Түркістан қаласының полицейлері күнделікті бекітілген кестеге сәйкес жолдарды патрульдеп, құқық бұзушылықтарды анықтауда. Себебі басты мақсат жол апаттарының алдын алу мен заңның сақталуы.
Осындай кезекті жұмыс кезінде Түркістан қаласы ЖПҚ-ның патрульдік полицейлері рейд кезінде жол ережесін өрескел бұзған «Тойота Камри» автокөлігінің жүргізушісін анықтады. Ол Түркістан қаласындағы маңызды көшелердің бірінде көлігіне арнайы жарықшамдары мен дыбыс зорайтқышын заңсыз орнатып алып, рейд жүргізіп тұрған полицейлердің талабына бағынбай, жүріп кеткен.
«Тойота Камри» көлігінің жүргізушісі Түркістан қаласының жергілікті тұрғыны, яғни жас жігіт болып шықты. Түркістандық тәртіп сақшылары оған тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жолда жол ережесін сақтамаудың қауіптілігі туралы айтты. Сонымен қатар заң аясында оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 613-бабы «Ішкі істер органдары қызметкерінің көлік құралын тоқтату туралы заңды талабын орындамау» бойынша айыппұл салынды. Сондай-ақ ҚР ӘҚБтК-нің 603-бабы «Көлiк құралына арнайы жарық және (немесе) дыбыс сигналдарын беруге арналған құрылғыларды орнату қағидаларын бұзу не жедел және арнайы қызметтер автомобильдерiнiң арнайы түстi-графикалық схемаларын заңсыз жазу» бойынша құжаттар жинақталып, іс сотқа жолданды.
Жалпы Түркістан облысының полицейлерімен бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба береді.
Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жолаушыларға ескертеді: жол қозғалысы ережелерін бұзу, оның ішінде жылдамдықты асыру, қарсы жолаққа шығу мен маневр жасау жол апатына әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан жол қозғалысы ережелерін сақтаңыздар!
Түркістан облысы ПД-нің баспасөз қызметі