Түркістан қаласында көлік ұрлығын жасаған 4 адамнан құрылған аймақаралық қылмыстық топ тәжірибелі полицейлердің атқарған жедел шараларының нәтижесінде бір тәулік ішінде ұсталған. Күдіктілер Ақтөбе, Қызылорда және Түркістан облыстарында қымбат көліктерді жымқырған. Олар өздерінің олжаларына қол жеткізу үшін бағасы 5 миллион теңге шамасында тұратын арнайы сканер аппаратын қолданған. Оның көмегімен кілттеулі тұрған 5 бірдей қымбат автокөліктің есігін ешкімге байқатпастан ашып, сатып жіберген.
Бүгінде аталған жайт бойынша Түркістандық тәртіп сақшылар ҚР ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігі (Аса ірі мөлшерде жасалған ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Күдіктілерден айғақты зат ретінде ұрланған «Тойота Камри 55» автокөлігі мен сканер аппараты алынды.
Облыстың тәртіп сақшылары күдіктілердің жымқырған көліктерін сатып алушылардың ізіне түсу үшін, іссапарға аттанған болатын. Міне бүгін оның да нәтижесі белгілі болды.
Өз ісінің тәжірибелі мамандары қымбат көліктерді арзан бағада сатып алып отырған 4 бірдей сатып алушының түр-тұлғасын анықтады. Тиянақты жүргізілген тексеру жұмыстары барысында сатып алушылардың Ақтөбе облысының тұрғындары екені белгілі болды. Оларды жедел уәкілдер Шымкент қаласы, Ақтөбе мен Қостанай облыстарында ұстады. Ал бір сатып алушыға қатысты іздеу жарияланды.
Полицейлер ұрланған қымбат көліктердің бірін, яғни «Тойота Камриді» қайтарып беріп, оның заңды иесі өз алғысын айтты.
«24 сағаттың ішінде полиция қызметкерлері менің автокөлігімді тауып, қылмыскерлерді ұстады. Жауапкершілікті алып, жұмыстарын жоғары дәрежеде көрсетті. Сол себепті Түркістан қаласының полиция қызметкерлеріне өзімнің алғысымды білдіремін. Солардың арқасында өз автокөлігімді қайта иелендім!», - деді жергілікті тұрғын Асқар Серікбаев ризашылығын жеткізіп.
Түркістан облысының полицейлері ескертеді: барынша жеке мүліктеріңізге сақ болыңыздар! Автокөліктеріңізді сенімді автотұраққа қойып, есігін мықтап кілттеп жүру қажет. Ал егерде көлігіңіз ұрланса бірден полиция қызметкерлерінің 102 телефонына хабарласыңыздар!