Түркістан облысы Полиция департаментінің жаны жомарт, қайсар полицейлерінің ұйымдастыруымен өзгелерге үлгі боларлық үлкен қайырымдылық іс-шаралары үнемі өткізіліп отырады. Бұл олардың міндетіне жатпаса да, тәртіп сақшылары уақыт тауып, арасында аса мұқтаж отбасыларды, ондағы кішкентай балаларды қуантуға асығады.
Мысалы, осы бағытта Сарыағаш АПБ-нің бастығы полиция полковнигі Ермек Нұралиевтің бастауымен жеке құрамның қолдауымен, бірауыздан келісіп, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға қолдан келгенше көмек берілді. Осылайша, полицейлер қаражаттарын жинап, 2 бас қой алды. Жаңа сойылған қой етін жағдайы төмен 5 отбасыға бірінші кезекте қажетті азық-түлік қосып таратты. Бұл іс-шара жеке құрамның халықпен тығыз байланыста болуына бастайды. Сонымен қатар қызмет бабында қайтыс болған полицейлерге құран бағышталды.
Сарыағаштық полицейлерден жан жылытар қамқорлықты сезінген тұрғындар игі іске ұйытқы болған жандарға өз алғыстарын білдірді.
- «Ауданымыздың полицейлеріне үлкен алғысымызды айтамыз. Бізге азық-түлікті етімен қосып әкеліп берді. Сіздер үшін әрқашанда дұғада боламыз! Жұмыстарыңызға табыс тілейміз!» - деп ыстық лебіздерін білдірді.
Дәстүрге айналған бұл игі шаралар алдағы уақытта да полицейлер тарапынан өз жалғасын таппақ.
- «Ең бастысы, еліміз тыныш, халқымыз аман, бауырымыз бүтін болсын», - дейді сарыағаштық сақшылар!
ТО ПД-нің баспасөз қызметі