«Бір қала - бір кітап»

Қаладағы кітапханалардың бірінде «Бір қала - бір кітап» қалалық акция аясында таңдалған проза жанры бойынша көрнекті жазушылар Мархаббат Байғұт, Шойбек Орынбай, поэзия жанры бойынша ақындар Қаныбек Сарыбаев, Әбілдә Аймақтың шығармалары талқыланды. 

Screenshot_31.jpg

Бұл басқосуға Сабыр Рақымов атындағы әскери колледж ұландары мен көркем әдебиет кітапханасының меңгерушісі мен кітапханашысы қатысты.

Қазақ әдебиетінің төрінен орын алған Мархабат Байғұттың есімі көпшілік ортаға жақсы таныс. Қоғам шындығын айғақтайтын әңгімелері мен байыпты көзқарасы – қаламгердің ең бір ерекше тұсы. Мархабат Байғұт шығармашылығы өзгелерге ұқсамайды, кейіпкерлерінің бейнесі де өз кезеңінің тағдырын еш бүкпесіз баяндайды. Жазушының шығармалары қазақ әдебие-тіне қандай өзгерістер әкелді? Әрбір шығармасының тарихы қайда жатыр? Жазушының әдеби әлеміне терең бойлап, ғибратқа толы ғұмырын зерделеп көрелікші...

Қаламгердің алғашқы әңгімелері жетпісінші жылдардың басында дүниеге келген. «Шілде» деген атауға ие болған бұл әңгімелер жинағы Мархабат ағамызды жазушы ретінде дүйім жұртқа таныта түсті. Бұл жайында белгілі жазушы Тәкен Әлімқұлов: «Мархабат тұңғыш әңгімелер жинағымен-ақ танылып үлгерген жазушы. «Оңтүстік Қазақстанда» істей жүріп, неғұрлым нақтылыққа, қысқалыққа машықтанған. Көркем туындылары өз табиғатынан бастау алады. Тәржімашылдығы да тәнті етеді», – деп Мархабат ағамыздың жазушылық әлеміне бағасын берген. Шығармашылығы хақында ары қарай ой қозғар болсақ, қаламгер туындыларының замана келбетін танытатын, шынайы өмірді әрқалай жанрмен сипаттайтын артықшылығы бар. Бертін келе жарық көре бастаған «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәурізек», «Қорғансыз жүрек» сынды шығармалары әдебиетімізде ойып тұрып орын ала білді. «Интернаттың баласы» повесін мысал етіп алып көрейік. Жасөспірім балалардың өмірде қалыптасып дамуы, жолдағы қиындықтарға төтеп бере білуі шығарманың басты өзектілігі деп баға беруге болады. Бүгінгі қоғаммен салыстырып қарасақ, баланың өзін-өзі тануында, дамуында үлкен кедергілерге жол бергенімізді байқаймыз. Кейінірек баланың құрдымға кетуі, өміріндегі сәтсіздіктері мен қақтығыстарға бой ұрындыруы осының салдары екені анық. Қоғамның да ақсап тұрған шағы осы емес пе?!

Жазушы шығармашылығының тағы бір ерекше тұсы – туған өлкеге деген сүйіспеншілігі, бауырмалдығы. Осы жайында сыр шерткен мақалаларын оқып отырып, ерекше әсерге бөленесің. Еліне деген перзенттік махаббаты мен кеңпейілдігі айқын сезілетін шығармалары жазушының қаламгерлігін танытқан ерекше бір қасиеттер десек, әсте қателеспеспіз. «Тәуелсіздікке тәубе дейік. Алтын құрсақ Оңтүстіктің, шырайлы Шымкенттің барына шүкір делік. Халқымыздың және бір жауһар жыршысы Асанұлы Сабырханның сөзін сәл ғана өзгертсек, көктем де Оңтүстіктен басталады». Иә, еліміздің оңтүстік өңірі дәстүр-салты бұзылмаған, тілі де, діні де берік екеніне ешкім дау айта қоймас.

Мархабат Байғұт шығармашылығының тағы бір ерекшелігі – әскер қатарында жүріп әдебиетке араласа бастауы. Бір-бірімен әдемі үйлесім тапқан әңгімелері мен хикаяттары, публицистикалық жанрда жазылған еңбектері – қазақ әдебиетінің үлкен жетістігі. Алғашқы туындыларының бірі «Күн астындағы күнекей қызды» небәрі жиырма бір жасында жазған екен.

Ал жазушы Шойбек Орынбай 1953 жылы 7 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, «Социализм» ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Сарыағаш аудандық «Қызыл ту» газетінде жауапты хатшы, редактордың орынбасары, Көкшетау, Оңтүстік Қазақстан облыстық газеттерінде, облыстық әкімшілікте жауапты қызметтер атқарған. Біраз уақыт республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі, тәуелсіз «Ар» газетінің Бас редакторы болған. Қазір «Ғасыр Ш» баспасының директоры.

1986 жылы «Жалын» журналы мен Қазақ КСР Ішкі істер министрлігінің бірігіп жариялаған жабық бәйгесінде «Қателік» деген шытырман хикаяты үшінші орынды, 1995 жылы «Жалын» баспасы жариялаған дәстүрлі бәйгесінде «Әміршінің әлегі» атты повесі бас жүлдені иеленген. Алғашқы туындылары «Арман қанатында», «Сарыағаш саздары» ұжымдық жинақтарына енген. Содан бергі уақытта «Өмір деген осындай», «Тозаңды терезе», «Саңырауқұлақ», «Әміршінің әлегі» повестері мен әңгімелері, «Қайғы заман немесе Төле би тағдыры» роман-дилогиясы, т.б. жеке кітап болып шыққан. 2003 жылы шындық деректерге негізделген «Түрмеге түспейтіндер» атты детективті романы жарық көрді. 1999 жылы облыс әкімінің «Алтын қауырсын» жүлдесін, 2001 жылы «Жылдың үздік жазушысы» атағын иеленді.

Қаныбек Қасымханұлы Сарыбаев өлеңдерінің көбісі азаматтық лирикаға жатады. Себебі, әрбір өлеңінен, ақын жүрегінің туған халқына, Отанына деген сүйіспеншілік сезіліп тұрады. Атақты ақынымыз Әбділда Тәжібаевтың «Азаматтық лирика – әрбір ақынның  барлық саладағы шығармаларының бірден-бір барометрі. Азаматтық лирика  – әрбір ақынның адамдық және әлеуметтік бейнесі, оның барлық поэзиясының қан тамыры, тіршілік беретін жүрегі» деген тамаша тұжырымы да азаматтық лириканың ақындардың шығармашылығында қаншалықты маңызды роль атқаратынын айқындай түскен.

Азаматтық! Адамдық! Адамгершілік! Мағыналас бұл үш сөз  – адамның адамдығын, азаматтың азаматтығын, ердің ерлігін, жігіттің жігіттігін танытатын үш өлшем. Осы үш сөздегі үш қасиет ақын бойынан табылуы тиіс. Поэзия мінбесіне көтеріліп, сөз алған ақын  – азаматтық поэзияны шеп құрып, қорғап, адамдық үшін алысып, адамгершілік үшін айқасып, олар аяққа басылған жерде шырылдап жатқан шындыққа ара түсуі қажет. Табиғат сыйлаған сол тамаша қасиеттердің қоғамда, адамдар арасында ұя басып орнығуы үшін қаламын қару етіп,  жалынды жырларымен күресіп жүрген ақын Қаныбек Сарыбаев. Отан деп отқа түсіп, әділдік үшін тартысқа түскен Қаныбек жырларына назар салып көрсек.

Уақыттың мініп жел маясына,

Жылжыған жұрт алмады саясына.

Олар қайтіп аңғарсын алыптарды,

Симаған соң көзінің аясына.

 

Жаман екен жаныңның құрттайлығы,

Құрттайлардан құралған ұлт қайғылы.

Жаны үлкенді жабыла кеміріп жеп,

Тынбайды екен ақыры құртпай мұны.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Тоқыма тоқудың пайдасы мол
  • «Молда Мұсаның әдеби мұрасы»
  • Көрерменге ой салған «Ақ кеме» премьерасы
  • Көксерек әңгімесін талқылады
  • «Бір қала - бір кітап»
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер