Әйел бейнесі ұлттық құндылықтар контекстінде маңызды орын алады, себебі ол мәдениет пен дәстүрдің көрінісі, қоғамның моральдық-этикалық қағидаларын бейнелейді.
Қазақ халқы үшін әйелдің бейнесі тек аналық рөлмен ғана шектелмейді, ол сонымен қатар отбасы мен қоғамның тұрақтылығын, бірлігін сақтаушы ретінде қабылданады.
Шымкентте Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының тапсырысы бойынша «Алтын Орда» ҚҚҚ «Әйел. Қоғам. Саясат» жобасы аясында «Әйел бейнесі – қоғам бейнесі» тақырыбында әйелдер форумы өтті.
Президент жолдауында да әйелдер құқығын және ұлттық құндылықтарды насихаттауға ерекше көңіл бөлінеді. Әйелдер құқығын қорғау мен ұлттық құндылықтарды жаңғырту – қазіргі қоғамның негізгі бағыттарының бірі, өйткені бұл тақырыптар халықтың әл-ауқатын арттырып, ұрпаққа рухани және мәдени тәрбие берудің іргетасын қалайды. Жолдауда әйелдердің құқықтарын қорғау мен қоғамдағы мәртебесін арттыру – ел дамуының маңызды көрсеткіші ретінде қарастырылып келеді. Президент әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау, еңбек теңдігін қамтамасыз ету, әйелдердің білім алу және кәсіби дамуға еркін қол жеткізу мүмкіндігін арттыруды басты назарда ұстау керектігін атап өтеді. Мемлекет әйелдерді әлеуметтік, экономикалық тұрғыда қолдау шараларын кеңейтуде, бұл әйелдердің қоғамдағы орнын күшейтіп, олардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді.
Шымкентте өткен форумның мақсаты – қоғамдағы әйелдердің рөлі мен олардың өмірдің түрлі салаларына қосқан үлесін терең түсіну және бағалау. Әйелдердің қоғамдағы орнын көрсету, білім алу, кәсіпкерлік, саясат, ғылым, және өнер салаларында белсенді болуын қолдау арқылы жалпы қоғамның прогресін қамтамасыз ету және оларға қолдау көрсетудің маңыздылығын түсіндіру. Кешегі қазақ әйелінің даналығы арқылы қазіргі заман әйелінің бейнесін ашып, болашақ қазақ әйелінің болмысын қалыптастыруға серпін беру.
Форумға «Перзент» балалар үйінің басшысы Әмина Қажы Әжібаева, ҚР Журналистер одағының мүшесі, Қоғам қайраткері, «Игілік» журналының бас редакторы Меруерт Айтенова, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы, №23 мектеп лицейдің директоры Тойлыбаева Жанар Жорақызы және 17-23 жас аралығындағы студенттер жастар қатысты.
– Әйелдер құқығы мен ұлттық құндылықтарды насихаттау бір-бірімен тығыз байланысты, себебі ұлттық мәдениетте әйел бейнесі ерекше орын алады. Қазақ халқында әйел аналық міндетті атқарушы ғана емес, мәдени және рухани құндылықтарды тасымалдаушы, отбасындағы тәрбие мен тұрақтылықтың негізі болып саналады. Сол себепті, әйелдер құқығын қорғау арқылы ұлттық құндылықтарды сақтап қалу мен дамыту мүмкіндігі артады. Әйелдер құқығы мен ұлттық құндылықтарды қолдау арқылы мемлекет тұрақтылығы, рухани жаңғыру мен мәдениет сабақтастығы қамтамасыз етіледі, – дейді Меруерт Айтенова.
Аталмыш форум жаңа бастамаларды, әйелдердің қоғам өміріндегі рөлін арттыруға, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, жеке өсуі үшін жағдай жасауға арналған жалпы тәсілдерді әзірлеу үшін диалог алаңы болды. Мәселенің түйткілін көтеру мақсатында Меруерт Айтенова өзінің өмірлік тәжірибесінен әйелдерге қатысты біршама ойларымен бөлісіп, олардың қоғамдағы рөлін қайта қарастырудың маңыздылығын атап өтті. Ол әйелдерге қатысты стереотиптерді бұзудың және олардың құқықтары мен еркіндіктерін кеңейтудің қажеттілігін алға тартты.
Ал, Әмина қажы әйелдердің кәсіби және жеке өміріндегі табыстарын шектейтін ескірген көзқарастардан арылудың маңыздылығын жиі атап өтті. Сонымен қатар, әйелдердің ішкі әлеуетін ашып, оларды өз армандарына ұмтылуға шабыттандыруға шақырды.
– Қазақ мәдениетінде әйел отбасының ұйытқысы, тәрбиенің бастауы ретінде көрініс табады. Бұл жерде әйелдің рухани құндылықтарды, салт-дәстүрді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші рөлі ерекше. Қыз тәрбиесі мен әйелге деген құрмет ұлттық құндылықтар жүйесінде маңызды орын алады. Бұл тәрбие жастайынан беріледі, мысалы, «қызға қырық үйден тыйым» деген нақыл сөздер арқылы қыздың жүріс-тұрысы мен мінез-құлқына мән беріп, әдепті болуға үйретеді. Қазақ халқы әйелдерді төзімді, сабырлы, қиындықтарға шыдамды етіп тәрбиелеуге мән берген. Бұл қасиеттер оларды өмірдің әртүрлі сынақтарына дайындайды және әйел бейнесін батырлық пен қайсарлықтың символы ретінде бейнелейді. Әйел бейнесі ұлттық құндылықтармен тығыз байланысты және ол қоғамдағы рухани тәрбие, мәдениет сақтаушы, отбасы қамқоршысы ретіндегі құндылықтар жиынтығын бейнелейді ,– дейді Әмина апа.
Жиынның соңында оқырмандар мен қонақтар арасында сұрақ-жауап сессиясы өтті. Қатысушылар қозғалған мәселелер мен негізігі тақырыпқа қатысты сұрақтар қойып, ой бөлісті. Бірқатар оқырмандар әйелдер құқығы, гендерлік теңдік және қоғамдағы стереотиптер туралы пікірлерге ерекше қызығушылық танытты.