Мегаполистегі Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасына қарасты "Ақерке" балалар залының ұйымдастыруымен М.Әуезовтың "Көксерек" әңгімесі жайлы пікір алмасу қаламыздағы N 72 жалпы орта мектебінің 9,10 сынып оқушыларының қатысуымен өткізілді.
Шара барысында ең үздік пікір айтқан оқушыларға қаламыздағы кинотеатрларға билет берілді. "Көксерек фильімін тамашалауға билет берілді,
«М.Әуезовтің «Көксерек» әңгімесі аңыз сияқты басталады да реалистік баяндау түрінде аяқталады... М.Әуезов өзінің «Көксерек» әңгімесінде түрк аңыздарының ежелгі тақырыбын қозғаған. Автордың «Көксерек» әңгімесі «Абай жолы» романымен бірге венгр тіліне аударылды» (Йожеф Торма, Венгрия)
«Көксерек» повесі 1929 жылы жазылған. Ал фильмы 1974 жылы жарыққа шыққан. «Көксерек» әңгімесі мажар, поляк, монғол, неміс, эстон, голланд тілдеріне аударылған.
М. Әуезовтің «Көксерек» повесі – өзінің проблемалық өзектілігі жағынан, тақырыптық ерекшелігі жағынан бітімі бөлек шығарма. Әңгіме сол дәуірде үлкен бағыт алған адам-табиғат тақырыбына құрыла білген. Бұл, расымен де ұзын сонар тақырып екені белгілі. Және де дәл сол шығармаларды оқу арқылы да жазушы шабыт алғанын көреміз. Дж. Лондонның «Ақ азу» романындағы көптеген детальдың «Көксеректе» де кездесуі кездейсоқтық емес. Қасқырдың «өзінше ойлауы, өзіндік менінің» болуы да дәл сол «Ақ азудан» алынған бөліктер еді. Шығарманың көркемдік деңгейі аса жоғары болмаса да, типтік образ жасау, қазақтың қарапайым қойшы баласын – Құрмашты жасауы үлкен құбылыс десек болады. Ал табиғаттың рөліне көшкен Көксерек ше? Көксерек десе кез келген қазақтың тітіренетінін, қозатынын жақсы білеміз. Мұндай ірі образ жасаудың өзі – шеберлік. Шығарма тақырыбы мен тематикалық проблематикасы және оның қазақы таным-ұғымға ыңғайлана құрылуы үлкен жетістік деп білеміз.
Шығармада тек табиғат-адам қатынасын ғана емес, сонымен бірге әке мен баланың арасындағы текетірестің де, қас пен дұшпан арасындағы араздық та көрсетілген. Бұл – үлкен адамзаттық мәселелер екенін белгілі. Қасқырлардың өз ішінде бір-бірін жеп жатқанда, қасқырдың адамға шаппауы мүмкін емес. Құрмаш өзінің хас жауы қасқырды аяғаны үшін де құрбан болып кетті. Дұшпанға аяушылық білдіру керектігі де байқалады бұл жерде. Әкенің, яғни Құрмаштың ағасы – Қасеннің де, әжесінің де ескертпелері еш әсер етпейді. Үлкендер қауымы мұның жаман іс екенін жақсы білді, себебі шынайы өмірдің қандай екенін түсінген жандар. Ал Құрмаштың барлық адамға, көпшікке, қарсы келуінің өзі ажалға қарсы келу болатын. Соңында ажал құшады, мұны шығарманы басыннан бастап аңғаруға болады.
Шығармада, сонымен қатар, Шығыстағы Шыңғыстаудың табиғаты жақсы суреттелген. Әсіресе, қасқыр мінезді бұл табиғаттың тылсым сипаты шығарманың көркемдік көрінісін одан әрі аша, айшықтай түсті. Шығармада шындық та жазушы Мұхтардың өз өмірінен алған, ал жазушының өмірдегі шындығы да дәл осы Шыңғыстауда болған оқиға болатын.
«Сөз өнері мұралары сюжеттері негізінде жасалған мультфильмдер мен көркемфильмдер біздің орта мектептегі пәндер бойынша эстетикалық дүниетанымымыздың тереңдеуіне ықпал ететін маңыздылығымен ерекшеленеді. Сондықтан қазақ жазушылары шығармаларының негізіндегі балалар фильмдерін арнайы зерттеу нысанына алып қарастыру өзекті болып саналады. Әлем әдебиетінің классигі, суреткер жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің «Көксерек» атты повесі – ұлттық сөз өнерінің әлемдік деңгейдегі үздік туындысы. Мұхтар Әуезов пен басқа да зерттеушілер қазақ фольклорындағы ертегілердің мифологиялық, тотемдік сипатына құрылған халық әңгімелерінің («Ақ қасқыр», «Күйеу қасқыр», «Сырттандар», т.б.) адамзат тұрмысымен байланысты жақтарын бағалаған. Ал, суреткер жазушының «Көксерек» атты повесі әлем әдебиетіндегі осы тақырыптағы классикалық көркем туындылардың (Э.Сетон-Томпсонның киелі көкжал, айлакер арлан туралы шығармалары, Л.Толстойдың «Холстомері», «Булькасы», А.Чеховтың «Аққасқасы», «Каштанкасы», Джек Лондонның «Ақ азуы», Г.Треопольскийдің «Қара құлақ ақ Бим» т.б.) дәстүрімен жазылған. Әлем әдебиеті жазушыларының қасқыр, ит туралы шығармалары балаларды да, ересектерді де табиғаттағы аңдар, үйдегі иттер тағдырлары арқылы өмір, тіршілік сырларын ұғындыру мақсатын көздейтінін аңғарамыз» дейді іс-шараны ұйымдастырушылар.
Суреткер Мұхтар Әуезовтің осы повесі негізінде қырғыз режиссері Толомуш Өкеевтің, Андрей Кончаловскийдің, Эдуард Тропининнің режиссерлігімен түсірілген «Көксерек» кинофильмі - «Қазақфильм» киностудиясының үздік туындыларының бірі. Кинофильмдегі кейіпкерлерді сомдаған актерлердің (Қамбар Валиев, Сүйменқұл Чокморов, Әлиман Жангоразова, Қарғамбай Сатаев, Нұржұман Ықтымбаев, т.б.) экрандық туындының шеберлікпен жасалуына лайықты үлес қосты. Кинофильм құрылымының әуездік сарындармен өрнектелуінде композитор Дүнгенбай Ботбаевтың, әр алуан бейнелеу өнері көріністерімен безендірілуінде суретші Виктор Ледневтің шығармашылық үлестері де айқын байқалады. 1974 жылдың 8 сәуірінде Мәскеуде премьерасы қойылған бұл фильмнің жанры – тұспалды-тәмсілді (притча) сюжетті экрандау үлгісі. Фильмдік нұсқада суреткер Мұхтар Әуезовтің повестегі көркемдік тұспалды мағыналық желісі негізге алына отырып, сценарий авторлары мен режиссер экрандық туындының өзіндік көркемдік шешімін жүзеге асырған.
Фильмнің басты кейіпкері Құрмаш сол повестегі мейірімді бала қалпымен бейнеленген. Ал Құрмаштың ағасы Аханқұл (актер Сүйменқұл Чокморов) Көксерекке бөлтірік кезінде де, үлкейген уақытында да, кинофильмнің соңында да жыртқыш қасқырға аяусыз көзқарастағы адамдардың көркем жинақталған типтік бейнесі тұрғысында дараланған. Повестің көркемдік астары арқылы табиғаттағы барлық жанды тіршілік иелерінің бәріне тән өзіндік құқықтық дербестігінің, Тәуелсіздігінің болу заңдылығы танылады. Ал повестің де, кинофильмнің де басталуындағы қасқыр апанындағы көп бөлтіріктердің өлтірілуі, олардың біреуінің-Көксеректің үйге әкелінуі - табиғаттағы тіршілік иелеріне адам қолымен жасалып келе жатқан өктемдіктің, зорлық-зомбылықтың нақты көрсеткіші. Повестегі және кинофильмдегі тұспалды ойдың мағыналық түйіні осы.