Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оны мұғалім болып жұмыс істейтін танысы ақша берсең, компаниялардың біріне салып, көбейтіп беремін деп алдап, қармағына түсірген. Яғни салған ақшаң әр апта, ай сайын 40 пайызбен еселеніп қайтарылатын болады деп сендіріп, 1,5 миллионға жуық ақшасын алып, қайтармай қойған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынып, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
Тұрғынды алдап, қомақты ақшасын алып, ұшты-күйлі жоқ болған алаяқ әйелді ұстау үшін жетісайлық тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Куәгерлерден жауаптар алынды. Оның баруы мүмкін деген жерлер мұқият тексерілді. Осылайша «Hi-tech» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында, ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке-басы мен оның жасырынған жері анықталды. Тәртіп сақшылары алаяқты Шымкент қаласында жалдамалы пәтерлердің бірінен тауып, Жетісай АПБ-ға жеткізді. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.
Тергеу барысында аталмыш күдіктінің осыған ұқсас тағы бірнеше алаяқтық жайтына қатысы бары белгілі болды. Нақтырақ айтсақ, Шардара ауданында 1 тұрғынды және Жетісай ауданында 3 тұрғынды алдап, жәбірленушілерге 20 миллионнан астам шығын келтірген. Бастапқыда күдікті жәбірленушілерден азын-аулақ ақша алып, көбейтіп қайтарған. Осылайша тұрғындардың сеніміне кіріп, соңында қомақты ақша алған соң жасырынып үлгерген. Қазіргі таңда өз кінәсін толық мойындаған күдікті қамауда. Тәртіп сақшылары алдағы уақытта жәбірленушілердің саны көбеюі мүмкін екенін алға тартады. «Алаяқтық» бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға алаяқтардың айласына алданбай, барынша абай болуды ескертеді. Ақшаңызды, банк кәртішкеңіздің құпия сандарын ешкімге айтпауға және бермеуге кеңес береді.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі