Қазіргі таңда індеттің қайта өршуіне байланысты елімізде карантин режимі күшейтілгені баршамызға белгілі. Осыған қарамастан, облыс тұрғындары ағайын-туыстарын шақырып, ұлан-асыр той жасауларын тоқтатар емес. Ал карантин талабының сақталуын қадағалау мақсатында құрылған арнайы мобильдік топтар, той-жиындарды анықтап, оларға жиналған көпшілікті тарқатуда. Бұл бағыттағы жұмыстар Түркістан облысында тұрақты түрде жүргізілуде.
Мәселен, Жетісай АПБ-ның қызметкерлері сағат 14:00 шамасында жергілікті тұрғынның Асықата кентіндегі тойханалардың бірінде құдалық тойын өткізіп жатқанын анықтады. Тойға 100-ге жуық адам жиналған. Мобильдік топ мүшелері жиналған жұртшылыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тойды дер кезінде тоқтатты.
Карантин талаптарын елемеген тойхана мен той иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы "Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормаларды бұзу" бойынша іс-құжаттар жинақталып, заңды шешім қабылдау үшін Жетісай ауданы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасының қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері барлық азаматтарға карантин кезінде сақтық шараларды ұстанып, адамдар көп шоғырланған жерлерге бармауды, басқосулар мен той-жиындарды жасамауды ескертеді. Карантин ескерілмей, құқық бұзушылыққа жол берілген жағдайда, заң аясында жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан немқұрайдылық танытпай, өз саулықтарыңыз үшін карантин талаптарын ұстанғандарыңыз жөн.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі