«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген халық нақылы бекер айтылмаса керек. Елі үшін еңбек етіп, ғибратты ғұмыр кешкен Өзбекәлі Жәнібеков шынында да қазақ елі аман-сау тұрғанда арымайтын, уақыт жылжып, ғасыр өткен сайын елінің дара азаматы болып қала беретін ұлтымыздың ұйытқысы екені хақ.
Халқымыздың бекзат перзенті Ө. Жәнібеков ұлтымыздың ұлы мұраларын сақтап қалуға үлес қосқан қазақтың біртуар азаматы. Ол – тәжірибелі педагог, шығармашыл жан, елі құрметтеген қайраткер. Төл тарихымыздың төрт құбыласын түгендеп, асыл мұратына айналдырып, бабадан мирас болған бай мәдениетіміздің мәртебесін асқақтатқан тұлға!
Тарихы 90 жылға жуықтаған Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне былтырдан бері Өзбекәлі Жәнібеков атауы берілгені белгілі. Аз уақыт ішінде университетте нар тұлғаның қайраткерлігін дәріптеуде көптеген жұмыстар атқарылуда. Қайраткерлік рухтың тәлім-тәрбиеге қосар үлесі ескерілгені болар, оқу орны ішінен «Өзбекәлі Жәнібеков орталығы» ашылса, университет қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.
«Қазақ руханиятының шынайы жанашыры һәм жоқшысына айналған Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен қызметі туралы талай-талай естеліктер айтылды, айтыла береді. Университет қабырғасында «Рух сардары» атты ақындар айтысын өткіздік. Мақсатымыз Жәнібековтың халыққа еткен еңбегін насихаттау, дәріптеу. Ел ағасы, ұлт жанашырының азаматтық болмысын, тілге, мәдениетімізге жасаған жанашырлығын өскелең ұрпақтың есінде сақтауда әлі де игі істерді жалғастыра беруге тиіспіз» дейді Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің басқарма төрағасы-ректор міндетін уақытша атқарушы Гүлжан Сүгірбаева.
1970 жылдарынан бастап еліміздегі сандаған үлкенді-кішілі музейлерді ұйымдастыру, тарихи маңызы бар мұрағаттарды жинақтау, сақтау және насихаттау секілді ұлт мәдениетіне тікелей қатысты жұмыстардың бастамашысы болған.
Тарихи мұрамызды зерделеп, оны өскелең ұрпақтың санасына сіңіруде осындай жиындардың маңызы зор. Өзбекәлі Жәнібеков саналы ғұмырын қазақ халқының өсіп-дамуына, жаңаруына, мәдениеті мен өркениетінің өркендеуіне арнаған тарихи тұлға. Тарих пен ана тілімізге қосқан үлесі бір төбе. Қазақтың Наурыз мейрамымен қауышуына, тайқазанның Түркістанға қайтарылуына, ел аумағында этнографиялық музейлердің ашылуына ерекше үлес қосты. Осындай тұлғаның ғибратты ғұмыры, ел мүддесі жолындағы еңбегі қашан да жастарға үлгі-өнеге болары сөзсіз.
Сондай-ақ, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұлт жанашыры атанған ғалым-этнографтың жәдігерлерін сақтап жүр. 60-тан аса жәдігер, олардың қатарында Өзбекәлі Жәнібековтің балалық шағы мен қызметтік жылдарындағы фотосуреттерін, өзінің тұтынған заттары – фотоапараты, қол сөмкесі, қаламы, шапаны, бас киімін, қаламынан туған «Отырар», «Қазақ киімі», «Жолайрықта», «Тағдыр тағылымы», «Эхо» сынды кітаптары мен мақалаларын, қызмет атқарып жүргенде берілген естелік заттарын, жұмыс бөлмесінде пайдаланған мәрмәрдан жасалған қаламсабын жиналған қауым қызығушылықпен тамашалайды екен.
Өзағаның ұлт алдындағы басты еңбегі сол, халқымыздың дарынды жастарына да қамқоршы бола бiлуi талай жастарға жөн сілтеп, қолдау көрсетті. Әсіресе, өнер адамдарына қол ұшын созып, демеу болды. Оның бастамасымен елiмiздiң көп жерiнде, Отырар, Әзiрет Сұлтан, Тараз, Үстiрт секiлдi елді мекендерде этнографиялық музейлер ашылып, «Адырна», «Алтынай», «Сазген», «Сырнай», «Шертер», басқа да фольклорлық өнер ансамбльдерi, Арқалық қазақ сазды драма театры дүниеге келген. Қазақстанның мәдени ескерткiштерiн сақтау мен қалпына келтiру мақсатын көздеген «Арқас» және шет елдерде тұратын отандастарымызбен мәдени байланыс жасайтын «Отан» («Қазақстан») қоғамдары құрылды.
Тарих қойнауына үңіліп, халқымыздың өмірі мен тіршілігін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін зерттеп, ерлігі мен бірлігін паш етіп, келер ұрпаққа баға жетпес құнды еңбектері мен өсиетін қалдырған еліміздің біртуар ірі тұлғаларының бірі – мемлекет қайраткері, белгілі этнограф, тарихшы-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегі жыл өткен сайын құндылығы арта түсері анық.
Қоғам және мемлекет қайраткерінің дара жолы, қыруар еңбегі жөнінде айтылған тұщымды дүниелер тыңдарманға ой салатынына, рухани азық боларына сенімдіміз!
Дана халқымыз «Кемеңгерге де кеңес керек» деген екен келелі кеңестер көп болсын. Жыл өткен сайын Өзағаның биік рухы асқақтала бермек.