Күн сайын елімізде коронавирус індетінен қаншама адам қайтыс болып жатқанын ақпараттардан көріп, біліп отырмыз. Десекте бір өкініштісі сол, осындай қиын сәтте той жасап, өз өмірімен қоса өзгенің де денсаулығына немқұрайлы қарайтындардың әрекеті тыйылар емес. Адамдар көп шоғырлануға болмайды деген ескертпеге құлақ аспастан, бірі тойханаларда жасырын, енді бірі өз үйлерінің аулаларына ағайын-туысын жинап ұлан-асыр той тойлап жатқан жайттар анықталуда.
Ал карантин талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, қадағалау мақсатында арнайы құрылған мобильдік топтар көптеген құқық бұзушылықтардың бетін ашуда. Аталмыш топтың ішінде полицейлерде бар. Осындай кезекті рейдтік-профилактикалық іс-шара барысында Жетісай АПБ-нің полиция қызметкерлері тұрғын-үйлерінің аулаларында той жасап жатқан екі жетісайлықты анықтады. Оның бірі інісінің үйлену тойын жасап 120-дай қонақ шақырса, екінші тұрғын қызын ұзатып, 100-ге тарта адамның жиналуына ықпал еткен.
Карантиндік шектеулерді елемеген екі тұрғынға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабымен «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу бойынша» шара қөру мақсатында іс-құжаттар жинақталып, СЭББ-ға жолданды.
Түркістан облысы Полиция департаменті карантин режимі кезінде бекітілген талаптарды орындамай, тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіретін азаматтар тиісті жауапқа тартылатынын ескертеді. Сондықтан Бас санитарлық дәрігердің қаулысының талаптарын қатаң сақтау, бетперде кию және арақашықтықты сақтауды естен шығармаңыз.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі