Ханбибі Есенқарақызы: «Айтатыным, жазатыным – тек шыным»

Бүкіл дүниежүзіне ортақ «Ақындар ауылда туып, Парижде өледі» деген қанатты сөз бар. Құдды, барлық талантты адамдардың бағы үлкен шаһарларда ғана жанатын сияқты. 

Screenshot_20.jpg

Күні кеше Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Парасат» және «Барыс» ордендерінің иегері, ақын, Ханбибі Есенқарақызы ұлтымыздың өнер, әдебиет саласындағы ерен еңбегі үшін ҚР Президентінің Жарлығымен Мемлекеттік стипендия иегері атанды.

Биыл Ханбибі Есенқарақызы 75 жасқа толып отыр. Осыған орай Шымкентте біршама іс-шаралар ұйымдастырылып, ақынға құрмет көрсетілді. Соның бірі, Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында ақынмен сыр-сұхбат өткен болатын. 

Ол «Қанат қақты», «Бұлтсыз аспан», Жұлдызым», «Жангүлім», «Жан айқайы», «Махаббат мәңгілік», «Жыр кітабы», «Сыр кітабы», «Шындыққа қарай жүздім мен», «Ақ жол», «Жібек», «Шолпан» кітаптардың авторы.

Өлеңді өмір деп білген хан қызындай Хан-апа туралы айтылар пікір көп. Өткен ғасырдың орта белінен қазақ ақын-жазушыларының қатарына жаңа есім қосылып, көпшіліктің көңілінде қалып қойған. Поэзия есігін ақын қыз болып имене аттап, ақын апа, Хан-апа атанғанға дейінгі аралықтағы қиындықтар мен сынның бәріне шыдас берген ақынның жолы көпке өнеге. Сүйікті оқырманы мен елге сыйлы азаматтар жиналған жиынның мақсаты – Ханбибі Есенқарақызының шығармашылығына ақынның өзімен бірге үңілу. Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев, ақын, Жазушылар одағының мүшесі Сатыбалды Қосалыұлы, жазушы, журналист Шойбек Орынбай Хан-апаны тік тұрып, қошеметпен қарсы алды.

Хан қызына көрсетілген құрметтен кем түспейтін халық қошеметінен кейін ақынның шығармашылығы туралы бейнеролик көрсетілді. Ханбибі ақын өзінің өлеңдерінде бүгінгі қоғамдағы кемшін тұстарды қалт жібермейді. Тіпті алда болатын игілікті істерді елден бұрын болжап, өлеңіне арқау еткен.

Кітапхана қызметкерлері ақынның «Жібек» атты туындысынан сахналық қойылым қойды. Мінезі қатал болғанымен, болмысы нәзік Хан-апа көріністен кейін көзіне еріксіз жас алды. 18 жыл толғанып, 18 күнде жарық көрген бұл шығармасы ақынның өз өмірінен алынған оқиғалар желісімен құралған. Рухани демалыс сыйлаған кеште ақынның өзі тебіреніспен әртүрлі көңіл-күйді бастан кешіріп отырды.

– Шығармашылығым жайында керемет көрме ұйымдастырыпты. Кітапхана қызметкерлері төркініне келген қыз сияқты қарсы алып жатыр. Мұның өзі бұл ұжымның өте жоғары деңгейдегі мәдениетті ел екендігін білдіреді. Еліміздің әртүрлі өңірлерінде өткізілген жиынның кезектісі «Мен анамын, ақынмын, әлемді ойлар...» деген тақырыпта болып отыр. Жылдың соңына дейін дәл осындай кездесулер мен кештер, сыр-сұхбаттар жалғасады, – деді Ханбибі Есенқарақызы.

Осындай жалғасын тапқан кештер Шымкенттің жоғары оқу орындарында өтіп, қала жастары ақынның өлеңдерінен шашу шашты. 

«Айтатыным, жазатыным – тек шыным,

Елден, жұрттан жасыратын жоқ сырым», – деп жырлаған ақынның кеші өмір жолынан қойылған бейнефильммен басталды. Университеттің шығармашыл, өнерлі жастары қойылымдар көрсетіп, ақын жырлары жатқа оқылды. Өз кезегінде Ханбибі Есенқарақызы кеш ұйымдастырушылары мен оқырмандарына өзінің қиындығы мен қызығы мол еңбек жолын баяндады. Руханиятқа толы әңгімелерін айтып, келген қонақтарға жылы лебізін жеткізді.

–  Бүкіл өмірім Шымкентте өтті. Жас кезде аралас-құралас болмаған соң, үлкен ақындардың көзіне де, сөзіне де түспедім десем болады. Ертеректегі бір жазбамда «ілуде бір Алматыға жол түскен кезімде, «Алдымен ақбас Алатауға бас иемін, екінші кезекте ақындардың анасы – Мәриям Хәкімжанова апама сәлем берем. Сосын, алпыс арманымды, сексен сезімімді, үміт пен күдікке толы тоқсан толғанысымды ілестіріп, Фариза апайдың есігін қағып тұрамын», – деппін. Алматыда тұратын әріптестерім үшін баспасөз бен радио-теледидар қолжетімді еді. Орта болды. Бір-бірін етене таныды. Бір күні «Қазақ әдебиетін» оқып отырсам, Әбділда Тәжібаевтың мақаласына көзім түсіп, өзіме-өзім сенбей қалдым. Бұл 1972 жыл болуы керек. Онда «Мен жақында «Қазақ әдебиеті» газетіне басылған екі жастың өлеңін оқып болған соң, қастерлеп алып қойдым. Кейінірек бірнеше қайталап оқыдым. Сол жастың бірі – Шымкенттегі Ханбибі Есенқараева деген қызымыз екен. «Ханбибі «Найзағайлы түн» деген өлеңін:

«Дірілдетіп, дүбірлетіп көк белді,

Нөсер алып келе жатты көктемді.

Ару аспан асығыстау көктейді,

Алтын жіппен жыртық қара шекпенді», – деп бастапты.

Адал шыным, мен осы өлеңді өзім жазбағаныма өкіндім. Бір шумақ өлеңде қанша эпикалық қуат, көркем сурет бар. Алтын жіппен жыртық бұлттарды көктеу – табиғат құдіретінің, табиғаты күшті ақынның қолынан ғана келеді», депті. Белгілі – поэзия патриархының сол кезде айтылған жылы сөзі әлі күнге дейін қуат беріп келеді. Ол кезде үлкен ақындар жастардың өлеңін оқитын. Қай жерде жүрсең де, сені көтеретін – өлеңің ғана. Әбділда ағамыздың бірауыз жылы сөзі – аялы алақандай, маған өмірлік азық болды, – дейді жаны нәзік ақын өзінің өмір жолынан. 

Мерейтой кештерінде көрерменнің жаны жырмен әлдиленді. Ақынның өлеңдеріне жазылған «Алтынай», «Гүл көңіл», «Нурикамал», «Дос іздедім» сынды әндері жиынды айшықтай түсті. Жырға шөліркеген жандар бір сәт поэзия әлеміне саяхаттап қайтты.

Әр сөзі алдаспан рухтан, ағыл-тегіл жүректен шығатын батыр мінезді ақынның ойы тың, жаны әрнеге алаңдаулы.

Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде болған кездесуде Хан апа тебірене сөз сөйледі. 

– Бүгінгі кездесу мен үшін ерекше. Өйткені осы оқу орнының дәлізінде табанымның талай ізі қалған. Арада осыншама жыл өткеннен кейін мені әлдилеп, аялап, кейінгі ұрпақпен кездесуге шақырғаны үлкен бақыт. Бұл жер мен үшін – қара шаңырақ, – деді ыстық ілтипатқа бөленген ақын. Оқырмандарының ыстық ықыласына бөленген кеш иесі де руханиятқа толы әңгімелерін айтып, ұйымдастырушыларға, келген қонақтарға алғысын айтты.

Мархабат Байғұт ағамыз ақын жайлы: «Ханбибі өлеңде кейіпкерлерін де, өзін де алдамайды» деген екен. Рас, «Жалған сөздің жарлығын, Жалп еткізіп, сөндірдім...» деп өлең жазған ақын қыздың жаны адалдыққа, жағымпаздыққа қас. Кеште жастарға да адалдықты ту етіп, жасандылықсыз, еңбекпен мақсатқа жетуді өсиет етті.

Поэзия мен прозаны қатар алып жүрген Ханбибі Есенқарақызы 14 көркем әдеби кітаптың авторы. Қарымды қаламгердің өлеңдері бүгінде орыс, украин, қырғыз, өзбек, якут тілдеріне аударылған. Оның «Алтынай», «Нүрикамал», «Қадиша», «Дос іздедім» «Махаббат өмірлері» сынды өлеңдеріне ән жазылып, халық арасында кеңінен таралған.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Бақытжан Алдияр: «Өлеңді түсімде жазып, өңімде қағазға түсіремін»
  • Қазақ халқының ырымдары мен нанымдары
  • Асық – үлкен халықтық тәрбие
  • Олардың ерлік рухы мәңгі ұмытылмайды
  • «Ешкім де ұмтылмайды, ешкім де ұмтылмақ емес!»: Шымкент аумағында ұжымдастыру науқаны қалай жүрді?
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер