Бұл агрофестиваль бұрынғылардан өзгерек

image.png

Жаңадан құрылған Сауран ауданының негізгі экономикалық қозғаушы күші ол ауылшаруашылығы саласы. Осы орайда   аудан орталығы Шорнақтағы қос мұнара маңында агрофестиваль өтті. Салтанатты шараны аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев ашты.

- Биыл тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған агрофорумның мақсаты – бұрынғы «Алтын күз - 2023», «Ақ мақта - 2023» секілді ауыл шаруашылығы үздіктерін марапаттау емес. Биылғы бұл агрофестиваліміз Мемлекет басшысының Жолдауынан туындаған тапсырмаларды нақты жүзеге асыру. Мәселен, Президент Жолдауында: «Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады. Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек. Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн», - деген болатын.

Соған орай, саурандық диқандарды жылдан-жылға су тапшылығының орын алуына байланысты барынша суды аз қажет ететін дақыл түрлеріне көшіру, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, ол үшін ірі кооперативтерге, агрокомпанияларға бірігу мәселесіне үгіттеп жатырмыз. Бүгінгі агрофестивальдің мақсаты - диқандар жәрмеңкеге қатысып, қандай өнімдерге тұрғындардың қызығушылығы бар екенін көздерімен көрсін дедік. Сонымен қатар өзара іс-тәжірибе алмасуына да жақсы жағдай жасаймыз, - дейді Серік Садибаев.

Биыл Сауран ауданында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған агрофорумға ауданның барлық ауылдарынан келген диқандар бау-бақша өнімдерін жәрмеңкеге шығарды. Сонымен қатар Кентау қаласы мен Отырар ауданынан келген  диқандар да бар. Жергілікті тұрғындар Қос мұнара қасында әрбір сенбі, жексенбі күндері жәрмеңке өткізіліп тұрса, диқандар өздерінен артылған ауыл шаруашылығы өнімдерін арзан бағаға осында әкеліп өткізер еді деген пікірде.

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне келгендерді қызықтырған өнімдер қатарында күзгі ауру сырқаудың қозатын мезгілінде емге жарайтын бал, түйенің шұбаты және тұрып алдымен өтуде.

Кентаулық Жұмағали Тәшкенбаев екі түрлі сапалы бал өнімдерін әкеліпті. Ол жаз бойы Қызылорданың Түгіскен, Өзгент елді мекендерінің маңындағы далалық жерлерге бал араларының ұяшықтарын орнатып, одан екі тоннаға дейін өнім өндіреді екен. Жантақ пен мамыр айындағы гүлдерден алынған балдарының сапалы құрамын жұртшылық жоғары бағалайды екен. 

Жәрмеңкеге келушілер өздерінің бау-бақшасында бар күнделікті жеп отырған қарбыз, картоп, сәбіз өнімдерінен басқа тұрып алуға кезекке тұрыпты. Тұрып халық емінде жиі қолданылады. Күзде балаларды суықтап тамағы қарлығып қалғанда, тұмау меңдегенде, жөтелгенде балды тұрып (редька) қосып жеуге әбден болады. Бұл көкөніс қала тұрғындары үшін таңсық болуы мүмкін. Тіпті, бұндай көкөніс барын білмейтіндер де баршылық.

Жәрмеңке барысында сахна төрінде әжелер ансамблі, жергілікті әнші-бишілері көпшіліктің көңілін бір көтеріп тастады.

Иә, кезінде әлемнің саяхатшыларын таң қалдырған көне Сауранның қайта бой түзеген тербелмелі қос мұнарасы маңындағы басталған жәрмеңкенің ғұмыры ұзақ болғай.

Айта кетейік, соңғы 2 жылда Сауран  ауданының  экономикасына 38,3 миллиард  теңгеден астам инвестиция бағытталып, 2 есеге өсті. (2021 жылы — 12,4 миллиард теңге, 2022 жылы — 25,9 миллиард теңге). Биылғы 7 айда инвестиция көлемі 15,7 миллиард  теңгені құрады (жылдық жоспар — 30,1 миллиард теңге).

Ағымдағы  жылға 14,4 миллиард  теңгеге 58 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған (508 жұмыс орны). Жыл басынан 5,3 млрд. теңгеге 37 жоба іске қосылып, 149 жұмыс орны ашылды. Жылдың соңына дейін 21 инвестициялық жоба жүзеге асырылады (359 жұмыс орны).

Өнеркәсіпке тоқталсақ. Ағымдағы  жылдың қаңтар-шілде айында өнеркәсіп өнімінің көлемі           5 миллиард  491,1 миллион  теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 107,3 пайызды құрады. Өнеркәсіптің басымды саласы өндеу өнеркәсібінде 3 миллиард  651,6 миллион  теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 107,0 пайызға жеткен.

Биылғы 7 айдың қорытындысымен кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021 – 2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы арқылы, кәсіпкерлік субъектілерін 800,0 миллион  теңгеге жуық жеңілдетілген 6 пайыздық несиемен 11 жоба қаржыландырылды.

Бірыңғай индустрияландыру картасы және өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс орындарын іске қосу және сүйемелдеу бойынша қажетті шараларды қабылдануда. Соның бір дәлелі — өңдеу өнеркәсібінде ағымдағы  жылға жүзеге асырылуы жоспарланған «Sauran Plast» ЖК, жоба құны — 675 миллион  теңгеге 15 жұмыс орнымен қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуден полиэтилен пакет және құбыр өндірісі жобасына сүйемелдеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде ағымдағы жылдың маусым айында І-ші кезеңі іске асырылды.

Шағын және орта бизнес те қанат жайып келеді. Елімізде шағын және орта бизнеске экономиканың драйвері ретінде мемлекеттік тұрғыдан басымдық беріліп келеді. Сауран ауданында шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны  6 901 жетіп, соңғы 2,5 жылда олардың саны 4 828-ге өсті (2021 жылы — 2073).

Осы салада 8 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, өткен кезеңмен салыстырғанда 1,5 пайызға артты.

Бөлшек сауда бойынша. Ауданның экономикалық даму көрсеткіштерінің бірі — сауда-саттық қызметі. Есепті мерзімде аудан бойынша бөлшек сауда көрсеткіші 718,2 миллион  теңгеге, яғни 103,1 пайызға орындалды.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Әсем тауда» бәрі әсем
  • Көпшіліктің көзайымына айналған «Шале»
  • Туристерге сая болған «Нұрсая»
  • Тау етегіндегі ғажайып орын
  • «Маяк» - cапалы қызмет көрсетеді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер