Тәрбие басы ұлттық бомыста жатыр

Қоғамды алаңдатқан мәселенің бірі ол жастар тәрбиесі. Соның ішінде масылдық, жалқаулық деген секілді жағымсыз қасиеттер жастардың бойынан табылмау үшін қандай әрекеттер жасау керек деген сауал төңірегінде бүгінде жауап таппай қиналатынымыз бар. 

Screenshot_6.jpg

Екінші мәселенің бірі ол ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына қалай сіңіреміз деген сұрақ. Кезінде жастар инабатты, тәрбиелі еді, бүгінде қоғам не болып барады деген үлкендердің көңіл толмастығын жиі естиміз. Ендеше бұл олқылықтың орнын толтыру үшін не істейміз? Рухани жаңғыруды қалай, неден бастаймыз деген сауал төңірегінде елімізге белгілі қоғам қайраткері, кезінде мемлекеттік қызметтің түрлі сатыларында еңбек етіп, Мәжіліс депутаты болған атпал азамат Шалатай Мырзахметовпен сұхбаттасып көрген едік. 

- Шалатай Мырзахметұлы, жалпы масылдық деген ұғым қай кезде де болған. Дегенмен қазіргі қоғамда әке-шешесінің айлық, табысына немесе әйелінің жалақысына сүйеніп күн көріп жатқан жігіттерді де жоқ дей алмаспыз. Бұл пікірге келісесіз бе? Жастардың бойындағы мұндай мінез-құлықты қалай қабылдайсыз? Жалқаулық та адамға тән қасиет қой. Сіздің ойыңызша оны жеңудің қандай жолы болу керек?

- Кейінгі жастарды өзім қатты құрметтеймін. Неге десеңіз, біздің бала кезімізде ауылда теледидар түгілі радио болмайтын. Сонау қарағаштың басында қара радио ілініп тұратын. Оның өзі бірде сөйлеп, бірде сөйлемейтін. Сондықтан біз тек қана аталарымыз бен әжелеріміздің ертегісін тыңдап өстік. Соны бойымызға азық еттік. Сол біздің идеологиямыз болды. Ал қазіргі жастарға қуанатыным кішкентай 3-4 жасар балаға дейін компьтер, телефонның тілін біледі. Бірақ тілдері орысшаланып кетеді. Соларды тіл шыққанда қазақша сөйлеуін қадағалау керек. Дегенмен техника білетін, саналы, өрелі болып өсіп келе жатқан ертеңгі күні Қазақстанды өрге сүйрейді. Қазіргі жастар ақылды керемет. Олардың болмысы, дүниетанымы өте жоғары деңгейде.  Рас, жастар қазіргі заманда өте жақсы дамып кеткен. Ендігі мақсат солардың тәрбиесіне көңіл бөліп, оларды дұрыс жолға салу. Аристотельден кейінгі екінші ғалым, бүкіл қазақтың түркі тілдес халықтардың мақтанышы болған Абу Насыр Әл-Фараби бабамыздың айтқан сөзі бар ғой. «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың хас жауы» деген. Ендігі жерде білімді, алғыр жастарға тәрбие бере білсек, келешекте нәтижесі өте жоғары болмақ. Құдай қаласа осындай жастары бар Қазақстан ешкімге дес бермейтін ел болып шығады. Міне өзі ақылды әрі ұлттық құндылықпен сусындаған жастар болашақта қазақ елін өрге сүцреп шығады, өз басым оған кәміл сенемін. Сауал ретінде қойылған масылдықпен күрес мәселесін де осы ұлттық құндылық аясында берілген тәрбие арқылы нәтижелі бір шешімін табуға болады деп ойлаймын. 

- Сөзіңіз аузыңызда, осы бүгінде смартфонмен табыс тапқанды, интернеттен пайда түсіргенді жастардың бәрі жақсы көреді. Сол қоғамда үрдіс алып тұр десек болады. Сіздердің кездеріңіздей станокта тұрып жұмыс істеуді қалайтын жастар бүгінде көп деп әй айту қиын ау. Бұған қатысты қандай пікір айтасыз?

- Білмеймін интернетпен табыс табу дегенде көз алдыма блогерлер елестейді. Адал жолмен тапса жақсы-ақ дерсіз. Бірақ көпшілігі тұлғаның бір кемшілігін тауып алып, соны «жерден жеті қоян тапқандай» қуана жар салып, ана адамға тисе бастайды. Ау бұл барып тұрған сорақылық, бопсалаушылық қой. Сондықтан болгерлерді заң аясында жақсылап бір тәртіпке салмаса болмайды. Мен де талай сұхбаттарда жап-жас журналист қыз-жігіттерге айтатын едім. «Қарақтарым бір сөзбен бүкіл істі жоққа шығарып жіберуге болады. Түймедей нәрсені түйедей етіп көрсету арқылы адамды жер қылу оп-оңай. Сондықтан жаптым жала, жақтым күйе болмасын. Не болса да іске әділетті, объективті қарау керек. Журналистер әсіресе әділеттің жағында тұру қажет» дейтінмін. Дегенмен қазіргі жастардың «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп» табыс табуы ол жақсы нәрсе емес. Кейде өткен кеңестік кезеңнің де жақсы жақтары бар еді дегенді айтқым келеді. Мәселен ол кезде кадрды жастайынан тәрбиелеуге қатты көңіл бөлетін. Ол кеңестік биліктің идеологиясы еді. Жастайынан бала пионер болып, сосын комсомол болып тәрбиеленеді. Сол жолда жүріп ысылады. Сөйлеу мәнерін үйреніп, көп тәжірибе жинайды. Кейін институт бітірген соң жұмысқа тұрып жақсы нәтиже көрсетсе әрі қарай мансаптық қызметпен өсіреді. Мысалы үшін мен Ақтөбе облысына жолдамамен барғанда 3 айдан кейін совзоз басшы етіп тағайындаймыз деді. Мен әлі жаспын ғой десем, еңбекқорлығыңыз, біліміңіз соған жетіп тұр деді. Сөйтіп басшы болып қызметте өстім. Ол уақытта жұмысшылармен таңертең 5 –те тұрып, кешке тоғызда тарқатқанша қастарында жүретінмін. Ол кезде асфальт жол жоқ. Қотыр жолдың бойында көлік 4-5 сағат жүрем дегенше мен де мызғып ұйқымды қандырып алатынмын.  Арасында «ер шекіспей бекіспейді» демекші жай сөзге көнбегендерге қаталдау мінезімді көрсетіп қоятынмын. Содан құрылысшылардың бәрімен тіл табысып кеттім. Осы еңбегімді жоғары жақ байқап мені жоғары қызметке қойды. Содан кейін өзімді тәрбиелеге көштім. Үлкендерге сен демейтінмін. Өйткені әкем «Қарағым, үлкендердің жағасынан алма. Сен жассың, саған білінбейді. Үлкендерге сен деген сөздің өзі ауыр тиеді. Ертең бір жерде басшы боп жатсаң қарамағыңдағыларға қамқор бол» өсиетін жаудырып отыратын. Сол әкемнің өсиеті есіме түсіп кететін. Сол арада үш жыл жұмыс істедім. Олар маған сенім артып бір жылдан кейін коммунистер қатарына өткізді. Мен сол сенімді ақтау үшін одан сайын жұмысты жұлқынып істейтін болдым. Кейін жиырма жылдан кейін бардым сол жерге. Кішкене қарным ашты сондағы көріністі көріп. Мен салып кеткен құрылыстан кейін ешнарсе өзгермепті. Оңтүстіктің тілі майда ғой. Сонда әрі-бері жүгіріп жүріп, әр жерден қаржы тартып соларды салдырған едім. Отыз жылдан кейін тағы да мен істеп кеткен жерге жолым түсті. Бірақ бұл жолы депутат ретінде халықпен кездесуге келдім. Басында 40-50 шақты Ақтөбенің белсенді азаматтары отырды. Кейін мені танып, мынау біздің өзіміздің Шалатай ғой деп бір қарасам 200 адам сиятын залдың іші толып қалған. Мұны айтқандағы мақсатым өзімді мақтау емес. Адам еңбек етсе, маңда терін төксе қай кезде де абыройлы болады. Сосын бар игілік қол еңбеімен жасалады. Киетін киім, жейтін тамақ, мінетін көлігіміздің бәрі сол қол еңбегінің арқасында келген дүниелер. Бәріміз телефон шұқылап кетсек оның бәрін бізге кім істеп береді. Сондықтан Қазақстанға еңбек қоғамы керек. Кәдімгі таза жұмыс класы қажет. Адамзаттың бар игілігін жасайтын солар. Сондықтан еңбек адамының құрметін қоғамда жоғары биікке қойып, бағалай білуге тиіспіз. Менікі осы ацтқан сөздерім жастардың құлағына жетсе екен деген ой. Жаым сексенге таяды. Маған енді атақ-абыройдың қажеті жоқ. Осы күнге дейінгі алған атақ-абыройым өзіме етеді. Ендігі ойым тек менің жүріп өткен жолым, өмірдегі тәрбиелік ұстанымым мен қызметтегі абыройым басқаларға сабақ, үлгі болса екен деген арман-тілек қана. 

- Ал жастардың ұлттық тәрбиесі жөнінде не айтасыз? Қазір жаһандану дәуірінде өскелең ұрпақтың бойында ұлттық құндылық болмысты сақтап қалудың маңызы жоғары шығар. Соның ішінде бала тәрбиесінде ата-ананың да рөлі күшті болу керек деп жатады. Жалпы сіздің осы айтылған мәселелер төңірегінде пікіріңіз қандай?

- Балам нашар болсын деген ата-ана жоқ шығар өмірде. Сол үшін де жақсы, тәрбиелі болу үшін барын салады. Қазақтың ең әдемі тәрбиесі «балам олай істеме, ұят болады немесе обал болады» деген сөзі. Осы сөздерді құлағына құйып өскен бала келешекте жақсы азамат болып қалыптасады. Осындай сөздерді естіп өскен ауыл баласының жаман адам болғанын көрген емеспін. Сосын әкенің отбасы тәрбиесінде рөлі күшті болу керек. Әке деген баламен оңаша қалып тәрбиелік мақсатта сөйлесе білу қажет. Жылы-жылы айтылған сөз баланың жүрегіне жетіп ол ертең ешқашан ол сөзді ұмытпайтын болады. Мұндай мысал менің де басымнан өткен. Жасым 12-ге жеткенде бір күні әкем қасына шақырып алып, «балам сен енді ер жетіп келесің. Сол үшін менің саған айтар ақылдарым, өсиеттерім бар. Соны ұғып, есіңнен шығармай жүр» деген еді. Сонда әкем айтушы еді: «өмірде жаман адам жақсы адам да болады. Бірақ жаманды жаман екен деп өзектен теппе, тәрбиелеуге тырыс. Кім білсін ертең жасқы бір қызметке ілігіп бастық боп жатсаң қарамағыңда істейтіндерге жанашыр боларсың. Олар да бала-шаға асырап отыр ғой» деп. Мен әкемнің сол өсиетін ешқашан ұмытқан жоқпын. Талай басшылық қызметте жүргенде әкемнің өсиетіне адал болйыншы деп бір-бір адамды жұмыстан босатқан емеспін. Ұрысқан шығармын, сөгіс берген шығармын, бірақ жұмыстан қуған емеспін. Сосын әкем айтқандай ұлттық тәрбиенің бастауы халқымыздың бай тілінде жатыр. Бала құлағына қазақтың сөзін құйып өссе, тілі өткір, шешен сөйлей білсе міне сол баланың қанында қазақы қасиет бар деген сөз. Өйткені ұлттық құндылықтың бірі тілде жатыр, ұлттық рух салт-дәстүрмен бірге адамға тіл арқылы да беріледі. Біз соны ұмытпауымыз керек. 

- Әңгімеңізге рахмет. Сіздің айтқан ақыл, әдемі ойларыңыз жастардың құлағына жететін шығар деген ойдамыз.

Сұхбаттасқан Ә.ҚОНЫСБАЙ

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Тоқыма тоқудың пайдасы мол
  • «Молда Мұсаның әдеби мұрасы»
  • Көрерменге ой салған «Ақ кеме» премьерасы
  • Көксерек әңгімесін талқылады
  • «Бір қала - бір кітап»
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер