифінің бағасын түсіру, инфрақұрылым жүргізу сынды мәселелер талқыланды. Кездесуге қатысқан мемлекеттік органдар мен монополист кәсіпорындардың басшылары кейбір сұрақтарға сол жерде жауап беріп, қажетті кеңес берді. Басқосу ашық пікірталас түрінде өтті. Кәсіпкерлерді толғандыратын сұрақтар талқыланып, оларға заң талаптары бойынша түсіндірілді. Мұндай кездесулер алдағы уақытта тұрақты түрде өткізілетін болады.
Келешекте үлкен әлеуетке ие болу мүмкіндігі бар бірегей сала – жиһаз өнеркәсібі. Бұл – бізде даңғыл жолға түсіп келе жатқан жас сала деуге болады. Сарапшылар халық санының өсуі, көші-қон, кірістің ұлғаюы, инфра¬құрылымның кеңеюі, сондай-ақ жаңа тұрғын үй жобалары мен коммерциялық үй-жайлар құрылысының өсуі есебінен жи¬һаз өнімдерін әлемдік тұтынудың тұрақты өсуін болжайды.
Жалпы Түркістан облысында жиһаз өнеркәсібі саласында 100-ден аса кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішіндегі ірілері Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдеріне өнімдерін экспорттауда. Облыс кәсіпкерлері жиһаз өнеркәсібі саласында биылғы 8 айда 4,0 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, көлемін өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 43,8 пайызға өсірген. Жиһаз өндірісінің дамуына Сауран ауданының кәсіпкерлері де өз үлестерін қосуда.
Түркістанның облыс мәртебесін алуы мен Сауран ауданының қайта ашылуы, өңірдің іскер қауымының жаңа жобаларды игеруіне жол ашты. Түркістан мен Сауранда мемлекеттік ғимараттар мен тұрғын үйлердің құрылысының жоғары қарқынмен дамуы кәсіпкерлердің жиһаз жасауға құлшынысын арттырды. «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында Сауран ауданы, Жүйнек ауылдық округінде орналасқан «DIVALUX» ЖШС кәсіпорны 370 миллион теңге несие алды. Нәтижесінде 100 жаңа жұмыс орны ашылған. Жұмсақ жиһаздың 40-қа жуық түрін шығаратын кәсіпорын 2002 жылы құрылған. Содан бері аталған мекеме өз өнімін еліміздің барлық өңірлерінің нарқына шығарып үлгерген. Мекеме басшысы Шухрат Нәбиевтің ендігі мақсаты – кәсібінің өрісін кеңейтіп, дайын тауарды алыс-жақын шетелдерге экспорттау. «Алғашында жиһаз шығаруды 5 мың шаршы метр аумақта бастадық. Ол кезде 5-6 адам ғана жұмыс істейтін. Тапсырыс көбейіп, өнім өзекті болған соң жұмысшылар саны жыл санап арта түсті. Қазіргі таңда, жұмысшылар саны 120-ға жетіп отыр. Мамандардың негізгі бөлігі жергілікті азаматтар. Олардың біліктілігін арттыруға да тиісті деңгейде жұмыстар атқарып жатырмыз», – деді Ш.Алиханұлы. Жиһазға қажетті шикізаттар Түркия елінен жеткізілуде. Аталған цех айына 500-ге жуық жиһаз құрастыруға қауқарлы. Алдағы уақытта өнім көлемін арттыруды жоспарлап отыр.
Өткен жылы Иассы ауылдық округінде орналасқан «Sem Brend» жиһаз цехы, жоба құны 300 миллион теңге несие алып, 100 жаңа жұмыс орнын қамтитын жоба іске қосылды. Бұлардың негізгі атқаратын жұмысы темірден жиһаз жасау кәсіпорны қазіргі таңда 45 гектар аумақты алып отыр. Айта кетейік, жақында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірдегі жиһаз жасау саласындағы кәсіпкерлердің басын қосып, мәжіліс өткізген болатын. Жиынға, сонымен бірге осы салаға бейімделген кәсіпорындарға қажетті жабдықтар тасымалдайтын мекеме өкілдері де қатысты. Облыс әкімі Түркістан облысынан арнайы жер бөлініп, өндірістік парктер салынатынын, онда кәсіпкерлерге жағдай жасалатынын айта келе облыста жиһаз саласы бойынша кластер жасақтау, кәсіпорындарды бір аймаққа шоғырландырып, экспорттық әлеуетін көтеру жөнінде ұсыныс айтты.
– Жиһаз саласында Түркістан өңірінің әлеуеті жоғары. Бүгін сіздермен осы саланы одан әрі дамытып, жаңа кәсіпорындар мен зауыттар ашу мәселесін талқылауды жөн көрдік. Жұмыс орындарын ашу – уақыт талабы. Бұл ретте әкімдік, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және кәсіпкерлер күш біріктіріп, жиһаз кластерін дамытуымыз қажет. Оған біздің тарапымыздан қолдау көрсетіледі. Ұсыныстарыңызды, мәселелерді тыңдап, тиісті шешім шығарамыз. Мемлекеттік тапсырыс саласында да алдымен отандық өндірушілерге басымдық беріледі. Ол үшін осы саладағы кәсіпкерлер бірігіп, Түркістанның брендін жасақтауға, экспорттық әлеуетін көтеруге атсалысқандары жөн. Арнайы парктер құрылады, қолдау көрсетеміз, – деді Дархан Сатыбалды.
Алдағы уақытта Түркістан қаласының маңында жиһаз кластерін дамытуға бағытталған өндірістік парктер жұмысын бастайды. Онда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады деп күтілуде.