Ұлттық би өнерін дәріптеген

Ұлтымызда би өнері ежелден ерекше қошеметке ие. Қазақ ұлтының арғы-бергі тарихына терең зер сала отырып, би өнерінің сонау ықылым заманның өзінде-ақ ұлттық өнерінің бірі болғандығын және оның ертеден қалыптасып бүгінгі күнге дейін жібін үзбей жетіп отырғанын көреміз.

Screenshot_24.jpg

Ұлттық өнердің бір бұтағы саналатын би талғам мен сезімнің, жинақылық пен нәзіктіктің көрінісін ғасырдан-ғасырға көрерменге жеткізіп келеді. Көрерменге айтар ойды би тілімен көрсету үшін өнерпаздың тума дарыны, ерекше табиғи қабілеті болуы маңызды. Ырғаққа сай дене қимылы мен қозғалысы арқылы сан түрлі образдарды бейнелеу оңай дүние емес. Бекзат өнер саналатын би көрерменге адамның ішкі жан-дүниесі мен мінез-құлқын да дәлме-дәл жеткізе алатын қасиетке ие.

Шымкент  қаласының  атын шығарып жүрген талай таланттыларымыз жетерлік. Шымкент қаласының ғана емес, еліміздің мәдениетінің дамуына зор үлесін қосып жүрген «Айгөлек» би ансамблі – Шымкенттегі оқушылар сарайының құрамында құрылған республикамыздың ең байырғы шығармашылық ұжымдарының бірі.

Ұлттық құндылықтар адамзаттың рухани-мәдени мұрасының маңызды бөлігі болып қалып отыр. Ұлттық құндылықтар – әр халықтың өмір сүру дағдысы, дүниетанымы мен мәдениетінің көрінісінен көрінсе керек. Соның ішінде би өнердің денсаулыққа тигізер пайдасы да орасан зор. Адамның арқа, іш, аяқ бұлшық еттерін нығайтады әрі сергектік сыйлайды. Буын мен омыртқадағы зат алмасуын жақсартуға септігін тигізеді. 

Сонымен «Айгөлек» би ансамблінде 150-ден аса бала би өнерімен шұғылданады. Қаламыздағы белді ансамбль ұжымының қаланың мәдени тынысына беріп жүрген еңбегі зор. 

Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Райхан Каланова осы уақытқа дейін қаланың мәдени іс-шаралары «Айгөлексіз» өтпейді дейді.

– Қазақтың би өнері тек қазақ ұлтының өзіне ғана тән өзгешеліктерімен ерекшеленеді. Мұндағы қимыл қозғалыстар тұрмыстық дүниелерді, әсемдікті, жан жануардың қасиеттерін көз алдыға әкелуі міндеттеледі. Атап айтқанда бүгінге дейін белгілі көне билердің қатарында; «Қамажай», «Маусымжан», «Қаражорға», «Келiншек», «Өрмек биі», «Ор­теке», «Тепеңкөк», «Қоян-бүркіт» «Айжан қыз», «Садақ биі»,«Шолпы биі», «Қоян биі», «Аю биі», «Насыбайшы»,«Асау ат», «Бура биі», «Бүркіт биі», «Құр биі», «Құсбегі», «Киіз басу», «Тырна биі» атты билер болған, – дейді ұлттық би өнері жайлы. 

«Балалар классикалық би, халық биі, эстрадалық би бойынша тәлім алады. Ансамбльдің педагогтері мен қатысушылары семинар, марафондар, шеберлік-курстарда шеберліктерін шыңдап отырады. Сондай-ақ жаңашыл, жеке тұлғаны дамытуға әрдайым атсалысады. Педагогтердің биге деген сүйіспеншілігі мен құштарлығы сахнадағы балалардың әр қимылынан байқалады, олар өз қойылымдарымен көрермендердің жүректерін қозғайды. Біз қатысқан фестиваль мен байқаулардың қазылар алқасы жас бишілердің әртістігі мен жоғары кәсібилігіне жоғары бағасын беріп, ұлттың хореографиялық өнерін насихаттау мен дамытуға педагогтердің қосқан үлесін үнемі ерекше атап өтеді. «Айгөлек» ансамблінің қалыптасқан өз дәстүрі бар. Жыл сайын түлектерді шығарып салу, жаңа жылдық ертеңгіліктер, есептік концерттер өткіземіз. Ансамбль түлектері Қазақстан Республикасында белгіленген үлгідегі ресми сертификат алады. Түлектеріміз Отанымыздың әр түкпірінде, сондай-ақ алыс-жақын шет елдерде хореограф, балетмейстер, шығармашылық қызметтерде жұмыс істейді, – деді Райхан Мұртазақызы.

Осы уақыт арадығында ансамбль ұжымының жеткен жетістіктері мен белестері көп. Жыл сайын талапты өнерпаздар халықаралық фестивальдерде топ жарып, жүлдегер атанып жүр.

– «Айгөлек» балалар хореографиялық ансамблі 1946 жылы құрылған. Негізін А.Л. Цандекова қалаған. Мен өзім 1975 жылдан бастап ансамбльдің көркемдік жетекшісі және балетмейстері болып жұмыс істеп келемін. Осы жылдар ішінде Оңтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Түркістан мен Шымкент қаласының бірде-бір мәдени, бұқаралық іс-шарасы «Айгөлек» балалар хореографиялық ансамблінің қатысуынсыз өткен жоқ. Қазіргі уақытта ансамбльде 3 жастан 17 жасқа дейінгі 150-ден астам бала бимен айналысады. Жас шамасына қарай әр топтың жеке сабақ кестесі бар. Мұнда өте талантты, кәсіби екі педагог-хореограф Елена Голобокова және Айгерім Садықова жұмыс істейд Ерте көктемде жарыса шыққан жауқазындай түрленіп, келбеті келіскен бишілер сахнаға шыға келгенде кеудеңді ерекше бір мақтаныш сезімі кернейді. Жарық дүниеге қазақ болып келгенің үшін, бар әсемдік пен иба-әдепті бойыңа өргенің үшін өзіңді бақытты сезінесің! Би өнерге ғана емес, ізгі адами қасиеттерге де баулиды. «Айгөлектіктер» бір үйдің балаларындай бір бірімен тату-тәтті тұрады. Би өнерінің арқасында олар төрткүл дүниені шарлап, әр ұлттың озық өнерімен танысады. Бойына түйгені көбейіп, білімі толығып, рухани тереңдей түседі. Туған жеріне деген сүйіспеншілігі оянып, оның абыройын асқақтатуға деген намыс оты жігерін жаниды. Осы күнге дейінгі жетістіктерімізді айтатын болсам кітап жазуға болады. Дегенмен, маңыздыларымен бөлісе кетейін. 2005 жылы – Франция халықаралық фестивалінің жүлдегері, 2006 жылы – Түркия халықаралық фестивалінің, 2007 жылы – Франция-Германия-Мәскеу «Хрустальді Лира», 2008 жылы – Италия, «la corona de Enfeo», 2009 жылы – Түркия «Insuyu», Астана «Шаттық», 2010 жылы - Италия «GEF», Қызылорда қаласында өткен «Ботақан» республикалық фестивалі, 2011 жыл – Польша «Артистическое лето в замке», 2012 жылы – Түркия (Бодрум), «Bodrum kayamakamligi», 2013 жыл-Ирландия-Ұлыбритания «Damshafest», 2014 жылы – Польша-Вена-Германия-Мәскеу «Көркем жаз», 2015 жылы – Финляндия-Норвегия-Швеция «Inspiration 2015», 2016 жылы – Франция-Испания «Musica del Lloret de Mar», 2017 жылы – Македония-Италия «Star Flowers 2017», «X Dans»,2018 жылы – Қырым, «Қырым 2018», 2019 жылы – Черногория «Montenegro Fest», 2022 жылы – Түркия «Күн үйі», Астана «Italian grand Festival» жарыстарында жүлделі орындармен оралды, – деді Р.Қаланова.

Өзге елдің қазақ өнеріне деген қошеметі тіптен бөлек. Сахнадан шыға салысымен, әсем зерделенген ұлттық киімдерімізге қызығушылықпен қарап, қолдарымен ұстап көріп, таңдай қағысып, «Айгөлектіктермен» суретке түсуге ұзын-сонар кезекке тұрды екен. 

Ал, би жетекшісі Елена Голобокованың қазақ өнерін дәріптеп, насихаттап жүргені көңіл қуантарлық. Ол өз жұмысына деген сүйіспеншілігі мен қызығушылығын тілге тиек етті.

«Би өнері – менің бар өмірім! Қазақ өнерін танытуға барымды салып келемін. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – Райхан Мұртазақызына айтар алғысым шексіз. Ол кісіден үйренгенім өте көп. Балаға деген мейірбандылық, жұмысқа деген жауапкершілік, өнерге деген құрмет, адамзат баласына деген қамқорлық қасиеттерін бойыма терең сіңірдім» дейді А.Голобокова өз сөзінде. 

«Айгөлек» би ансамблі көк байрағымыздағы қыран құс сынды қанатын кеңге жайып, жыл өткен сайын репертуар қоржынын толықтырып, өз өнерлерімен жұртшылықты қуантып келеді. Би өнері – эстетикалық құрал. Би арқылы түрлі ұлт өкілдерінің өзіндік ерекшеліктері, іс-қимылдары көрініп тұруы қажет. Оның дамуында шек жоқ. Сезім мен ой тереңдігін, өмірге деген құштарлықты тілсіз жеткізетін «Айгөлек» би ансамблінің алар асуы зор, ұрпаққа берері де мол. Себебі ұлттық би өнері жас баланың бойына өз ұлтының төл мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын дарытады. Осындай игі қасиеттерді бойға сіңірген тұлға өз елінің ғана патриоты емес, өзге елдің де қазынасын құрметтей алатын әрі өркениеттің көшіне ілесе алатыны сөзсіз. «Айгөлек» би ансамблі әлі талай көрермен жүрегін жаулап, жаңа шығармашылық биіктерге жетері анық!


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Бақытжан Алдияр: «Өлеңді түсімде жазып, өңімде қағазға түсіремін»
  • Қазақ халқының ырымдары мен нанымдары
  • Асық – үлкен халықтық тәрбие
  • Олардың ерлік рухы мәңгі ұмытылмайды
  • «Ешкім де ұмтылмайды, ешкім де ұмтылмақ емес!»: Шымкент аумағында ұжымдастыру науқаны қалай жүрді?
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер