Ұлттық киім – мақтанышың

Ұлттық киімдер – халықтың мәдениеті мен рухани құндылықтарын бейнелейтін, тарихи ерекшеліктерін көрсететін киім үлгілері. Қазақ ұлттық киімдерінің өзіндік ерекшеліктері мен маңыздылығы бар, олар халықтың өмір салтына, табиғатына, эстетикалық талғамына сәйкес қалыптасқан.

Screenshot_16.jpg

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл – өте орынды бастама, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн», – деп атап көрсеткен болатын. 

Қазақ ұлттық киімі тек сәндік элемент емес, ол қазақ халқының дүниетанымын, өмір салтын, эстетикалық талғамын білдіретін, тарихы терең мәдени құндылық. Бүгінде ұлттық киімдер той-мерекелерде киіліп, қазақ халқының тарихи болмысын танытуда маңызды рөл атқарады.

Президент жолдауына сәйкес тиісті басқармалар мен ЖОО-дары осы бастамаға сүбелі үлес қосып келеді. Соның бірі, Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы мен «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған фестиваль. «Ұлттық киім – ұрпаққа мұра» атты іс-шараға қаламыздың ең үздік сәнгерлері топтамаларын көрсетті. 

Соңғы уақытта, ұлттық нақыштағы киімдерді кию – тренде. Бұл кәсіби дизайнерлердің заманауи киімдерді этно стильмен ұштастыра алауында деп білеміз. Ұлттық киімдер сән индустриясында трендке айналып, заманауи киім үлгілеріне ерекше реңк беруде. Бұл үрдіс қазақ мәдениетінің қайта жаңғыруына, оның құндылықтарын жастар арасында насихаттауға үлкен үлес қосып отыр. Дәл осы бағытты ұстанып ұлттық киім тігумен және ұлттық нақышта зергерлік бұйымдар жасаумен айналысатын шеберлер көп. Сала мамандары тек елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде сұранысқа ие. Ендігі мақсат жастар арасында кеңінен насихаттау дейді  Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Айкерім Жұмағұлова.

Фестиваль барысында  қазақтың ұлттық киімдерінің  этностильдік топтамасы бойынша Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дың «Ақ баян» сән театры «Ертұран» топтамасын ұсында. Таяуда ғана Халықаралық деңгейде өткен фестивальде жүлделі 1 орынды иеленген  сәнгер Марат Ерімбетов ұлттық киімдерді әлемдік деңгейде танытуды көздейді. 

 – Сән әлемі үнемі жаңарып отырады. Тек денені жабу үшін ғана емес, қазақта сырт киім арқылы астарлы, ойлы сөздерді жеткізетін болған. Бүгінгі фестивальге 2 топтама алып келдім. Бірі ұлттық киімдерді этностильде жаңғырту болса, келесі заманауи стильді қамтыды,-дейді Марат Ерімбетов.

Ұлттық киімнің трендке айналуының себептерін былайша түсіндіреді дизайнерлер. Мәдениетке қызығушылықтың артуы: Жастар арасында өз мәдениетін құрметтеу, ұлттық құндылықтарды тану және оны қазіргі заманғы өмірмен үйлестіру үлкен танымалдылыққа ие болып жатыр. Ұлттық киімдерді кию арқылы жастар өздерінің төл мәдениетін көрсетуді мақтаныш санайды. Дизайнерлердің жаңа көзқарасы: Қазақстандық дизайнерлер ұлттық киімдерді жаңаша көзқараспен қарастырып, оларды заманауи стильге бейімдеп жасауда. Шапан, камзол, әшекейлер қазіргі сән үлгілерімен үйлесіп, күнделікті киюге де ыңғайлы бола бастады. Танымал тұлғалардың ықпалы: Әншілер, актерлер, блогерлер ұлттық нақыштағы киімдерді көпшілік алдында жиі киіп, ұлттық киімге деген сұранысты арттырып келеді. Бұл тренд жастар арасында тез таралып, оған деген қызығушылықты арттырды. Киімнің бірегейлігі: Ұлттық киімдер өзіндік ою-өрнектерімен, ерекше әшекейлерімен кез келген киімнен ерекшеленіп тұрады. Әсіресе, халықаралық сахналарда ұлттық киім кию өз ерекшелігін көрсетуге мүмкіндік береді. Ұлттық рухты көтеру: Ұлттық киімдерді кию адамдарды біріктіріп, ұлттық рухты арттыруда үлкен рөл атқарады. Бұл үрдіс әсіресе мерекелер мен салтанатты шараларда, сонымен қатар халықаралық іс-шараларда кеңінен қолданылып жүр. Ұлттық киімдер адамның әлеуметтік статусын, жасын білдіреді. Мысалы, ерлердің бас киімі – бөрік, тымақ; әйелдердің бас киімі – сәукеле, кимешек жасына қарай әртүрлі әшекейленеді. Сәукеле – тұрмысқа шығатын қыздардың бас киімі болса, кимешек – егде жастағы әйелдерге арналған. Заманауи элементтерді қосу арқылы дәстүрлі киімдер қазіргі заманғы киіммен үйлесетіндей етіп өңделіп, күнделікті өмірде киюге ыңғайлы бола бастады. Шапан, камзол сияқты киімдер джинсы, көйлек, пиджак сияқты қазіргі киімдермен үйлесіп, әмбебап үлгіге айналды. Сонымен қатар, экологиялық таза материалдар сәнге кіріп, киімдер табиғи материалдардан жасалып, заманауи трендтерге сәйкес экологиялық таза өнімге айналып отыр.

Сондай-ақ, көрмеде ұйымдастырушылар, қазақтың байырғы тұрмыс тіршілігінен сыр шертетін құрақ көрпе, ер-тұрман әбзелдері, оюмен көмкерілген бүрмелі көйлек пен шапанның түр-түрін халық назарына ұсынды. Ұштасқан ұлттық нақыш пен заманауи модельдеге туындылар көпшіліктің көңілінен шықты. 

Ұлттық киімдердің  заманауи үлгілері топтамасы бойынша Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚМПУ-дың «Ақбаян» сән театры, Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің «Асыл мұра» сәндік киім үлгілерінің топтамасы, Бүбіхадиша Жетібаеваның «Асыл мұра» ұлттық киімдер топтамалары үздік деп танылды. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтар табыстарлып, алғыс хаттармен марапатталды. Ұлттық киімнің трендке айналуы – бұл ұлттық мәдениетке деген жаңа көзқарас және оны заманауи өмірге енгізу талпынысы. Бұл үрдіс мәдениетіміздің жаңғыруына, ұлттық болмысымызды сақтауға, оны болашақ ұрпаққа жеткізуге оң әсерін тигізеді.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Бақытжан Алдияр: «Өлеңді түсімде жазып, өңімде қағазға түсіремін»
  • «Алтын Орда - Жошы ұлысының негізгі тірегі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті
  • Ұлттық құндылық – тәрбиенің сара жолы
  • 2200 жыл: Ескі де жаңа шаһардың құрылысы қалай дамыды?
  • Белгілі қаламгер шығармалары дәріптелді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер