Сайрам АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғындар алаяқтықтың құрбаны болғаны туралы шағым түсіреді. Жәбірленуші әйелдердің айтуынша, оларды жақын таныс емес әйел алдаған. Яғни, мемлекет тарапынан 1 000 000 теңге әлеуметтік көмек алып беремін деп сендіріп, осы істі жасап беру үшін әйелдерден 50 мың мен 180 мың теңге көлемінде ақша алған. Осылайша мемлекеттен "миллион теңге" әлеуметтік көмек әперемін деген алаяққа сенген тұрғындар алданып, соңында сан соғып қалған.
Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Күдікті әйел тұрғылықты мекенжайы бойынша анықталып, Полиция басқармасына жеткізілді. Ол Сайрам ауданының бұрын сотты болған тұрғыны болып шықты.
Белгілі болғандай, күдіктінің жалпы 19 жайтқа қатысы бары анықталды. Күдікті тұрғындардың көпшілігін жоғарыдағыдай миллион теңге әперемін деп алдаса, 1 жайтта кезексіз пәтер әперемін деп иландырып, тұрғынның 650 000 теңгесін алған. Бүгінгі таңда ұсталған жас әйелдің басқа да осыған ұқсас алаяқтық деректеріне қатыстылығы анықталуда. Күдікті қамауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға мұқият болуды және әртүрлі жәрдемақы алуға немесе жұмысқа орналасуға күмәнді қызметтер ұсынатын бейтаныс адамдарға сенбеуді ұсынады. Өзінің мүлкі мен ақшасын белгісіз адамдарға бермес бұрын, мұндай ұсыныстардың заңдылығына көз жеткізіңіз. Егер, сіз, алаяқтықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, бірден полицияның 102 нөміріне хабарласыңыз.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі