Қазығұрт АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданған. Онда жәбірленуші азамат өзінің жұмыс жасайтын дәріханасының егу бөлмесінде тұрған «Самсунг А51» маркалы ұялы телефонын белгісіз азамат ұрлап кеткенін көрсеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 50 000 теңгеге жуық. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша СДТТБТ-ға тіркеді.
Хабар алысымен қырағы полицейлер тобы жедел әрекет ету арқылы ұрлық жайты болған дәріханаға бағыт алды. Дәріхана иесі, жәбірленуші азаматтан басқа да көрген-білгендерден сұрады. Нәтижесінде аз уақыттың ішінде күдіктіні тұрғылықты жерінен қолға түсірді. Ол жергілікті тұрғын, жұмыссыз жас жігіт болып шықты. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті ер азаматтың бас шарасы қолхатта.
Белгілі болғандай күдікті дәрі алу мақсатында дәріханаға кірген. Содан соң үстел үстінде тұрған ұялы телефонға көзі түсіп, оңай жолмен ақша табуды көздеген. Осылайша жанында адамдардың жоқтығын пайдаланып, білдіртпестен телефонды алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Күдікті азаматтан жасырып қойған ұялы телефон айғақты зат ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері жеке мүлікке мұқият болып, сақтық шараларын қолдану қажеттілігін ескертеді. Мүліктің кез-келген түріне қырағылықпен және жауапкершілікпен қарағанда ғана мұндай жағдайларды азайтуға болады.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі