Көрерменге ой салған «Ақ кеме» премьерасы

Биыл Шымкенттің мәдениет саласында елеулі оқиға орын алды. Қарашаңырақ Ж.Шанин атындағы қалалық академилық қазақ драма театрының 95 жылдығына орай Орта Азия елдері тетарының халықаралық фестивалі ұйымдастырылды. 

Screenshot_35.jpg

«Театрымызға 95 жыл толды. Осы жылдар ішінде сан мыңдаған көрермен келді, сан мыңдаған қойылым қойылды. Соның бүгінгі нәтижесін халықаралық фестиваль арқылы қорытындылап жатырмыз. Орта Азия елдерінің, түркі тектес мемелкеттердің театрларының ХІ халықаралық фестивалі Шанин театрының 95 жылдығы аясында ұйымдастырылып отыр. Бұл іс-шара Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігімен, Шымкент қаласының әкімдігімен бірлесіп атқарып жатқан жобасы. Түбі бір түркі жұртының басын қосатын үлкен іс-шара деп ойлаймыз. Түркі халықтарының басын біріктіретін Түрксой ұйымы арқылы көптеген жиын, басқосулар өтіп тұрады. Ал бұл мәдени іс-шара түркі халықтарын рухани жағынан біріктіретін жоба болмақ. Сондықтан бұл фестиваль мәдениет саласында өміршең әрі маңызы ерекше саналады. Бүгінгідей геосаяси ахуал қиындап тұрғанда бауырлас елдердің бір-бірімен рухани, мәдени тұрғыда жақындасқандары дұрыс. Одан бөлек театрлар фестиваль аясында бір-бірінен көп нәрсе үйреніп, тәжірибе алмасады. Әртістер бір-бірінің ойындарын көріп, актерлік шеберліктерін шыңдайды.  Және фестивальді Шымқаланың биылғы жылғы айшықты ең үлкен мерекелерінің бірі деп есептеуге болады. Өйткені алты мемлекеттен театрлар келіп жатыр. Бір аптада 10 спектакль қойылады. Таңғы сағат он бірде және кешкі сағат алтыда. Кешкі спектакль Шанин театрында, он бірдегісі орыс драма театрында өтеді. Сондықтан апта бойы театр мерекесі болады. Соған барлығын шақырамыз. Бұл фестиваль басында Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрынының ұйымдастыруымен әр екі жылда бір рет өтетін. Қазіргі кезде жыл сайын өтіп тұрады. Мұның алдындағы фестиваль жазушы М.Әуезовтің 130 жылдығына арналған. Бұл фестиваль түркі тілдес елдердің жақсы қарым-қатынасының бастамасы. Фестивальде біздің театр Жұмат Шаниннің өмірінің соңғы күндерін көрсететін драматург Сая Қасымбектің «Атжалман ғасыр» атты спектаклін қояды.   Биылдыққа 8 премьера жоспарланған. Қазірге дейін 5 спектакль қойылды. Әлі көрсетілетін 3 қойылым бар. Мен осы қызметке жаңадан тағайындалдым. Мен келгенде «Ақ кеме» спектаклінің премьерасы ашылды» деді Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық қазақ академиялық драма театрының директоры Сұлтан Срайыл.

Осы орайда күзде Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында 96 маусымның ашылуына орай Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» пластикалық қойылымының премьерасы өткен болатын. 

Адамзаттың Айтматовы атанған қырғыздың белгілі жазушысының бұл шығармасын оқымаған адам жоқ шығар. Онда қатыгездік пен мейірімділік ұғымдар қатар суреттеліп, қатігездік қоғамды жайласа адамды адамгершілігінен айыратыны, сол үшін мейірімділікке ұмтылып, адамзат жан-жағына өзінің мейірім-шапағатын төгіп жүру керектігі айтылған. 

Асанәлі сыйлығының иегері, Грузияда өткен Думбадзе атындағы халықаралық театрлар фестивалінің «үздік режиссері» номинациясының иегері Гаухар Адайдың қоюшы режиссерлігімен сахналанған бұл спектакль бірнеше көріністерімен адам есінде қалды. Біріншіден премьерада актерлар хореографиялық би өнерінің керемет элементтерін көрсетті. Екіншіден сахнананың безендірілуі қойылымның тақырыбын аша түсті. Сол үшін режиссер Гаухар адаймен бірге қоюшы суретші Гүлдана Алина Шымкент қаласы әкімінің алғыс хатымен марапатталды. 

Қойылым бала мен табиғат арасындағы тылсым байланыстың иірімдерін көрсетумен басталды. Оның Ақ кемеге сәлем беруі,тіл біткен бөренемен ойнауы, Бұғы ананың жер бетіндегі ең мейірімді жаратылыс екеніне, оның құдыреттілігіне сенуі өте көркем де әсерлі шықты. Бірақ екінші эпизодта көрерменді мүлдем басқа көрініс күтіп тұрды. Бірінші эпизодта мейірімділік шуақ шашып, залдағы отырған адамдардың жүзіне күлкі үйірсе, екінші актіде баланың отбасындағы ауыр күйзелісті жағдай сомдалды. Құрсақ көтермеген Бекейдің мүшкіл халі, сәби аңсаған Оразқұлдың жынды мінезі, амалсыз күй кешкен Кемпір мен солардың ортасында шапқылап, арасында Баланың бар тілегін орындауға тырысып жүрген байғұс Момын шалдың қалбалақтаған әрекеті өте бір сондай аяушылық сезімдерін туғызды. Бірақ дегенмен осы қойылымда режиссер кейіпкерлерді жақсы мен жаманға бөлмей, әрқайсысының өз тағдыры барын, өмір болған соң адам басына қандай қиындықтар келмейді, сондықтан тағдыр тәлкегіне түскен әрбір жанды түсіне білу керек дегендей ой айтқысы келгені байқалады. Спекталь пластикалық жанрмен аралас болғандықтан мұнда актерлардың сөзімен бірге әрекет, би қимылдары да көбірек қамтылып жатты. Тіпті кейіпкерлердің басына түскен қайғыны көрерменге білдіру үшін актерлер бимен, белгілі бір іс-қимыл әрекетімен соны ұғындыруға тырысты. Әрине мұның бәрі жиналып келіп театрсүйер қауымның ой-санасына үлкен эмоциялық толқын болып соғылғаны ерекше байқалды. Театрдың бұрынғы классикалық жанрындағыдай баяндау емес, кешегі «Ақ кеме» қазіргі заманда театр өнерінде жаңа үрдіс болып қалыптасып келе жатқан оқиғаны іс-әрекетпен, үнсіз қимылмен түсіндіріп жеткізу тәсілі қолданған секілді. Бір сөзбен айтқанда спекталь Айтматовтың дәл шығармасындай желіде құрылмай, режиссердің шығармашылық фантазиясы мен пәлсапалық ойының негізінде сахналанып, өзінің түпнұсқасынан мүлдем басқаша реңк алды. Сондықтан қойылымды түсініп, түйсігінен өткізу үшін адамға терең пайым мен парасат қажет. 

Премьерадан кейін қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек аткерларды, театр ұжымын келе жатқан 95 жылдық мерейтойларымен құттықтап, өнер атаулының ішіндегі бекзаты саналатын театр өнерінің алға қарай өрлеуіне жағдай жасау үшін қала әкімдігі қосымша 52 штат бөлгенін, Жүргенов атындағы өнер академиясынан 20 жас актерді жұмысқа қабылдағанын, оларды барлық материалдық жағдаймен әкімдік өзі қамтамасыз еткенін жеткізді. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Тоқыма тоқудың пайдасы мол
  • «Молда Мұсаның әдеби мұрасы»
  • Көрерменге ой салған «Ақ кеме» премьерасы
  • Көксерек әңгімесін талқылады
  • «Бір қала - бір кітап»
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер