Шымкент қаласының танымал суретшілері жуырда Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде «Түрлі-түсті жаңбыр» топтық көрмесін ұйымдастырып қайтты.
Бұл іс-шараның маңыздылығы сол онда көпшілік қауымға оңтүстік өңірінің талантты қылқалам шеберлерінің туындылары таныстырылды. Сурет өнерінің ғажап көріністерімен жақынырақ танысқан қонақтар шымкенттік таланттарды мойындап, еңбектеріне тәнті болды.
Аталған көрмеде осы өңірден шыққан Қазақстанға танымал, белсенді суретшілер Насыр Рүстемов, Араншы Шаржанов, Сұлтан Иляев, Абдуахат Мұратбай, Мұхтар Бекеновтың 50-ден астам туындылары қойылған. Олар постмодернизм үрдісі арқылы өз туындыларына өнердің қайнар көзі болатын қазақтың дәстүрлі сәндік-қолданбалы өнерін жақындата түсті. Мәдени менталитетті нығайту үшін кейбір шығармалардың мәтіндеріне мифологиялық үзінділер беріп, ұлттық идея, дәстүр мен заманауи көзқарастарды біріктірген.
Н. Рүстемовтың көрмеге қойылған «Аймен жарықтанғандар», «Егіздер», «Түн», «Жанұя» және т.б. графикалары ақ-қара түстің үйлесімінде шешілген. Автор ықшамды пішіндер мен бейнелерге сәуле шағылыстыруда, адамның ішкі болмысын тұңғиықтан шығарып суреттейді. Авангардтық ағымдардың негізіндегі кейбір бейнелерді орналастыруда дәстүрлі және жаңа формалардың ара-қатынасын іздейді. Қара фондағы ықшамды жазықтар майыса келген сызықтармен дөңгеленіп бет-әлпеттер мен сюжетті көріністерді құрайды. Айта кету керек, суретші-мүсінші еліміздің үлкен қалаларында адамдардың талғамының қалыптасуына әсер ететін кәсіби, терең мазмұнды ескерткіштер жасаған.
А. Шаржановтың «Күз», «Бұлақ басында», «Құрбылар» сынды т.б. композицияларында түстерді ойнатуы ерекше. Туындыларында қарбалас пен уайымнан айырылған баяулар өмір сүреді. Бұл ғылыми этнографиялық көзқараста, бір кездері өркениет шығындарынан азат болған халықтың өмір салты туралы ностальгиялық оймен ұштасады. Суретші қылқаламының ізімен пейзаждарында Оңтүстік Қазақстанға тән нәзік нюанстар эпикалық панорамалар орын алған. Ол таудың қыртысындағы, қардың үлпіліндегі, таңның атуындағы сәттерді еркін сезініп, реңктерді ұтымды қолданады. Суретші өз ішкі мәдениетінің арқасында, қазіргі таңда жиі кездесетін көшірмелер мен «кәдесыйлардың» азғыруынан аулақ бола алады.
С. Иляевтың «Күннің туылуы» 2023, «Ақ тау» 2023, «Толқын» 2024 «Бабалар үйі» 2024, және т.б. туындыларында қазақ сәндік-қолданбалы өнері, отбасы мүшелері, және жануарлар әлемі сынды элементтер негізгі орын алған. Ол мәңгіліктің бастауы болып табылатын уақытты кеңістікке енгізіп, рухани әлемге көз жүгіртеді. Автор қандай да бір кодтарды сипаттайтын белгілерді жетілдіруде олардың мағыналарын шоғырландырып, жаңа идеяларды көтереді. Әсіресе, көркемдік синтез түрінде көрініс тапқан «адамгершілік құндылықтары» мәселесі суретшіні толғандыратыны анық. Рәміз, белгілерден құралған композициялардың пішіндері сәндік дыбысты түспен жазылып, салыстырмалы пластикалық формаларымен алмасады. Осылайша шебер өзінің жеке стилистикасын, дара қолтаңбасын жасай алды.
А. Мұратбайдың «Ескі ауылда», «Алтын қайық», «Айтыс», «Құрбандық» және т.б. шығармаларында қазақтың ұлттық образдары модернизм ағымымен үйлесіп, құрақ техникасы стилінде жазылған. Кескіндемешінің өнерінде символдар мен бөлшектерде жасырылған ұлттық философияның элементтері, күрделі сәндік формалардың пластикасы арқылы көрінетін декоративтілік кездеседі. Кенеп беттеріндегі жағыстар қолдан жасалған гобелендерге ұқсас. Жұмыстар бір әдісте жазылған, бірақ автор стилистикалық шешімдердің шексіз алуан түрін табады, бұл көрерменді өз қиялының ойынына еруге итермелейді. Шығармалар көрме кеңістігіне халық мерекесінің көңіл-күйін әкелетін қуанышты атмосфера сыйлайды.
М. Бекеновтың «Кеме», «Афросиаб», «Келте Машат», «Аристотель мен Әл-Фараби», атты шығармаларында көне түркілік елді мекендер, ұмытылып бара жатқан рухани мәдениеттер туралы мәселелер көтерілген. Ежелгі өркениеттердің жетістіктеріне жүгіну, ұлттық бастауларға жеке назар аудару оның көркем қолжазбасын айқындайды. Қылқалам шебері өз шығармаларын шынайылықтан бастап, сәндік дерексіз формаларға дейін өзгертіп, жаңа композицияларды туындатады. Оның кейбір туындыларда өрнектелген ашық бояу жағыстары цифрлы теңбілдер іспетті құралған. Мұнда қызықты поэтикалық ойлар мен философиялық мазмұндар өзара тұтасып заманауи кескіндеменің дәстүрін береді. Өз кезегінде суретшілер жайында қысқаша мәліметтер келтірсек, Рүстемов Насыр Ачилұлы – кескіндемеші, мүсінші, ҚР Мемлекет сыйлығынын иегері, «Құрмет» орденімен марапатталган. Қазақстан көркем академиясы Түркістан ұйымынын толық мүшесі (академик), 1947 жылы ОҚО, Қазығұрт ауданы, Жана-базар ауылында туылған. 1974-1980 (Мәскеу) И.Суриков атындағы академиясынын үздік түлегі болып табылады. Ал Шаржанов Араншы Анарбайұлы – кескіндемеші, КСРО СО мүшесі, ҚР СО мүшесі, Өзбекстан Республикасының СО мүшесі ретінде танымал. «Ерен еңбегі үшін», «Өзбекстан Бадии академиясы», «Бейнелеу өнеріне сіңген еңбегі үшін» медалдарымен марапатталған дарын иесі. Суретші 1953 ОҚО, Қазығұрт ауданында дүниеге келген. 1982 – А.Н.Островский ат. Театр және сурет өнері институтын тәмамдаған ол бүгінде көптеген республикалық, облыстық, қалалық көрмелерге қатысып жүр. Сондай-ақ Иляев Сұлтан Ғаниұлы – кескіндемеші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайреткері, КСРО СО мүшесі, ҚР СО мен ДО-ның мүшесі, ҚР СО Шымкент ұйымының Басқарма төрағасы қызметін атқарады. 1954 Шымкент қаласында атақты суретші Ғани Иляевтің отбасында дүниеге келген. 1977 – Шымкент педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін бітірген талантты суретші. Осы өнердің тағы бір өкілі Мұратбаев Абдуахат Тұрғанбекұлы – кескіндемеші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР СО мүшесі, республикалық, шетелдік және облыстық көрмелердің қатысушысы ретінде көпке таныс. 1960 жылы 19 наурызда Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Екпінді ауылында туған. 1981 жылы Шымкент көркемсурет училищесін, 2004 жылы Бішкектегі Қырғыз педагогикалық университетінің «Бейнелеу өнері және сызу» факультеті бітірген кәсіби маман иесі. Суретшілер арасында есімі ерекше жан Бекенов Мұхтар Аппозұлы – кескіндемеші, ҚР Өнер академиясының академигі, КСРО СО мүшесі, ҚР СО мүшесі. «КР Мәдениет қайраткері» құрмет белгісінің иегері, Халықаралық симпозиумдардың лауреаты. Ол сондай-ақ «ҚР тәуелсізідігіне 10 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған. 1960 Шымкент қаласында дүниеге келген талантты жан кезінде Шымкент педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетінде оқыған. Аталған іс-шара осы айдың аяғына дейін жалғасатын болады.
Жалпы жоғарыда аталған мұражай туралы айтсақ Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі бейнелеу өнері мен дәстүрлі және заманауи қолданбалы өнердің ғажап коллекциясы бар. Онда батыс, орыс және кеңес өнерінің және шығыс халықтары қолданбалы өнерінің тыңғылықты жинағы орын алған.
19-20 ғасырлардағы қазақ қолданбалы өнерінің бай коллекциясы қазақ қол өнерінің жоғары деңгейде болғанын көрсетеді. Олардың ішіндегі ең көбі – күмістен жасалған зергерлік бұйымдар, киіздер мен текеметтер, түкті және тақыр кілемдер, кестелі кілемдер. Музей коллекциясында ағаш пен теріден жасалған заттар да бар.
Жинақтаманың басым бөлігі ¬– Қазақстан кескіндемесі, графикасы және мүсіні. Олардың ішінде – Қазақстанның тұңғыш суретшісі Әбілхан Қастеевтің, сондай-ақ, Хлудов пен Черкасскийдің, Мәмбеев пен Телжановтың, Кенбаев пен Ғалымбаеваның, Жүсіпов пен Шәрденовтің, Сыдыхановтың, Айтбаев пен Сариевтің кескіндемелері, Сидоркин мен Зальцманның, Пак пен Әжиевтің графикалық парақтары, Наурызбаевтың, Төлеков пен Досмағамбетовтің, Рахманов пен Мергеновтің, Рапопрот пен Есенбаевтың мүсіндік жұмыстары бар.
Өнер ордасы туралы бар мәлімет мұражайдың арнайы сайтында толық келтірілген. Аталық музей қорында кеңес өнерінің даму тарихын жүйелеуге қажетті жәдігерлер жеткілікті. Розанова мен Петров-Водкин, Фальк пен Кузнецов, Сарьян мен Таңсықбаев, Никонов пен Андроновтармен белгілі қылқалам шеберлерінің тізімі тоқтап қалмайды. Ресей мен Украинаның. Арменияның, Грузия мен Әзірбайжанның, Молдавия мен Белоруссияның, Балтық және Орта Азиядағы кеңестік республикалардың суретшілерінің туындылары Қазақстанның бейнелеу өнері жүйесінің тілі ерекшелігін баса көрсетеді.
18-20 ғасырлардағы орыс өнері қорынан Рокотов пен Левицкийдің, Боровикоский мен Кипренскийдің, Верещагин мен Айвазовскийдің. Репин мен Крамскойдың, Саврасовтың, Шишкин мен Левитанның түпнұсқа туындыларын да көруге болады. «Орыс суретшілерінің одағы», «Өнер әлемі», «Голубая роза», «Бубновый валет» жылжымалы көрме суретшілерінің және т.б. бағыттағы қылқалам шеберлерінің туындылары бар.
Музей коллекциясынан төрт ғасырлық Еуропа өнерінің бейнесін көрсететін 16-19 ғасырлардағы Италия мен Францияның, Голландия мен Фландрияның, Германияның, Англия мен Австрия суретшілерінің жұмыстарын да табасыз. 16 ғасырдағы итальян суретшісі Камбиазоның, 17 ғасырдағы голланд суретшілері Хальстің, Бейерен мен Кейптің ғажап туындылары да осында. Рембрандтың жұмысын да осы арадан кезіктіресіз. Франс, Кіші Поурбус пен Денистің жұмыстары арқылы Фландрияның өнерін тамашалайсыз.
18 ғасырдағы француз кескіндемешілері Дюге мен Бурдонның картиналары кімді де болса еліктіріп әкетеді. Музей қоржынында Гудон мен Куазевоның мүсіндік туындылары да орын тапқан. Француз графиктері Каллоның, Домье мен Гаварнидің және неміс графиктері Шонгруэрдің, Дюрер мен Үлкен Кранахтың парақтары өз елдерінің өнерін айғақтайды.
Қытай, Жапония, Үндістан заттары мен дұңған, ұйғыр, корей шеберлерінің жекелеген туындылары Шығыс елдері өнерінің қоржынын толтырып тұр.
Музей адамның өзі мен қоршаған ортаны таныстыратын көркемдік қызметінің материалдық айғақтарын жинап, сақтап отырады, зерттеп-зерделейді, көрмеге қойып, көрерменге таныстырады. Жыл сайын республикалық және халықаралық семинарлар мен конференциялар ұйымдастырады.