Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйелдің айтуынша, оның әлеуметтік желі арқылы танысып, табысқан ғашығы алдап кеткен. Яғни ер адам құрылыс компаниясында беделді қызмет ететініне сендіріп, әйелге Нұр-Сұлтан қаласынан пәтер алып бере аламын деп иландырған.
Ақысына жәбірленушіден бірнеше бөліп, 5 миллион теңгеден астам ақша алып алған. Содан бірте-бірте байланыс үзіліп, кейіннен телефонын алмай қойғаннан соң, тұрғын алаяққа алданғанын біліп, полицейлерден жәрдем сұрайды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынды.
Орын алған алаяқтық қылмысын ашу мақсатында бәйдібектік полицейлер бірден жедел-іздестіру әрекеттеріне кіреседі. Куәгерлерден жауап алып, республика көлемінде іздеу жарияланады. Осылай бірнеше ай бойы жан-жақты, үзіліссіз жүргізілген іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жедел уәкілдер, аталмыш қылмысқа күдікті ер адамды Нұр-Сұлтан қаласы көшелерінің бірінен эұстады. Оны Бәйдібек АПБ-ға жеткізді.
Одан ары осы істің ақ-қарасын ажыратып, соңына жеткізу жас та болса, талай қылмыстарды ашып жүрген тергеуші, полиция аға лейтенанты Шадиярбек Бегімге берілді.
Тергеуші өз сөзінде: «Қазір елімізде алаяқтық жасау, оңай жолмен ақша табу деген көбейді. Өзгенің атын пайдаланып несие алу, жоқ тауарға ақша аудартып алу, жұмысқа тұрғызамын, арзан үй әперемін, кезегіңді жылжытамын деген секілді күмәнді ұсыныстарға кейбір тұрғындарымыз алданып жатады. Оның ішінде ақша салып, оны екі-үш еселеп көбейтіп аламын деп, соңында басын тасқа ұрушылар да бар. Ал, мына жоғарыдағы қылмыс бойынша айтар болсам, жалпы екі томды құрады. Іс ашылып, күдіктінің қылмысын дәлелдеуде қажетті шараларды жүргізіп, құжаттарды жинақтадық. Бұл жерде айта кетейік, күдікті ер адам бұрын бірнеше рет сотты болған әккі қылмыскердің бірі. Ол барынша өзін ақтап алуға, ізін жасыруға тырысты. Дегенмен, тәртіп сақшыларының құрығынан құтылып кете алмады. Соңында айыптау актісімен істі сотқа жолдадық. Өз кезегінде 44 жастағы Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағымен кінәлі деп танылып, соттың шешімімен 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Осы тұста барша облыс тұрғындарын, алаяқтарға алданбауға, олардан барынша сақ болуға шақырамыз. Мәселелеріңізді тек заңға сүйене отырып шешіңіздер дегім келеді» - деп атап өтті.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі