Суретшілер одағы мен кітапхана байланысы берік

Қазақстан суретшілер одағының Шымкент қаласы бойынша филиалының төрағасы Әбдімүтәліп Ахметовтің ұйымдастыруымен А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасының көрме залында суретшілер көрмесі жиі өтіп тұрады. 

Screenshot_9.jpg

Мәселен сондай көрменің бірі биыл “Наурыз мерекесіне орай “Көктем бояулары” атты тақырыппен өткен еді. 

Бұл жолғы көрменің ерекшелігі мұнда тек нәзік жанды суретшілер, яғни, 25 автордың 64 жұмысы қойылған еді. Экспозиция әйелдер шығармашылығының сан түрлі қырларын айқындайтын алаң болды. Галерея залында әйелдер бейнелерімен үйлесім тапқан көктем, қазақи киіз үй, отбасылық құндылықтар, бесік тербеткен әйел, қазақ қызының бейнесі, көктем шуақтарын айшықтайтын әсем гүлдер суреттері қойылды. Сонымен бірге барлық картина әр суретшінің қоршаған әлемге деген өзіндік ерекше көзқарасымен, классикалық және заманауи әдістермен жасалған дүниесі болып табылады. Қызықты бейнелерді тамашалауға келгендер дәстүрлі және заманауи кескіндеме туындыларын, батниктерді, гобелендер мен киізден жасалған картиналарды көріп, олармен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

Т.Тәжібаев атындағы орта мектеп мұғалімі Райша Орманованың айтуынша көрмеге арнайы оқушыларды алып келген. Сол көрмеде олар керемет әсерге бөленіпті. Жанарлар қанық бояуларға, ұлттық нақыштағы сан алуан дүниелерге қаныққанын, суреттерге қарап, қазақтың кең даласында гүл теріп жүргендей сезінгенін жеткізді ол. Айта кету керек, ҚР Суретшілер Одағының Шымкент филиалы және кітапхана ұйымдастырған бұл көрме наурыз айы бойына жалғасын тапты. 

Осы орайда Қазақстан суретшілер одағының Шымкент қаласы бойынша филиалының төрағасы Әбдімүтәліп Ахметов мегаполистен суретшілердің еңбектеріне арналған музей болу керектігін айтады. Бұрынғы Фосфоршылар сарайы мамандардың сараптамалық қорытындысы бойынша бұзылатын болған. Өнер иесі осы мәдениет сарайының орнына салынатын кешен шаһар суретшілерінің туындыларына арналған музей болуы тиіс деген идеясын ұсынды. Өйткені одақтың құрамында бүгінде жиырма шақты бейнелеу өнерінің майталмандары бар болса, олардың суреттері әрқайсысының үйінде сақтаулы. Музей туындылардың қалпын бұзбай ұзақ уақыт сақталуына және ең көркем, бағалы картиналарды ұлт мұрасы ретінде өзімізде қалуына мүмкіндік берер еді. Одақ ол қоғамдық ұйым. Бұл ретте оның мүшелеріне мемлекет тарапынан ешқандай жәрдем қарастырылмаған. Себебі оның құрылымы қоғамдық ұйым болып табылады. Осы орайда одақ төрағасы суретшілерге бұрынғыдай қайтадан мәртебе беру керек деген ой айтады. Егер қылқалам иелеріне қоғамда қайта мәрте берілсе, ертеңгі күні олардың еңбектерін бағалауға, ең талантты суретшілерге түрлі сыйақылар мен жәрдем қаражаттарын тағайындауға мүмкіндіктер ашылар еді.

Ә.Ахметовтің айтуынша шетелден көптеген қонақтар келеді. Олар шаһардың мәдени көрікті орындарын көп аралайды. Сонда суретшілердің музейін іздейді екен. Шымкент республикалық маңызы бар мегаполис. Астана да Алматы да сондай республикалық мәндері ірі қалалар. Сондықтан Шымшаһарға өз алдына дербес мұражай керек. Жарайды тек суретшілерге арналмай-ақ қойсын, жалпы өлкетану мұражайы-ақ болсын, соның бір бұрышында қаланың суретшілерінің салған туындылары тұрса да жаман болмас дейді одақ төрағасы. Шымкент мегаполис атанғалы бес жылдан асты. Бірақ осы күнге дейін небір тамаша Оқушылар сарайы, Конгрес холл секілді ғимараттар салынды. Енді өлкетану мұражайы бой көтерсе тіпті қатып кетер еді. Келешек Фосфоршылар сарайының орнын керемет зәулім музейге айналдыруға әбден болады. Атқарушы билік, содан соң осы нысанды қарамағына алған, құрылысына жауапты компания бұл ұсынысты жақсылап назарында ұстаса екен деген ойын жеткізді суретшілер ұйымының басшысы. Және сол музейде шеберлердің үлкен шеберханасы болса деп армандайды. Үлкен ғимараттың бір бұрышында кілем тоқушылар, басқа жағында мүсіншілер, тағы бір аумағында суретшілер өз еңбектерін жасап жатса, қандай керемет болар еді. Ол болашақта туристерді тартуға да оң ықпалын тигізері хақ. Мегаполистің өнерін, қазақ халқының ұлттық мұрасын тамашалауға келген жұрт бірден шаһардың өлкетану мұражайына тарта берер еді. Жергілікті әкімдік те қолөнерші, суретші, мүсіншілерді жан-жақтан іздемей, бір орталықтың аясынан қиналмай табады. Бұл бар ғұмыры өнермен өрілген Ә.Ахметовтің жанашырлықтан туған кезекті идеясы. Сондай-ақ оның айтуынша қазір қала аумағы үлкейіп келеді. Көптеген мәдени нысандар жаңадан бой көтерген шағынаудандардан салынып жатыр. Бұл жақсы-ақ үрдіс. Алайда музей секілді нағыз мәдениет ошақтарының орталыққа жақын болғаны дұрыс. Себебі шалғайдағы нысанға адамдар көп бара бермейді. Бірен-саран турист келсе, баруы мүмкін. Бірақ қарапайым халық ұзақ жол жүргісі келмейтіні аян. Сондықтан музейдің қаланың орталығына жақын аймақта орналасқаны абзал. Ал мұражай галерея залы мен шеберханадан құралған зәулім ғимарат болса жұртты өзіне тартатын күшті музейге айналар еді дегенді айтты өнер майталманы. Суретшінің пікірінше тіпті болашақ музейдің жанынан Франциядағыдай Лувр дәмханасын жасау керек. Сол жерде өңірдің суретшілері, ақындары, әншілері бар бүкіл өнер иелері жиналып, пікір алмасып, сұхбат құрып нағыз мәдениеттің мәйегін, өнердің қарашаңырағын қалыптастырып, қазақ елінің оңтүстігінде өзінің қайталабас Луврын дүниеге әкеледі. 

«Қылқалам өнері шеберлерінің суреттері мемлекет тарапынан сатып алынбайтын болған. Сондықтан олар туындыларын базарда, қара нарықта сатып, саудалайды. Осы ретте жергілікті қылқалам шебелерінің туындыларын сақтау маңызды. Себебі кім білсін арада жүздеген жылдар өткен соң ол картиналар баға жетпес өнер туындысына айналуы да ғажап емес. Бір кездері әлемге аты әйгілі суретші Ван Гогтың да салған еңбектері көзі тірісінде бағаланбай, кейін құны жетпес дүниеге айналған жоқ па. Сол үшін өнер иелерін көзі тірісінде бағалау білу қажет» деді Ә.Ахметов.

Суретшілер одағының төрағасы қала әкіміне бірнеше ұсыныспен шығып хат жолдапты. Хатында Шымкенттің сәулеттік келбетін қазақ халқының ұлттық мәдениетіне сай шығыстық үлгіде дамытайық деген ұсыныстар айтылыпты. Себебі сырттан келген турист Шымқалаға аяқ басқанда қандай шаһарға тап болғанын бірден сезіну керек екен. Өнер иесі Өзбекстанды үлгі етіп, кескін-келбеті нағыз шығыстық мәдениетке сай үйлесім тауып өркендеп жатқан Ташкент қаласын мысалмен келтіріп өтті. Өнер майталманы сурет салу мен бейнелеу өнерінің табиғи таза сұлулығын сақтап қалу өте маңызды дейді. Себебі қарапайым көріністі, өмірдің таза өрнектерін салудан қашқан еуропалықтар бүгінде портрет, пейзаж деген бейнелерді салудан қалған. Тіпті бұл жағынан таланттары кеміп жатқан ұқсайды. Оның орнына қазір Батыстың сурет өнері әлемінде ешкім түсінбейтін абстрактілі бейнелер басып кеткен. Осы орайда қазақтың қылқалам өнерін сондай абстракционизмнен сақтап, жас суретшілерге өмірдің таза көріністерін бейнелеуді үйрете беру керек деген оймен сөзін қорытындылады. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Тоқыма тоқудың пайдасы мол
  • «Молда Мұсаның әдеби мұрасы»
  • Көрерменге ой салған «Ақ кеме» премьерасы
  • Көксерек әңгімесін талқылады
  • «Бір қала - бір кітап»
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер