Шымкент қалалық Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында халық ақыны Молда Мұса Байзақұлының туғанына 175 жыл толуына орай «Молда Мұсаның әдеби мұрасы» тақырыбында әдеби кеш өтті.
Іс-шарада халық ақыны, айтыскер ақын Молда Мұса Байзақұлының өмір жолы жайлы ғибратты әңгімелер айтылып, ақын шығармаларынан композиция оқылды. Тағылымы мол іс-шараға әдебиеттанушы ғалымдар, оқытушылар, студенттер, оқушылар және кітапханашылар қауымы қатысты. Мұса молда кеше ғана совет тұсында (1932 жылы) өлгенмен, өзі ертеден, көп заманнан бері жазып келе жатқан ақын. Оның ақындық еңбегінің өнімді болған дәуірі: өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап 1910-жылдарға шейін созылды.
Мұса молданың туып-өскен жері осы күнгі Оңтүстік Қазақстан облысы. Бұның қалам ұстап, ақындық дүниесіне кірген дәуірі қазақ даласында бектік-феодалдық қалып тозғанда, сауда-базар күшейіп, әлеумет билігі саудалы, капиталды байдың қолына көше бастаған кез еді.
Мұса молданың ата-бабасы датқа болғанымен, бұның өзі кедей болатын. Бұның ата мұрасы адыра қалып, ел билігі беделділік, байлықпен, ақшамен өлшенетін болып еді. Соған мойындай өскен Мұса ең алғашқы бір өлеңінде:
Бай артық болыстан да, биліктен де,
Әр істі ақша бұзар киліккенде,
Жалы бар, жабы-жобыр озып кетті,
Қазанат, жалы кеткен жүйріктен де, —
дейді. Шаруа — тіршілік тізгінін қолына алып, ақшалы-саудалы байды көкке көтереді.
Сұңқардың баласы едім мен де бұрын, Алыстан, көрсем аңға, кеткен ұрын. Өлеңші, ақырында жыршы болдық, Сыпайы жасырмайды, деген сырын, — деп, өлеңі кезінде күн көрудің де азығы болғанын айтады. Өзіне өмірінде бір ат, бір сиырдан артық мал бітпеген. Үнемі жарлылық, кемтарлықта жасаған адам. Сондықтан, бір жағынан кедейлердің өмірін көріп, олардың ауыр қалын сезіп отырады.
Мұса молда өз уақытына қарағанда оқымысты адам деп саналған. Ол араб, парсы, шағатай әдебиеттерін, тарихтарын жақсы білген. Қазақ, қырғыз, яки басқа Орта Азия халқының ескілігіне де қанықты, жетік болған. Сондай білімі, өлең сөзі арқылы ол қай ортада болсын араласып, сыя беретін болған. Өлең жазып, жүрген жерінде өлең айтып жүретін болған. Осынан соң ол күндегі дін иелері — ишан, қожа, молда дегендер ұнатпайды. "Дін жолын дұрыс ұстамайды" — деп олар мұны жамандап, мүйіздеп жүреді.
Сондай ретте, 1910 жылы Шайна ишандарымен қағысып, оларға өлең хат жазады. Ишандар бұның өлең жолдарын, ақындығын да мін деп санайды екен. Соларға өлең сөздің асылдығын айтып, аналардың надандығын бетіне басып хат жазады. Өзі көптің арасынан шығып, сол көпке сүйеніп тіршілік етіп жүрген соң, әсіресе, көп алдында мақтағанды сүйетін ел ішіндегі әрі надан, әрі ауқатты адамдарға арнап өлең айтқыш болған соң Мұса, өлеңінің тілін жұртқа ұғымды қып айтады. Сөзі елдің салт өлеңдерінің ізімен көпке ұғымды, қарапайым тілімен жазылған сөз болады. Өлең түріне де кеп жат, және түрлі үлгі іздемейді, жұртқа таныс я жыр-терме, я төрт жолды ұйқаспен, көпке мәлім түрмен жазады.
Тақырып жағын алғанда бұнда кездесетін өлеңдер: 1. Ең алдымен, сұрау сөздері; 2. Айтыс; 3. Мақтау-жамандау; 4. Батыр жырынан — "Ер Шора дастаны".
Жалғыз-ақ осы Мұса қартайған күйінде де біздің заманға жетіп, еңбекші бағытын бағыт, мұрат етіп алды да, бұрынғысынан көп өзгереді. "Өзім көрі болсам да, сөзім жас" - деп жаңа заманға жаңа созбен жырлар айтпақ болады. Сүйтіп отырып көп өлең жазады. "Дархан заман", "Октябрьдің 14 жылдығына", "Шәуілдірге", "Талапты жастар", "Ащысай" деген сияқты нағыз совет бағытындағы өлеңдері айтарлық күш, серпін табады. Бұл өлеңдерде "Шәуілдір", "Ащысай" сияқты табиғат күшін жеңіл, жаңғыртып жатқан жаңа тарих негізін ұғып, қостайды. Бұрынғы көп кедей шаруаның жадырағанын, өскенін көреді. Әйел тендік алып билікке араласты деп, оны қостайды. Жас бас болды деп, оны да мақұлдайды. Бай, шонжардың тұғырдан тайғанын, тарихтан жойылғанын тағы да мақұлдайды. Сонымен өзі бұқара ортасынан шығып, біріншіден, заман желімен ығып бай кілеміне түсіп кеткен ақын, енді бұқара мүддесін тауып, танып, ниетін қосады.
«Шора батыр» жыры қазақтың көп жерлеріне жайылған, түрлі варианттары бар үлкен эпикалық мұра. Соның бір нұсқасы белгілі ақын, ел ішінде Молда Мұса деген атпен танымал болған Мұсабек Байзақұлының (1849-1932) қолынан шыққаны жөніндегі пікір көптен айтылып келген. 1935 жылы Молда Мұса туралы алғаш рет мақала жазған Өтебай Тұрманжанов та, одан кейінгі зерттеушілер де осындай тұжырымға ойысады. Молда Мұсаның өмірбаяны мен шығармашылығы туралы арнаулы материал жинаған Рахымжан Малыбаев та ақынның тек «Шора батыр» ғана емес, «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын» секілді эпикалық аңыздауларды да өңдеп, дамыта жырлағанын айтса , ғалым Болат Қорғанбеков “Шора батыр” жырын алғаш хатқа түсірген Молда Мұса деп есептейді . Себебі, белгілі фольклор зерттеушісі Әбубәкір Диваев ұзақ жылдар бойында Оңтүстік өңірінің халық ауыз әдебиетін жинастырып, жүйелеп, қыруар еңбек сіңірген. Сондай-ақ, Диваевтың әр өңірде, әр өлкеде фольклор деректерін жинап беретін тілшілері болған. Солардың бірі – Мұсабек Байзақұлы . Молда Мұса эпикалық жырларды ғана емес, ауыз әдебиетінің түрлі нұсқаларын, мақал-мәтелдерді, жұмбақтарды, шешендік сөздерді, бұрынғыдан қалған аңыз-әпсаналарды мол жинап Әбубәкір Диваевқа өткізген.
Профессор Рахманқұл Бердібай өзінің «Эпос – ел қазынасы» кітабында «Ер Шора» жырына арнаулы тоқталған. Онда былай делінген:
«Өзінің кұрылысы, көтерген күрделі шындығы және көркемдік кестесі, оқиғалық көлемі жағынан мұны классикалық қаһармандық жыр қатарында алып тексеру әбден лайық. Сонымен қатар бұл жырда стадиялық жагынан алғанда тарихта белгілі болған қайсыбір дәуірдің елесін байқатарлықтай нышандар да жоқ емес. Эпоста аталатын адам, жер аттары түрлі нұсқаларда өзгермей, тұрақты қайталап отырғаны да, бас қаһарман есімінің Ноғай Ордасы заманында жасаған нақтылы қайраткерді еске салуы да жырдың әуел баста тарихи аңыз сипатында белгілі болғанынан хабар береді. Сол оқиғалық түбір бертін келе эпикалық әсірелеу, жинақтау шарттарына сәйкес өзгеріске ұшырап, дамытылған, бастапқы нұсқа жаңаша өрнектелген».