Халықтық мәдениеттердің өзіндік ерекшеліктерін мойындай келіп, қазақ мәдени қазыналарының, рухани мәдениетімізді қалыптастыруда еңбегі сіңген азаматтарымыз аз емес.
Жалпы қазақ халқының ежелден өнерлі ел екенін әлемнің көптеген аузы дуалы алыптары сан қырынан мойындап, жүрекжарды ой-тілек арнағанын көзі қарақты қауым жақсы біледі. Осы бағытта ой өрбітсек, кәсіпқойлығы кенжелеп жетілген демесек, көркем бейнелеу өнерінің де түп-тамыры тереңде жатқанын даламызда сақталған ескерткіштер айғақтайды.
Биыл Қазақстанның кәсіби сурет өнерінің шебері, дарынды суретші Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл толды. Қылқалам шеберінің қолтаңбасы бар үш мыңнан астам түрлі жанрдағы картинасы, қазақ көркемсурет өнерінің баға жетпес қазынасына айналған. Ұлттық мәдениет пен өнерімізді дәріптеуде аты әр қазақтың жүрегінде.
Өз заманында ғана емес, ғасырлар өтсе де оның туындылары ешқашан өз көркемдігін, маңыздылығын жоғалтқан емес. Кейінгі ұрпаққа Қастеевтің шығармашылығын үлгі ету мақсатында дәстүрлі түрде жастар арасында түрлі байқаулар ұйымдастырылады. Соның бірі, Шымкен қаласындағы А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасында өтті.
Суретші ұлттық дүниетаным шеңберінде халқымыздың тұрмыс-тіршілігін дәл бейнелей білді. Оның «Киіз үйдің ішкі көрінісі», «Қыз Жібек», «Қыз ұзату», «Қос құрбы», «Келін түсіру» тағы басқа шығармалары ұлттық қазынамызға айналды.
Қылқалам шебері мәдениет тарихының, республикалық қоғамдық өмірдің жылнамасын жасады. Абай мен Қастеев арасындағы сырлы байланыс дүниені эстетикалық-көркемдік тұрғыдан танудың, өнер өзектестігінің, рухани сабақтастықтың көрінісі. Суретшінің сүйікті кейіпкері Абай тұлғасы болды.
Суретшінің тұлғасы мен өнерін ашуда ұйымдастырылған байқауға ҚР суретшілер одағының мүшелері, танымал және әуесқой суретшілер, ЖОО -дары мен колледж оқытушылары, студенттер мен оқушылар қатысты. Жалпы, 100 ден аса үміткер бақ сынап, түрлі жанрда сыр шертіп, қаламға жан бітірген. Туындылардың басым көпшілігі ұлттық дәстүрді насихаттайтын дүниелер.
Қайталанбас қолтаңбасы бар дарабоз суретшінің артында үш мыңнан астам түрлі жанрдағы картиналар қалды. Ол – қазақ көркемсурет өнерінің баға жетпес қазынасы саналады.
Әбілхан Қастиевтің туғанына 120 толуына орай ұйымдастырылған байқаумен қатар суретшілерге арналған шеберлік сағаты өтті.
Айта кетейік, Әбілхан Қастеевтің кәсіби білімі болмаған. Бірақ соған қарамастан суретші картиналарын академиялық деңгейде салған», - дейді өнертанушылар. Бірде бір фотосуреті сақталмаған Аманкелді Имановтың портретін кенеп бетіне түсіруі нағыз шеберліктің шыңы. Суретші бірнеше жыл қатарынан Торғай өлкесіне барып, көзкөргендердің айтуымен Аманкелді портретінің нобайын сызып, үш жылдан соң батырдың бет бейнесін кенеп бетіне түсіреді. Осы еңбегі үшін суретшіге 1944 жылы Халық суретшісі атағы беріледі. Әбілхан Қастеевтің жүз жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілді.