Сарыағаш АПБ-ның кезекші бөліміне «102» телефоны арқылы хабарлама келіп түскен. Онда Сарыағаш қаласының көшелерінің біріндегі сауда орталығында тонау қылмысы орын алғаны жайлы көрсетілген. Сауда орталығына белгісіз азамат келіп, 93 дана ұялы телефон мен 2 дана ноутбукті жымқырып, жалпы 23 000 000 теңге шығын келтірген. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 191-бабы «Тонау» бойынша СДТТБТ-ға тіркеді.
Аталған қылмысты ашу үшін полиция бөлімінен жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орнына шұғыл жетті. Полицейлер күдіктіні ізін суытпай құрықтау мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Куәгерлерден сұрастырып, оқиға болған жердің жан-жағын аралап, бейнебақылау камераларын мұқият қарап шықты. Нәтижесінде күдікті азаматтың жеке басы анықталып, тұрғылықты үйінен қолға түсті. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жалғасуда.
Белгілі болғандай күдікті азамат түнгі сағат 03:00 шамасында сауда орталығына есік арқылы кіріп, қарауылды қорқытып, әжетханаға қамап қойған. Содан соң қолына ілінген ұялы телефондар мен ноутбуктерді алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Қолды еткен заттардың барлығын сатып, ақшасын бас пайдасының қажеттілігіне жұмсаған.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға сақтық танытып, мүліктеріңізді, бағалы заттарыңызды қараусыз қалдырмау керектігін ескертеді. Сізді тонап немесе алдап кетсе полицияның «102» нөміріне қоңырау соғыңыз. Сондай-ақ міндетті түрде күдіктінің бет-бейнесін, есте сақтап қалуға тырысыңыз, бұл өз уақытында қылмыскердің ізіне түсіп, қылмысты жедел түрде ашуға көмектеседі.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі